Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ыбырайдың кетпенін арқаласақ та, жағдай жақсарар емес

Ыбырайдың кетпенін арқаласақ та, жағдай жақсарар емес

Жыл сайын қыс пен көктемде көкөніс бағасы көкке ұшатыны қалыпты жағдай. Қазір ақпан айының ортасы жақындап қалды. Базарда картоп 250 теңге, қияр мен қызанақ – 1000, тәуір алма 400-500 теңгеден саудаланып жатыр. Көктем шықса баға бұдан да жоғарылайтыны анық.
Былтыр ауданда 1166 гектар ақ картоптан 20 238 тонна, ал 1570 гектар көкөніс пен 2312 гектар бақша дақылдарынан мыңдаған тоннаға жуық өнім жиналды. Келер жылы олардың жалпы көлемін 300 гектардай арттыру жоспарланып отыр. Десе де бұл көрсеткіш азық-түлік пен көкөніс бағасына тұсау болмай тұр. Тек биыл ғана емес, жыл сайын осылай. Себебі бағбан алған өнімін сақтайтын қоймасы болмағандықтан, тез сатуға тырысады. Нәтижесінде жаз айларында су тегін болған азық қыс пен көктемде шетелден импортталып, бірнеше есеге қымбаттай түседі. Мәселен, тамыз айында қызанақтың келісін 50 теңгеден таңдап жүріп аламыз. Ал қазір жоғарыда айтып өткендей, базардағы құны кемі 1000 теңге.

Атыз жағалаған азаматтардың жайы кімге керек?
Қазір елімізде көкөніс пен жеміс-жидектің 70 түрі өсіріледі. Бұл – статистика. Алайда осы 70-тің шамамен 10-12 түрі ғана кең таралған. Жалғыз картоп-қызанақпен алысқа бармасымыз аян. Сондықтан адам ағзасына пайдалы аскөк, сарымсақ, жуа, орамжапырақ, бұрыш және тағы да басқа «шөп-шалам» алқабын ұлғайту қажет. Ең бастысы – әуелі өзімізді жарылқау, қалып жатса, артығын сыртқа шығару – ертеңгі күннің еншісі. Сапалы, өзіндік құны арзан өнім болса, алушы алысқа кетпейді. Ол үшін бау-бақша өнімін өткізумен, жеткізумен шұғылданатын логистикалық орталықтар құру – кезек күттірмейтін мәселе.
Көкөністі өсірдіңіз делік, енді оны қайда, кімге өткізесіз? Гәп – осында. Себебі бағбан алған өнімін сақтайтын қоймасы болмағандықтан, тез сатуға тырысады. Шілде-тамызда сатып құтылады. Сатып құтылса мейлі ғой, көбі алатын адам таппай, қайда өткізерін білмей дел-сал болып жүргенде ала жаздайғы еңбегі еш кетіп, өнімі ит-құсқа жем болады. Не күнге күйіп, жеуге жарамсыз қалып жататын жағдайлар көп. Диқаннан сатып алатындардың өзі – делдалдар. Сондықтан сатып алушы табылса да бағаны «жерге ұрады». Осылайша ала жаздай «аузы кеуіп» күтіп-баптаған өнімін болмашы тиынға өткізгеніне қанағат етуге мәжбүр.
Иә, қазір диқан­­ның емес, алыпсатарлардың дәурені жүріп тұр. Мәселен, өткен жылы науқан кезінде шиелілік егіншілер қарбыздың келісін 17-22 теңгеден әрең өткізді. Ал алыпсатарлар оны солтүстік облыстарға тасымалдап, кемі 100-150 теңгеге сатты. Қызанақтың да жыры дәл солай. Егіншілер өнімі піссе, берісі Қызылорда әрісі Шымкенттен кәсіпкерлер мен тойханаларды жағалап, алатын адам таппай әлекке түседі. Оны қойшы, тасжолдың бойында «клиент» іздеп телміріп тұрғандарды әрі-бері жүйіткіген көліктер қағып, мерт болған жағдайлар қаншама? Жылда мұндай оқиға бірнеше рет орын алады. Ал мәселенің мәніне үңіліп, шешімін табуға құлықтылардың қарасы көрінер емес. Міне, Ыбырайдың кетпенін арқалап, атыз жағалаған азаматтардың бүгінгі жайы осындай.

