Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КҮРІШТІ АЙМАҚ КҮРІШСІЗ КҮНЕЛТЕ АЛА МА?

КҮРІШТІ АЙМАҚ КҮРІШСІЗ КҮНЕЛТЕ АЛА МА?

Биыл Шиелі ауданына бар болғаны 7,2 млрд текше метір су берілмек. Яғни судың мөлшері былтырғыға қарағанда 25 процентке аз болады деген сөз. Мұндай жағдайда қайтпек керек?
Осы сауалға жауап іздеген салаға жауапты облыстық басқарма басшылары мен жергілікті шаруашылық басшылары өткен аптаның жұма күні әкімдік ғимаратында бас қосты. Онда биылғы су мөлшерінің төмендігі, болжамды жауын-шашын деңгейінің аз екендігі айтылып, негізгі дақылы күріш болып табылатын шаруашылықтарға суды аз қажет ететін өнімдер егу ұсынылды.
Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев:
– Сырдария өзеніндегі судың жағдайы жыл сайын күрделеніп бара жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Алдағы уақытта су деңгейі азаймаса көбеймейтін секілді. Оның үстіне ғалымдардың айтуынша, болашақта әлемде су тапшылығы орын алады. Сондықтан біз егістік егуді жаңа технологияларды пайдалана отырып, өсіруіміз қажет. Ғалымдармен бірігіп жұмыс істеп, осы жерге бейімделетін дақылдарды егуіміз қажет десе.
Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Жанұзақ Байманов отандық және шет елдік ғалымдардың ойлап тапқан суды аз қажет ететін күріш тұқымдарына басымдылық беруді ұсынды.
Мұнан соң кезек ұсыныс-пікірлерге беріліп, шаруашылық басшылары бірінші кезекте ауданда күріш алқабын мұнан әрі қысқарту көптеген мәселелерге әкеліп соғатынын жеткізді. «Біріншіден, егістік алқабы қысқарған жағдайда жердің тұздылығы артып, жарамсыз күйге түседі. Екіншіден, ауданда жұмыссыздық деңгейі артады. Қазіргі таңда қаншама адам шаруашылықтарда еңбек етіп, отбасын асырап отыр, – деді.
Бұдан бөлек, егістікті әртараптандыру, субсидия төлеу, өзге де мәселелер талқыланып, алдағы жос­парлар пысықталды.

Рамазан ӘНӘПИЯ
13 наурыз 2022 ж. 508 0