Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болмашы кекшіл, болсайшы көпшіл. Жан аямай кәсіп қыл

Болмашы кекшіл, болсайшы көпшіл. Жан аямай кәсіп қыл

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын». Бұл өлең жолдары Абай атамыздың «Сегіз аяқ» өлеңінен алынған. Расында жұмыссыз бос отырған адамдар көбіне біреудің мінін көріп, кемшілігін теруге құмар болады. Ал күн-түн демей кәсіп қылып, нәпақасын адал еңбекпен тауып жүрген адамның өзгенің кемшілігін көруге, осыны өсек қылуға уақыты да болмайды. Қаңтардағы оқиға бізге осыны дәлелдеп берді.
Көбіміз «Кеңес одағы жаман, олар ұстанған жүйе қазақты тек қанап келді» деп жатамыз. Ал шынтуайтына келгенде ол заманның да өзіне тән артықшылықатары, ел-жұрттың пайдасына қызмет еткен жобалары аз болмаған. Мәселен, мектеп жасынан бастап балалар еңбекке араласып, тіпті кейіннен жұмыссыз жүрген азаматтар болса, күштеп апарып жұмысқа орналастырған. Қызметтік үй беріп, әлеуметтік мәселелерге бас ауыртуына жол бермеген. Міне кеңес одағының ұтқан тұсы осыда. Ал қазіргі нарықтық қоғамның бір кем тұсы, тек мықтылардың ғана мүддесі биік тұратын секілді. Олай дейтін себебіміз 30 жыл өтсе де пәтерден пәтерге ауысып, тұрақты жұмыс таба алмай жүрген азаматтар азаймай отыр. Бәлкім әлеуметтік төңкерістің арқасында, мемлекет басшысы айтқан «Жаңа Қазақстанның» дәуірі орнайтын шығар, кім білсін. Осы орайда, «Шиелі аудандық жұмыспен қамту орталығының» өткені жылы жасаған жұмыстарына тоқталып, биылғы жылға жоспарларына зер салуды жөн санадық.
Орталық директоры А.Алдабергеновтың айтуынша 2021 жылы орталықтың қатысуымен үлкен жобалар іске асырылған. Атап айтсақ, жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға 408 азаматқа 236 млн 860 мың теңге көлемінде қайтарымсыз негізде мемлекеттік грант берілген. Мемлекеттік грант алған 408 азаматтың 46 проценті 29 жасқа дейінгі азаматтар болса, 25 проценті көп балалы, 62 проценті тұрмыстық жағдайы төмен отбасы мүшелері болған. Сонымен бірге 193 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, келісім шарт мерімі аяқталғаннан кейін оның 138-і тұрақты жұмысқа алынған. Яғни, әлеуметтік жұмыс орындары дегеніміз – жұмысқа тартылған азаматтың еңбек ақысының 35 процентін 1 жылға дейін үкімет төлеп беретін арнайы жоба. Жоба аяқталғанан кейін жұмыс беруші жолданған азаматтардың кемінде 80 процентін тұрақты жұмысқа алып қалуға міндетті болады. Мұнан бөлек жұмыссыз 543 азамат жастар тәжірибесіне жолданған.
Осы азаматтардың 38,5 проценті келісім шарт мерзімі аяқталған соң тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, ақылы қоғамдық жұмыстарға 1348 азамат жолданған. Бұл жерде де тұрақты жұмысқа алынғандар 33 процентке жуықтап отыр.

Былтыр ауданда 2300-ден астам азамат жұмысқа орналсқан
Жұмыспен қамту орталығы берген мәліметтер бойынша былтырғы жылы орталық арқылы Шиелі ауданында мемлекеттік және жеке сектордағы бос жұмыс орындарына 2312 азамат орналастырылған. Сондай-ақ, тұрғындар пайда болған бос жұмыс орындарын дер кезінде анықтауы үшін «Еңбек.кз» қосымшасының жұмысы жүйеге келтіріліп, оған 500-ге тарта жұмыс іздеуші азаматтардың түйіндемесі орналастырылған.

