Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰЛ ЖИЫН БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

БҰЛ ЖИЫН БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

Аудан әкімінің ауыл-ауылды аралап, халықпен жүздесіп, мұң-мұқтажын түгендейтін есеп беру науқаны бірнеше жылдан бері дәстүрге айналып келеді. Биыл да дәстүрден айнымады. Тек жылдың басында емес, науқан жадыраған жаздың қарсаңына тура келді. Оның да өз себебі бар.
Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесіп тұруы қажет. Басшылар тұрғындарды толғандыратын әлеуметтік мәселелерді шешуге ден қоюы тиіс. Айтылған сөз жерде қалмай, нақты мерзімі белгіленеді. Осылай деген Президент Қ.Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойған. Соған сәйкес енді халық талап етсе, әкімдер азаматтармен күнтізбеден тыс бетпе-бет диалогқа дайын болуы керек. Облыс әкімдері жарты жылда бір рет әр аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда кемі бір көшпелі жиын өткізеді. Республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімі қаланың әр ауданында тоқсан сайын тұрғындармен кездеседі. Ал аудан әкімдері әр ауыл мен кентте тоқсан сайын халыққа есеп беріп отырады.
Сұлутөбеге аяқсу келді
Аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың барыс жылындағы ауылдарға алғашқы сапары Сұлутөбеден басталды. Биылғы есептің мерзімі ғана емес, форматы да бөлек. Аудан басшысы әдеттегідей өткен жылы атқарған жұмысын тізбектеп, ұзын-сонар баяндамасын оқымады. Бірден халықпен амандық-саулық сұрасып, сұрақ-жауапқа көшті. Бмыл «Шиелісушар» өндірістік учаске басшысы Д.Әубәкіров мұрындық болып, ауылға су келетін негізгі каналдары қазылған болатын. Осылайша ұзақ жылдан бері тұрғындарды мезі еткен аяқсу мәселесі шешімін тауып, жұрт бір марқайып қалды. Бұл туралы айтқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Өтегенов аудан әкімі мен мекеме басшысына тұрғындар атынан алғысын айтып:
– Ауылда 147 зейнеткер бар. Сұранысқа сәйкес олардың Шалқия және Шиелі кентіндегі сауықтыру орталықтарында тегін ем алуға жағдай жасалған. Ол үшін рақмет. Енді сауықтыру орталығына қарттардың қатынайтын қоғамдық көлікпен тегін қатынау мәселесі оң шешімін тапса дейміз. Сонымен қатар ауылдық емхана қасынан тіс емдеу қызметін көрсететін орталық ашылса екен, – деді.
Ардагердің өтінішіне аудандық аурухана басшысының орынбасары Қ.Шәукебаев:
– Егер жеке стоматологтар қызығушылық танытып, ауылда жұмыс істегісі келсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жолдаймыз. Сөйтіп келісімшарт негізінде стоматология ашуға болады, – деп жауап берді.
1–Мамыр ауылы тұрғындары да соңғы 5 жылдан бері күрмеуі шешілмеген аяқсуға қол жеткізгеніне риза. Бірақ аудан әкіміне одан басқа да базынасы баршылық. Олардың негізгі қажеттілігі – клуб үйі. Одан соң ауыл халқы әлі күнге ауылға М.Шоқай есімін ала алмай жүргендеріне күйінді. Тағы бір мәселе – бұған дейін елді мекен ішінен аллея ашылған, енді аудан әкімінен сол жерге М.Шоқай ескерткішін орнатып беруді сұрады.
Жалпы Сұлутөбе ауылдық округі бойынша 24 көше болса, соның 8-іне асфальт жүргізілген. Ал бүкіл көшенің 80 %-і жарықтандырылған.

