Сынға сылтау жараспайды
Өткен аптаның соңында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов бастаған басқарма мамандары Шиелі ауданына арнайы іссапармен келді. Абзал Сансызбайұлы бастаған жұмыс тобы әуелі аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне тоқталды.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мен департамент басшысы А.Сансызбайұлының алғысөзімен ашылған аталмыш жәрмеңкеде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің түрлері кеңінен таныстырылып, аудан тұрғындарына түсіндірілді. Сонымен қатар, 23 мекемеден 47 бос жұмыс орны ұсынылып, нәтижесінде 40 азамат тұрақты жұмыс тапты. «Бұл жоба бастауын алғаш Шиелі ауданынан алып отыр. Мақсатымыз – Елбасының «Жаңғыру 3.0», «Революция 4.0» Жолдауларынан туындайтын тапсырмалардың орындалу барысы мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру», – деді өз сөзінде Абзал Сансызбайұлы. Жәрмеңкеге келіп екі қолға бір күрек тапқан аудан тұрғындарының аудан басшылығына, жұмыс ұсынушыларға деген алғысын айқын бағамдауға болады.
Мемқызметтер туралы заң талаптарының сақталуы бойынша бақылау және бағалау жұмыстарын жүргізетін агенттіктің аумақтық департаменті қызмет сапасын арттыру, қызмет алушыға жағдай жасау сынды талаптарды қадағалайды. Осы ретте, аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында А.Мұхимов бастаған департамент мамандарының қатысуымен қоғамдық кеңес отырысы болып өтті. Елбасы өзінің биылғы «Революция 4.0» Жолдауында мемқызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдауды айқындап берген болатын. Қағазбастылықтан құтылып, электронды қызмет көрсету сапасы мен санын арттыру «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асуы болып табылады. Департамент мамандарының есебінен білгеніміз, облыс бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдармен 2017 жылы жалпы, 393 қызмет түрі бойынша 4173466 қызмет көрсетілген. Оның ішінде қағаз жүзінде көрсетілген қызметтер саны – 687746. Электронды көрсетілетін қызметтердің үлесі 2016 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артып, 40 пайызды құрап отыр. «Қағазбастылықтан құтылып, электронды қызмет көрсетудің санын арттырар болсақ жемқорлықтың жолын кескен болар едік», – деп атап өтті А.Сансызбайұлы қоғамдық кеңес отырысында.
Аудан бойынша мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы құқық бұзушылық және тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілері сынды екі мәселе күн тәртібіне қойылып, департаменттің бас маманы М.Байқуатова алғашқысы бойынша баяндамасын жасады. Бас маман баяндамасында Шиелі ауданымен 2017 жылы көрсетілген мемқызметтердің 13,5 пайызы электронды түрде көрсетілгені айтылды. Ауданда тікелей мемлекеттік органмен қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтердің басым бөлігі білім, ветеринария, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау саласын қамтып отыр. «Бұл өз кезегінде, облыстағы қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтердің үлес салмағын көбейтуіне әкелуде», – дейді Марал Жұмабекқызы. Департаментпен 2017 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының сақталуы бойынша барлығы 38 тексеру жүргізіліп, 27209 заң бұзушылықтар анықталды. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 25259 заң бұзушылыққа артқан. Соның ішінде, 2017 жылы Шиелі аудандық жер қатынастары, білім және ветеринария бөлімдерінде жүргізілген тексеру нәтижесімен 4785 заң бұзушылық анықталғанын білдік баяндамашы сөзінен. Бұл заң бұзушылықтар мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттары мен регламенттің орындалмауынан туындап отыр. М.Жұмабекқызы жоғарыда атап өткен бөлімдердің тиісті мамандарына әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің баптарына сәйкес әкімшілік айыппұлдар салынып, мемлекет қаржысы игерілгенін жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз алған департаменттің бас маманы Н.Жакудаев республика бойынша 2017 жылдың 12 айында 2237 сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс анықталғанын айтып өтті. Оның 89-ы жүйелі. Жемқорлық фактісі бойынша 257 тұлғадан тұратын қылмыстық топ құрықталған. Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрестің жалғаса беретіндігі Елбасының биылғы «Революция 4.0» Жолдауының тоғызыншы бағытында айтылған болатын. Сөзімізді одан әрі департаменттің бас маманы Нұғман Үсенұлының баяндамасында айтылған нақты деректермен жалғасақ. Өткен жылдың 12 айында облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы 121 қылмыс тіркелген. Қылмыстардан келген залал сомасы 658 млн. астам теңгені құрады. Сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар негізінен мемлекеттік сатып алу саласында көп орын алғаны анықталған. Баяндамадан білгеніміз, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстардың көптігі жөнінен Қызылорда қаласы (78), Қазалы (12) мен Сырдария (12) аудандарынан кейінгі орын Шиеліге тиіп отыр. Сыбайлас жемқорлық сипатында орын алған. 10 қылмыстың 6 пара алу, 1 параға делдал болу, 1 алаяқтық болса, 2 бюджет қаржысын жымқыру болып отыр. 2016 жылмен салыстырғанда қылмыстар саны 5 есеге өсіп отырғандығына тоқталды Н.Жакудаев. Ауданда сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар аудандық құрылыс бөлімі, білім бөлімі және кент әкімі аппаратында тіркелген. Бас маман осыларды айта келе, өз ұсыныстарын да ортаға салды. «Сыбайлас жемқорлықты жою мен оның алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шараларының маңызы зор», – дей келе: «Өткен жылы Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктері жанынан мобильдік топтар құрылған болатын. Қоғам арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатымен құрылған мобильдік топтың аудандағы белсенді жұмысы көрінбей келеді. Сондай-ақ, ауданда мобильдік топ үшін арнайы дыбыс күшейткіш бар автобус бөлуді қажет етеді», – деді баяндамасының соңында. Департамент басшысы қоғамдық кеңес отырысының соңын ала «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы ғимаратында тұрғындармен қабылдау өткізіп, мемқызмет көрсету саласы бойынша туындаған сауалдарға жауап берді.
«Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады», – делінген Елбасының «Революция 4.0» Жолдауында. Яғни, электронды қызметтің сапасы мен санын арттыру жемқорлық тәуекелдерін төмендететіні анық. Облыс бойынша бірінші болып Шиелі ауданында бастау алған осы жиынның айтары да осы болды.
Бақытжан МӘДЕНОВ.
Суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ.