Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Біреу тойып секірер...

Біреу тойып секірер...

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының ойы мен сөзі, өнегесі уақыт сынынан сүрінбей өтті. Қандай да қиындық пен тұтқиылдан алып шығар жолды нұсқаған Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап» деп бүкіл пенде атаулыға күш-жігер беріп, жол көрсеткен. Осы жолда ақын өсиеті туған халқы үшін өркениеттің өріне жүргізетін, маңдай түзер темірқазығы болды. Бірақ біз еріншектік, пайдақұмарлық, көрсеқызарлық, байлаусыздықты жеңе алдық па? Еңбекпен мал табуды емес, еріншектікпен масылдыққа үйірсектеп кеттік пе?

Бұл күндері қоғам дертіне айналған масылдық көзқарас қайдан шықты? Жастайынан баласын еңбекке баулитын қазекем ұрпақ тәрбиесіне қамкөңілдік танытпаса керек-ті. Хәкім айтқан ғақлия, тағылымды тәмсілдер – қиялдан туған қисын емес, өмірден алынған тәжірибе. Ағаш тамырынан өсіп-өнетіні секілді, бағзы ғұрып, тәлім-тәрбиеден алшақтай қойғанымыз жоқ. Әлі де нанның қадірін, жоқ пен бардың салмағын таразылай білеміз. Еңбекпен тапқан мал қайырлы болар. Оны айтасыз, еңбекпен табылған бір түйір тамақтың тәтті әрі сіңімді болатыны тағы бар ғой. Бірде жұмысты опырып істеп келіп, тәбеті ашылған отағасы қазаннан сорпа құйғыштап отырған кемпіріне «Тамақты Жүніс ішпейді, жұмыс ішеді» деп қағытпа сөзбен жай-күйін жұмсартып жеткізген көрінеді. Байқасаңыз, еңбек бұйыртқан дәм! Жә, әңгіме басы жақсы басталғанымен, алған тақырыбымызды тұздықтауға амалсыз бейілдіміз. Абай атамыз біліп, жеріне жеткізіп айтқан ғой «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап» немесе «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық» деген. Қандай ауыр мазмұн десеңізші. Айырылмас азап және қайыршылық. Осындай жиіркенішті иірімде масылдық деген масқара сөз басын қылтита қаларын қайтесіз?!
Масылдық. Тереңіне үңілсек, жатып ішер, арам тамақ! Қаузай түссек – еркетотай, шолжаң, дәнеңеге икемі жоқ, тіршілікке бейімсіз, ақсаусақ. Міне, осындай мінезді пенделер тойып секіргенде тау тасты қоймай бүлдірер.
Тағы да Абайдың аманатына сүйенейікші. Ол еңбек ете алмаған елдің бүгіні бүтін, ертеңі берік емес деп үйретеді. Оның ойынша еңбектен қашып, жұмысты жек көрген адамның өмірі бір-бірін аңдумен, бір-бірін тонаумен өтеді. «Ұрлық қылар, тентіреп тамақ асырар, Болмаған соң жұмыс қып, мал табарлық…» – деген жолдар ниеті мен талабы, еңбегі мен өнері жоқ елде алдау, ұрлау, берекесіздік орын алатынын көрсетіп-ақ тұр. Одан әрі «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын деп ақын алаяқтық пен алауыздық енген елдің масыл тірлігінен «Арын сатып, ант ұрып іздегені, Бір семіз ат, аяғы бір табақ ас» деп жерінген екен. Баршылық көзді байлап, тоқшылық тірліктен бездірмесін десең, еңбек қыл деуі бекер емес. Бақ-дәулет баста мәңгі тұрмайды. Құлағанды қайта тұрғызатын да осы еңбекқорлық дегенге саяды емес пе айтпағы? Олай болса мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата алмай жүрген жалқаулардың жұмысқа деген құлшынысын оятар Абай айтқан аманаттарды тарқатып жеткізуді өзімізге міндет санап, ойлы оқырманға ұсынып отырмыз. Масыл болма, асыл бол!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
23 мамыр 2020 ж. 703 0