Майлытоғайдағы мәселе – малдың жайы
Аудан әкімінің ауылдарға сапары одан әрі Майлытоғайда жалғасты. Мұнда айтылған алғашқы мәселе – көгілдір отын болды.
Оған қатысты Н.Мақұлбеков:
– Қазір «Бейнеу-Бозой-Қызылорда-Шымкент» магистральді газ құбыры бойынан автоматтандырылған газ реттеуіш станция салу үшін сметалық құжаттар қаралып жатыр. Жоба шешімін тапса келер жылы Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай ауылдары көгілдір отынға қосылатын болады, – деп жауап берді.
Сондай-ақ аудан әкімі: «Алдағы жылы мәдениет басқармасының құрылыс кестесіне сәйкес ауылға 150 орындық мәдениет үйі соғылады» деп жақсы жаңалықпен көпшілікті қуантып тастады.
Өңір басшысы аяқсу мәселесі түбегейлі шешілген ауыл тұрғындарына:
– «Жаңа Сұлутөбе» каналынан келіп жатқан суды тиімді пайдаланып қалу керек. Әрбіріңізге есік алдына бау-бақша өнімдерін егіп, жеміс ағаштарын отырғызуды ұсынамын, – деді.
Майлытоғайда күнтәртібіндегі маңызды мәселе – тозығы жеткен трансформатор мен нашар интернет. Аудан басшысы қос мәселе де жуырда шешімін табатынын айтты. Айта кетейік, бұдан былай жаңа трансформаторларды сатып алу меншігі аудан әкімдіктеріне беріледі. Әкімдік қаржының қауқарына қарай қажеттілікті өтеп отырады. Мәселен биыл Майлытоғайға жаңа трансформатор орнатылмақ. Ал ғаламтор жылдамдығы мәселесіне қатысты «Қазақтелеком» мекемесімен келіссөз жүргізілмек.
Майлытоғайда 6 көше болса, соның бесеуі асфальтталған. Ал Қаратамға «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жарық шамдары жүргізіліп, жолы жөнделмек.
Жиында ауыл тұрғыны С.Торғауытов сөз алып:
– Сіз келгелі біраз мәселелер шешімін тапқанына куәміз. Аяқсу шешіліп, жарық пен жол жақсарды. Өзіңіз айтқандай енді клуб үйі соғылса болды. Әлеуметтік қызметтер де өз деңгейінде көрсетіліп жатыр. Бір өтінішіміз – мал ауруы жайында болып тұр. Малымыз ауырса ветеринар келіп қан алып кетеді. Бірақ ешқандай диагноз қойылып, емдемейді. Өзі – зейнеткер, оның үстіне өзге ауылда тұрады, қатынауы қиын. Орнына басқа маман жоқ па? Қазір Тұрсынбай датқа ауылынан Ғалым деген ветеринарды шақыртып, малымызды қаратып жүрміз, – деп талап-тілегін жеткізді.
Аудан басшысы мәселенің жедел шешілуін тиісті сала басшыларына тапсырды.
– Сейсенбі күні аудандық ветеринария бөлімінің басшысы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізеді. Кездесудің нәтижесі бойынша сәрсенбі күні ауыл әкімінен есеп алатын боламын, – деді Н.Мақұлбеков.
Одан соң ауыл тұрғыны Ыбырайхан Мұсабаев:
– Алғашқы сұрағым, елді мекенді көгалдандыру жұмыстарына қаржы қарала ма? Екіншісі, ауыз су жинайтын мұнараның 700-ден аса тұрғыны бар ауылды қамтамасыз етуге шамасы жетпей тұр. Жанынан су қоймасын салуды сұраймыз. Одан соң ауылда мемлекет бекіткен стандартқа сәйкес мал өлекселерін жоятын пунктің болғанын қалаймыз, – деді.
Ауыл тұрғыны айтқан алғашқы мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аман:
– Елімізде «Жасыл белдеу» республикалық бағдарламасы бар. Бірақ бағдарламаға аудандағы көркейту-көгалдандыру аймағы ретінде тек кент қана енген. Ауылдық округтер көгалдандыру жұмыстарын өз қаражаты есебінен жүргізеді немесе демеушілер тартады, – деп жауап берді.
Ал өзге екі мәселе бойынша алдағы уақытта жұмыс жасалады. Келесі болып сөз алған ауыл тұрғыны Ж.Құрмантаев желтоқсан айынан бері 5 сиыры жоғалғанын айтты. Сұлутөбе мен Майлытоғай ауылына ортақ бір ғана учаскелік полиция бар. Ауыл азаматы қазір жұмыс жасап жатқан маманға көңілдері толатынын, бірақ Майлытоғайға жеке учаскелік полиция штатын ашуды қалайтынын жеткізді. Кездесуде тұрғынның ол өтініші орындалмайтыны, себебі учаскелік полиция бекіту үшін ауыл халқының саны 1300-ден асу керектігі айтылды.
Соңғы боп сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Әлтаев:
– Ұзақ жылдан бері аяқсудан қиналып келген ауыл тұрғындары үшін «Жаңа Сұлутөбе» каналының қазылып, ашылуы үлкен резонанс тудырды. Бұл үшін аудан әкіміне, «Шиелісушар» мекемесінің басшысына ауыл халқы атынан алғысымды білдіремін. Осы істің басы-қасында жүрген ауыл әкімі Жандос Әбеновке де рахмет, – деп, ризашылығын білдіріп, тарқасты.
Қос ауылдағы аяқсу мәселесі бұған дейін бірнеше мәрте газет бетінде көтерілген болатын. Бүгінде шешімін тапқан түйінге халық дән риза. Тұрғындар енді еш уайымсыз есік алдына егінін егіп, жемісін жеуге асық.
Халықпен кездесу одан әрі Тартоғай, Қоғалы ауылдарында жалғасты.
Тозығы жеткен трансформатор ауысады.
Тартоғайда да айтылған алғашқы мәселе – көгілдір отын. Жоғарыда айтқанымыздай, аудан басшысы АГРС (автоматтандырылған газ реттеуіш станция) салынғаннан кейін жүзеге асыру жоспарланып жатқанын жеткізді. Кездесу барысында ауыл әкімі тозығы жеткен транформаторлардың орнына жаңасы қажеттігін айтты. Нәтижесінде ауылға биыл бір жаңа транформатор беру қолға алынатын болды. Жиын барысында ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Басаман Пірімбетов сөз алып, аудандық мәслихат депутаты Ербол Жеңсікбаевқа ауылдағы тұрмысы төмен 12 отбасыны күн сайын нанмен қамтамасыз етіп отырғандығы және басқа мәселерде үнемі көмегін аямайтындығы үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ ауыл тұрғыны Асан Әлсүгіров те аудан әкіміне өз ұсынысын жеткізді:
– Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін ауылдың кіреберісіне бейнебақылау орнатылса екен, – деді ол.
Н.Мақұлбеков ұсыныс-тілектердің барлығы ескеріліп, алдағы уақытта шешімін табатынына уәде берді.
Жиыннан соң ауылдың әлеуметтік нысандарын аралап шыққан аудан басшысы ауыл әкіміне «мемлекет меншігіндегі бұрынғы ескі балабақшаның ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, басқа қажетті бір әлеуметтік нысанға айналдыру керек» деген ұсынысын айтты.

Н.ПІРІМБЕТ,
Г.ЯХИЯ,
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ

17 мамыр 2022 ж. 924 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930