Талаптандықтар талап-тілегін жеткізді
Сағат тілі таңғы оннан асқан бойда Талаптан ауылында жоспарланған жиналыс басталып кетті. Жиынға ҚР Президенті әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Эльдар Қонысбайұлы мен сала басшылары, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Естеріңізде болса Президент жыл басында әкімдердің халықпен жиі кездесуін ұйымдастыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Яғни ашықтық, халықпен кері байланыс орнату керектігін айтты. Осы орайда аудан әкімі Нариман Мақұлбеков Талаптан ауылының әкімі Амангелді Шералыұлының есебін арнайы барып тыңдады. Онда биылғы жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған мақсат-міндеттер айтылды.
Кездесу барысында аудан әкімі өңірдегі оң өзгерістер мен атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауылдың жағдайы және халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеру мәселесі үнемі назарында екенін жеткізді. Аудан әкімі өз есебінің «Өскен өңір» газетінде бұған дейін жарияланғанын тілге тиек етіп, былтырғы жылы ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтуді жөн санады.
Одан соң сөз алған ауыл әкімі баяндамасында егістік пен шабындықтарды суаруға тиімді пайдалануда елді мекендегі каналдардың маңыздылығы жоғары екендігін атап өтті. Бұл мақсатта ауыл әкімі және ауыл тұрғындарының демеушілігімен ауыл ішінде аяқсу жеткізілмеген аумақтарға каналдар қазылған.
Одан бөлек аяқсу тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан СМП-50 маркалы насосын алғанын тілге тиек етті. Ауылда судың жайы да оң шешімін тапқан. Талаптанда 2022 жылдың 18 наурызынан бастап ауыз су құбырлары жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Көркейту, санитарлық тазалық жұмыстары бойынша ауыл көшелеріндегі бағаналар, ағаштар, аялдамалар, көпірлер әктеліп, сырланған. Сонымен бірге ауылдың әр жылғы мектеп бітіруші түлектерінің демеушілігімен елді мекенге кіре беріс жолдың бойына 0,60 га жер қораланып, 2640 саялы ағаш егілген. Атап айтсақ, Қ.Сәтбаев көшесіне балалар ойын алаңы және жаттықтыру алаңы салынып, пайдалануға берілсе А.Құнанбаев көшесінде 2,4 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілген. Одан бөлек У.Әлиханов көшесіндегі 14 бағанаға түнгі жарық шамдар, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолынан Балаби ауылына дейінгі жолдың бойына 48 баған жарық шамдары орнатылды.
Елді мекендегі «Балаби-2004» өндірістік кооперативі 20 адамды түрлі жұмыспен қамтып отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жөндеуге М.Жазықбаев, Д.Әлімбаев, С.Сейфуллин, Н.Жандаев, М.Кеншімбаев, Қ.Баекеев көшелері ұсынылды.
2020 жылдың басынан елді мекеннің жұмыссыз 24 азаматы 14 002 176 теңге қайтарымсыз грантқа ие болып, мал, құс, бал шаруашылығы және т.б салалар бағытында өз кәсіптерін жүргізуде. Бұл – ауыл әкімінің халық алдыда берген есебі. Иә, Талаптанда елеулі істер көп. Бірақ ел ішінде проблемалық мәселелер де жоқ емес. Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, ауылдық амбулаторияның жағдайы мәз емес, тіпті апатты жағдайда тұр. Сонымен бірге ауыл тұрғындары аудан әкіміне электр желілерінің сымдарын ауыстыру, ауылішілік көшелерді жөндеу, қаңғыбас иттерге тосқауыл қою, көгілдір отын, емхана мен спорт кешенін салу және ауыл сыртындағы Нәнсай қашыртқысын жөндеу жұмыстарын жандандыру мәселелері бойынша талап-тілегін білдірді.
Ауылдағы тағы бір түйіткіл трансформаторға қатысты болды. Тозығы шыққан трансформатор жаңартуды қажет етіп тұр. Ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдаған сала мамандары кезек-кезек мәселеге қатысты өз жауаптарын берді. Сондай-ақ жиын барысында сөз алған ауыл тұрғыны Ш.Тілеубаев аудан әкіміне ауылда жастардың кешкі уақытын тиімді өткізетін волейбол, футбол ойнайтын жабық спорт кешенін салып беру жөніндегі ұсынысын жеткізді.
Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірін мұқият тыңдап, мәселелерді шешу бойынша ауыл әкімі мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ш.Шағдатұлы