Қолдау қажет
Жыл соңында тиісті бөлімдер «пәлен тонна қызанақ ектік, түген тонна бақша өнімін өткіздік» деп есеп беріп жатады. Оны қалай екті? Кімге, қаншаға өткізді? Бейнеті мен кеткен шығынын ақтай алды ма? Осыған бас ауыртып, балтыры сыздаған жан бар ма өзі?
Егінші қауым субсидия не басқа да бір көмек сұрап мазаны қашырып жатқан жоқ. Оларға керегі тек нарық қана. Өздері егеді, күтіп-баптайды, тек дайын өнімін бұрынғыдай қоймаға өткізіп, ақшасын санап алса деген ой ғой, біздікі. Ал әкімдік көрші елдермен, солтүстік облыстармен келісімге отырып, тасымал жағын ұйымдастырып берсе құба-құп. Бұдан бөлек бақша өнімдері аудан халқына жететіндей мөлшерде қоймада сақталуы қамтамасыз етілсе, жоғарыда айтқанымыздай қалғанын экспорттау уақыт еншісінде.
Бұл үшін аспаннан идея алып қажет емес. Бұрын жұмыс істеген жүйені қайта жандандырса жетіп жатыр. Тіпті болмаса шетелмен тәжірибе алмасуға болады.
Мәселен қазір түріктің қызанағы Ресей нарығын жаулап алған. Өзбекстан көрші елдерді түгелдей дерлік бақша өнімдерімен қамтып отыр. Біздің өзіміз ала шапанды ағайынның көкөнісі мен жемісіне ауыз ашып қарап отыратынымыз жасырын емес.
Қайбір жылы шиелілік бір топ кәсіпкер өзбек еліне іссапармен барып қайтты. Сонда көршінің нарығына таңданысын жасыра алмай келген еді көбі. Иә, бұл жағынан ала шапанды ағайындардан үлгі алу керек-ақ. Біле-білсек шағын және орта бизнесті қолдау деген осы.
Біз не істейміз? Онсыз да өз қолы өз аузына жетіп, болып, толып отырған ірі шаруа қожалықтарын қолдап жатырмыз деп жоғарыдағыларға есеп береміз. Бірақ бұдан өсіп-өніп, көркейген халықты әлі көрмедік. Оданда қарапайым шаруаларға, отбасылық шағын бизнеске көптеп көңіл бөлінсе, тепсе темір үзетін жігіттер 150 мың теңге айлық үшін Атырау асып кетпес пе еді?
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құру туралы шешім қабылдағанын білеміз. Үлкен өзгеріс кішкентай шешімдер қабылдаудан басталатынын ескерсек, қарапайым кетпен ұстаған шаруалардың жағдайын істей алмай жатып қайдағы «Жаңа Қазақстан?». Шиелі ауданы егін саласы бойынша облыста көш бастап тұр. Облыс дейміз-ау, күрішті былай қойғанда, Шиелінің қауын-қарбызына Қазақстан тұрмақ, Ресей халқының өзі тамсанып қарайды. Кезінде шаруалардың көршіге тонналап жөнелткені осыған дәлел.