Іздеген жетер мұратқа
Қазіргі уақытта ауадандағы 3 мектепте есепші мамандары, 2 балабақшаға тәрбиешілер, наубайханаға 6 наубайханашы, электр торабы мекемесінде электрикке, Сұлутөбе ауылдық мәдениет үйінде хореографмамандар қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар «Arzan market», «Светофор» сауда үйлерінде кассир,бақылаушы контроллер, қарауыл қызметкерлері қажет.
Шиелі ауданында 500-ден аса азаматқа миллион теңге қайтарымсыз грант берілмек
Дәлірек айтсақ, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап қайтарымсыз несие көлемі 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін артпақ. Яғни былтыр оның көлемі 612 мың 600 теңгеден, 1 млн 225 мың 200 теңгеге өсіп, 561 азамат кәсіп бастауға мүмкіндік алады. Бұл жерде айта кететін мәселе, аталған гранттар тек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен өткен азаматтар арасында сарапқа салынады. Сондай-ақ, іріктеу барысында негізгі басымдық көп балалы әлеуметтік көмек алушыларға, NEET санатындағы жастарға, қандастарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға беріледі.

«Жастар практикасы» жастарды жұмыспен қамтуға арналған жалғыз жоба ма?
Жастар практикасы– оқу бітіргеніне 3 жылдан аспаған жастарға арналған мемлекеттік жоба. Бұрындары жалпы ұзақтығы 6 ай болатын. Ал биылданбастап оның мерзімі 6 айдан 12 ай мерзімге дейін ұзартылды. Айлық жалақасы 91 мың 890 теңгеге дейін көтереліп, жұмыссыз жастарға деген мүмкіндік артты.
Біріміз білсек, біріміз білмеспіз «Жастар практикасы» жастарды жұмыспен қамтуға арналған жалғыз жоба емес. 2021 жылдан бастап елімізде жұмыссыз жүрген 18-25 жас аралығындағы жастар үшін мамандық талап етілмейтін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы ұйымдастырылуда. Мысалы отбасылық жағдайға байланысты мамандық ала алмаған жастар болатын болса, сол жастарды мамандық аса талап етілмейтін орындарға жолдауға болады. Бұл жоба аясында жастар әріқарай тұрақты жұмысқа алып қалу шартымен 18 ай мерзімге жұмыс орындарына жіберіледі. Жұмыс берушіге жолданған жұмысшы үшін 6 ай бойы еңбек ақысы жұмыспе қамту орталығы есебінен төленеді. Бұл жерде де еңбек ақысы 30 АЕК шеңберінде.
Көпшілігіміз біле бермейтін жобалардың бірі «Ұрпақтар келісім шарты» жобасы. Бұл жобаның мақсаты зейнетке шығуына 6 ай мерзім қалған білікті мамандардың жанына оның орнын басатын маман жіберіп, сол қызметтің қыр-сырын үйрету. Сонда мекеме дайын маманға ие болса, жұмыссыз жас қызметке орналасады. «Бір оқпен екі қоян ату» деген осы шығар.

Бейнеттің зейнетін көріңіз
Зейнеткерлік жас алындағы азаматтарға жаңа жоба пайда болуда. Оған сәйкес зейнеткерлікке шығуына 2 жыл немесе одан аз уақыт қалған азаматтар жұмыс орындарына жолданады. Бұл жерде де олардың 91 мың 890 теңге көлеміндегі еңбек ақысын толықтай «Жұмыспен қамту орталығы» төлейді. Осы арқылы зейнетке шығуына аз қалған, бірақ жұмыссыз жүрген азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдері уақытылы төленіп, зейнетке орташа зейнетақымен шығуға мүмкіндік алады.
Жалпылама айтқанда биыл аталған саланы көпетеген өзгерістер күтіп тұр. «Екі қолға бір күрек табылмай жүр» деген азаматтар болса, кетігін тауып кірпіштей қаланар кез жетті.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ

11 ақпан 2022 ж. 2 581 0