Сырдың суы көбейді, бірақ ...
«Жаңбыр жауса, жерге сый» демекші өткен айдың соңында оңтүстік аймақта бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр суы дариядағы су көлемін айтарлықтай молайтты. Мұны көрген Сыр жұртшылығы бөрікін аспанға атып, табиғаттың сыйынан үлкен үміт күтті.
Мәселен осы жаңбыр суының арқасында Сырдариядағы су деңгейі айтарлықтай көтеріліп, Қызылорда су тоспасынан қазір секундына 536 текше метр су келіп жатыр. Мұндай көлемді су дарияда соңғы рет 2017 жылы болған. Жағдайдың жақсаруына көктемде ауа-райының жауын-шашынды болуы үлкен септігін тигізіп отыр. Сондай-ақ, жоғарыдағы көршілес елдер де судан қыспай Қазақстанға тиесілі лимитін жіберіп жатыр. Осының арқасында Шардара су қоймасы толып, қазір Көксарай су реттегішіне су жиналуда. Мұнан бөлек өзеннің төменгі сағасында орналасқан Сыр елінің бірнеше жылдан бері су жетпеген көлдер жүйесі қайтадан қалпына келіп жатыр дейді мамандар.
Бұл туралы «Арал-Сырдария бассейндік» инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов былай деді:
– Қазіргі таңда оң жаға, сол жаға, көлдері жүйесіне, магистральдық каналдарымен ерте суаратын жоңышқа, бидай егісіне, шабындықтарға су жіберіліп жатыр. Тіпті жаңбыр суының әсерінен Қамбаш пен Ақшатау көлдеріне 5-6 айдың көлемінде 750 млн текше метр су беріліп, тіршілігі жандануда.
Жауын-шашын суының көптігі көлдердің жүйесіне сеп болғанымен, егіншілірге беретін пайдасы аз болып тұр. Себебі бұл табиғи құбылыспен көбейген су екенін ескерсек, енді дариядағы су мөлшері біртіндеп азая түспек. Сондай-ақ, аймақтың басты дақылы күріш алқаптарына жаз айларында су жіберу мәселесі әлі ашық күйінде қалып тұр. Мамандар сәуір айының орта тұсында дария деңгейінің күзге дейінгі болжамы белгілі болады дейді.
Рамазан ӘНӘПИЯ