Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Егеменді елімнің рәміздеріне 30 жыл

Егеменді елімнің рәміздеріне 30 жыл

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас бөлігі. Қазақстанда Ту, Елтаңба және Әнұран – мемлекеттік рәміздер болып саналады. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба тәуелсіздігіміздің жариялануының дәл 130-шы күні, яғни 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Туды таңдау конкурсына, түрлі эскиздер бейнеленген 1200-ден астам шығармашылық еңбектер ұсынылған. Соның ішінен Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбековтың жобасы таңдалып алынды. 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды. Ал 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.
Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасы да 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Оны да таңдау оңайға соқпаған. Дегенмен, бұл байқауда белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың туындысы жеңіп шығып, ресми бекітілді. Елтаңбаның белгісі Қазақстан азаматының туу туралы куәліктен бастап, зейнетақы кітапшасына дейінгі кез келген құжатында болады.
Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенінен үлкендеріміз хабардар болса керек. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік Әнұраны екі рет бекітілді. Оның алғашқысын қабылдау үшін 1992 жылы байқау жарияланды. Конкурсқа жалпы саны 750 туынды ұсынылды.
Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР Әнұранының музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Әнұранының музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар,үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Сөйтіп, 1992 жылы 11 желтоқсанда байқаудан соң еліміздің алғашқы Әнұраны бекітілді. Алайда халық белсенділері 1992 жылы қабылданған Әнұран мәтінінің жаттауға тым қиын екенін айтқан. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде 2000 жылы қызу талқыланды. Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік Әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын.
Жасыратыны жоқ, кейде мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сияқты келеңсіз жайлардың орын алатыны бар. Бір жақсысы, ондай оқиғаларды ұлтжанды азаматтарымыз дер кезінде байқап, оған тиісті мекемелердің назарын аудартады. Әлгілерге заңнамаға сәйкес шара қолданып та жүр. Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері заңмен қорғалған, сондықтан оны ешкімнің қорлауына жол берілмейді. Заңға сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар – 1 мың АЕК-тен 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Жақын күндері «Shiza» лақап атымен танылған әншінің сахнаға мас күйінде шығып, туды қорлаған сәтінде ел азаматтарының наразылық танытуының өзі біздің рәміздерге деген құрметіміздің шынайылығын көрсеткендей.

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді. Ал биыл тәуелсіздігіміздің басты нышанына айналған рәміздердің қабылданғанына тұп-тура 30 жыл уақыт болыпты.
Жыл сайынғы дәстүрмен Шиелі ауданында биыл да рәміздер күніне арналған көптеген шаралар өткізілді.
Атап айтсақ, егін даласындағы шаруалар өздерінің ауыл шаруашылық техникаларына мерекелік логотип белгісін жапсырса, ерікті жас­тар өз көліктеріне рәміздердің 30 жылдығына арналған логотип белгілерін жапсырудан қымсынбай, мерекенің мерейін айшықтай түсті.
Ал рәміздерді ұлықтайтын басты жиын жұма күні «Салтанат сарайы» ғимараты маңында өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек ­Есмаханов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова және оқушылар мен аудан тұрғындары қатысты. Алдымен №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінің «Ұлан басы» Кәмшат Табиғатқызы аудан әкімінің орынбасарына «Жас ұлан» балалар ұйымының қатарына қабылдануға ниетті оқушыларды таныстырып, баянат жасады. Содан соң аудан оқушылары «Жас ұлан» ұйымына қосылуға ант беріп, мойындарына арнайы аспан түстес галстук тақты. Ал шара одан әрі салтанатты шеруге жалғасты.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
04 маусым 2022 ж. 394 0