Қойма болмай, тірлік оңбайды
Кеңес заманында көкөніс, жеміс-жидек қоймалары көп болды. Ауданның өзінде кенттегі үлкен қоймадан бөлек, Тартоғай мен Бәйгеқұм ауылдарында қауынбаздар жұмыс істеген. Тіпті бұрын Жеміс-жидек атанған қазіргі Алмалы ауылында алма сақтайтын тоңазытқыш болған. ­Ауылда жыл сайын 264 гектар алма бағынан 1200 тоннадай алма, 111 гектар жүзім алқабынан 500-600 тонна жүзім жиналған деген деректер бар. Бұдан өзге өңірде томат шығаратын 3 ауысымды цех те үздіксіз қызмет етіп тұрған сол заманда. Қоймалар жартылай жердің астынан салынғанын да айта кетейік.
Қазір осы тәжірибені қайта қолға алу керек. Соңғы жылдары елде ауыл шаруашылық дақылдарын өсірудің жаңа тізімі жасалды. Нәтижесінде жеміс-жидектер, оның ішінде алма, жүзім егу қолға алынды. Бұл қуантарлық жағдай. Алайда осы жеміс-жидекті сақтайтын қойманың маңыздылығы арта түсті. Сондай-ақ өнімді өңдейтін цех қоса салынуы керек. Сонда ғана нәтижелі жұмыс жүреді. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласының майталманы Әлияр Сейітов:
– Көрші Жаңақорған ауданы Ресеймен келісімге келіп, жыл сайын қауын-қарбызын жөнелтуге уағдаласқан. Ол жақ та көкөніс қоймасы да шешімін тауып келеді. Кеңес үкіметінің кезінде Шиелі диқандары бүкіл ­Мәскеу мен Сібірді қауын-қарбызбен қамтамасыз етті. Қазір де осыны қолға алуымыз керек. К.Маркстың «Капитал» деген еңбегінде «Товар-денги-товар» деген тәмсіл бар. Егер қойма ашылып, қауынбаз қайта құрылса, халықтың әлеуметтік жағдайында да оң өзгерістер болар еді. Жаңа жұмыс орындары ашылады, бастысы өнімді өткізуде мәселе болмайды. Бізде жер бар, ел бар, су бар, егетін диқан бар, тек сататын, өткізетін жер жоқ, – дейді.
Расымен жылдың қай мезгілінде де бағаны бірқалыпты ұстау үшін көкөніс қоймаларының орны ерекше. Ең бастысы – өзімізден шыққан өнімді көктемге дейін жеткізіп, халыққа қолжетімді бағада сату. Жыл сайын диқандар мол табысқа жеткенімен, көкөніс сақтайтын қойма тапшылығынан төккен тер мен еткен еңбек зая кетуі қалыпты. Себебі шаруа біткен қойма болмаса, қолдағы барын ұзақ мерзімге сақтай алмайды. Осыдан кейін сырттан келген өнімді бірнеше есе қымбатқа алуға тура келеді. Осындайда «Қолда бар да алтынның қадірі жоқ» деген тәмсіл еріксіз ойға оралады.
Біздіңше ауыл шаруашылық қоймалары негізі қос бағыт бойынша даму керек. Бүгінде күрішке арналған қоймалар бір жолға қойылған. Ал көк-өніс, жеміс-жидек сақтайтын қоймалар тұралап тұр. Сол үшін ынталы кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие беріп, талапқа сай қойма салдырту керек. Атшаптырым тойхана мен супер маркеттерді ашып болсақ, кәсіпкерлерді қауынбаз бен қойма ашуға шақырайық. Осылайша ауыл шаруашылығын өндіріп, өткізетін нарық қалыптастырамыз.
Бау егіп, бақша салу, шындап кіріссе, кез келген адамның қолынан келетін кәсіп. Африкалық банан мен кивиге көз алартпай-ақ қояйық. Дегенмен картоп пен пиязды – башқұрттан, қарбыз-қауын, қияр-қызанақты өзбектен алғанымыз қалай? Қытайдан әкелінетін көкөніс өнімінің көлемі де аз емес. «Кісідегінің кілті – аспанда» емес пе? Қыс пен көктемде шарықтап өскен баға – соның дәлелі. Кешегі қасіретті қаңтардан соң азық-түлік бағасын бақылауға алған үкіметке халық үні жетсе жарар...

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
08 ақпан 2022 ж. 647 0