Сапалы көпірмен жүрмекке сабыр керек
Газетіміздің соңғы санында Бидайкөл елді-мекеніне кіре берістегі ескі көпір сүріліп, оның орнына жаңа көпір құрылысы басталғанын айтып өткен болатынбыз. Алайда, көп уақыт өтпестен жаңа көпірдің айналасында кішігірім дау туындап отыр. Тұрғындар жеке таксилердің бағаны бірнеше есе көтеріп жібергендігі мен құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқандығын алға тартуда.
Сала мамандарының айтуынша облыстық маңызы бар автомобиль жолында орналасқан бұл көпір 2021 жылы апатты деп танылған. Нәтижесінде жалпы құны 217 млн 376 мың теңге болатын жобаны «СТАНДАРТ ОЙЛ КЗО» ЖШС ұтып алып, техникалық қадағалаушы ретінде «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС бекітіліпті.
Сала мамандарының айтуынша облыстық маңызы бар автомобиль жолында орналасқан бұл көпір 2021 жылы апатты деп танылған. Нәтижесінде жалпы құны 217 млн 376 мың теңге болатын жобаны «СТАНДАРТ ОЙЛ КЗО» ЖШС ұтып алып, техникалық қадағалаушы ретінде «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС бекітіліпті.
Жобалық сметалық құжаттарға сәйкес ені 12 метр, ұзындығы 9 метр болатын көпірдің құрылыс жұмыстарының ұзақтығы 8 ай. Бас мердігердің жоспары бойынша көпір құрылысы 5-6 айдың көлемінде аяқталып қалуы әбден мүмкін. Бүгінгі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары басталып кеткен. Яғни ескі көпір толықтай бұзылып, 5 ақпан күні геодезист мамандары келіп, көпір құрылысына қажетті түсірілімдер жүргізген.
«Ал енді ескі көпір бұзылғандықтан тұрғындардың аудан орталығына қатынауы қалай болмақ?», – дейсіздер ғой. Ауыл әкімінің айтуынша бұл мақсатта бас мердігер тарапынан ұзындығы 2 км айналма жол салынған. Жобалық сметалық құжаттарда айналма жолдың асфальталуы міндеттелмегендіктен айналма жолға тек қиыршық тасы төселген.Айналма жол Бидайкөл елді-мекеніндегі М.Басанова көшесінен басталып, Байсын елді-мекеніндегі аудандық маңызы бар жолға қосылған.
Қоғамдық көліктер мәселесіне келер болсақ, аудандық «Тұрңын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мамандарының айтуынша аталған ауылға қызмет көрсететін жеке кәсіпкермен жол ақысын өсірмеу мақсатында келісім жасалған. Яғни каналға кішігірім жаяу жүргіншілер жолы салынып, бір көлік каналдың арғы бетіне, ал екінші көлік каналдың бергі бетінде жолаушылар тасымалымен айналысуда.
Жасалып жатқан жұмыстарға қарамастан, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқандығына алаңдаулы. Сондай-ақ, жеке такси бағасының да 800 теңгеге дейін өсіп кеткендігі айтылуда. Көпір көп жылға пайдаға асатын игілік болғандықтан ауылдық округ әкімі тұрғындарды сабырға келіп, шыдамдылық тануытуға шақыруда. Себебі асығыс соғылған көпірдің артынан талай жыл сөз еретіні белгілі.
Рамазан ӘНӘПИЯ