Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа жәрдемақы мөлшері жарияланды

Жаңа жәрдемақы мөлшері жарияланды

Көпшіліктің аузында «21 мың» аталып кеткен атаулы әлеуметтік көмек сәуір айынан табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға беріле бас­тады. Содан бері осы тақырып төңірегінде елдің көкейінде түрлі сұрақтар туындап, күн тәртібінен түскен емес.
Бұған дейін аталған жәрдемақының кімдерге берілетіні, ол тағайындалу үшін қандай құжат дайындап, қайда баруға болатыны бірнеше мақалаға арқау болған еді. Себебі, бұл көпшілікті толғандырған өзекті мәселелер қатарында. Жәрдемақыға қолы жетіп, қуанған аналарды «Енді тоқтап қалмас па екен?» деген сауал мазалайтыны да жасырын емес.
Иә, атаулы әлеуметтік көмек уақытынан сәл кешіксе, «тағайындалмай қалды-ау» деп безек қағатын аналардың қарасы көп. Оның үстіне қазір әлеуметтік желілерде «Енді 21 мың берілмейді. Орнына 18 жасқа толмаған 4 балаға – 42500 теңге, 5 балаға – 53125 теңге, 6 балаға – 63750 теңге, 7 балаға – 74375 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалады» деген қауесет тарап кетті. Көпшілік мұның рас-өтірігін кімнен сұрарын білмей әбігерге түсті. Қоғамдық көлікте отырған жолаушылар да, мәдениет үйінде өтетін жиынның көрермендері де, базарда кездескен екі құрбының да алдымен айтатын әңгімесі осы болды.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бірер күн бұрын аталған ақпаратқа қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ресми мәлімдеме жасаған болатын. Жалпы өткен жылға дейін көпбалалы отбасыларға тұрмыс жағдайына қарамастан, ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып келгенін ешкім ұмыта қоймаған болар. Дегенмен оның мөлшері мардымсыз еді. Баланың не ішіп-жеміне, не киіміне, тіпті оқу құралдарын алуға да жетпейтін көлемде төленіп келген.
Осыны ескерген үкімет 2018 жылдан бас­тап көпбалалы отбасыларға арналған атау­­лы әлеуметтік көмек деп аталатын жаңа жәрдемақы жүйесін енгізді. Ал оған биылғы жылы қайтадан өзгерістер еніп, аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған, асыраушысынан айырылған және көпбалалы отбасылардың әр мүшесіне 21 мың теңге көлемінде шартты және шартсыз жәрдемақы беріле бастаған болатын. Осыдан кейін елдің арасында отбасы мүшелерінің табысын жасыру, заңсыз құжат дайындау секілді түрлі олқылықтар арта түсті. Ал атаулы әлеуметтік көмек кейде шын мұқтаждарға жетпей де жатқан кездер болды. Айта кетейік, қазір Қазақстанда 343 мың көпбалалы отбасы бар. Бұл отбасыларда бір жарым миллионға жуық бала тәрбиеленеді.
Жоғарыдағыдай заңсыздықтардың белең алуына тосқауыл қойып, көпбалалы аналарды жаппай қолдау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қайтадан жәрдемақыға өзгеріс енгізу дұрыс деп тапты. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылдан бас­тап бұрынғысынша 18 жасқа толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 4 немесе оданда көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан ай сайын жәрдемақы төленеді.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде бала саны 7-ден асатын 3 мыңнан аса отбасы бар. Жаңа жәрдемақы тағайындалған соң да «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайтын жеке мемлекеттік жәрдемақы төлеу тоқтатылмайды.
Бұдан бөлек, егер көпбалалы отбасы табысына қарай тұрмысы төмен отбасы санатына жатса, онда бұл жанұяға атаулы әлеуметтік көмек пен балаларға кепілді әлеуметтік пакет те тағайындалады.

Гүлхан ЯХИЯ

22 қазан 2019 ж. 1 381 0