Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын

Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын

Көптің көкейінде түрлі сұрақтар туындатып жүрген атаулы әлеуметтік көмек бүгінгі күннің күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Рас, екі адамның басы қосылса осы жәрдемақы туралы сөз етеді. Тіпті мінбердегілерде бірде-бір жиынды атаулы әлеуметтік көмекті айтпай өтпейтін болды. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Шиелі ауданына іс-сапармен келген кезде, дәл осы мәселені тереңірек қаузады, тұрғындарға түсіндірді. Ел «21 мың теңге» деп атап кеткен көмекті алу барысында түрлі заңсыздықтар орын алып, әлдекімдердің табысын жасырғаны белгілі болған. Тіпті тепсе темір үзетін ер-азаматтар мен он саусағынан өнер тамған әйелдер жұмыстан бас тартқан. Себебі айлық табысы төмен шығуы керек. Міне, осы тұрғыда Біржан Бидайбекұлы АӘК-ті алып отырған 420 000 отбасының 83 пайызы еңбекке жарамды екенін айтты. Енді оларды жұмысқа орналастыру үшін өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық тетіктері пайдаланылатын болады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі барлық отбасы мүшелері үшін тоқтатылады.
«Өскен өңір» ақпарат
29 қазан 2019 ж. 2 208 0