ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН СЫЙҚОРАП

Ал, сыйқорапқа «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» естелік монетасы, туу туралы куәлік, жас ата-аналарға арналған ақпараты бар брошюралар, жаңа туған нәрестеге арналған түрлі керек заттар мен гигиена құралдары жинақталған. Президенттің құттықтауында: «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!», – деп жазылған.
Алғаш болып сыйқорапқа ие болған Әлихан Тимұрұлы есімді сәбидің анасы Құндызай Мұратова қуанышын былай жеткізді:
– Дүниеге сәбиіміз келіп бір қуансақ, «Сүйінші» қорабын алып қуанышымыз еселенуде. Оның үстіне сәбиіміз мереке күні дүниеге келді... Қуанышымда шек жоқ. Президенттің өзі құттықтау хатын жолдап жатса, неге қуанбасқа?! Балам Қазақстан Республикасының бақытты балаларының бірі болып өседі деп сенемін! Өмірге алғаш келген күннен құрметке ие болып жатыр... Елімізде аналар да, балалар да бақытты болсын!
Айта кету керек, «Сүйінші» сыйқораптарын цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «Азаматтарға арналған үкіметпен» және Ұлттық банк, Центркредит банкі ұйымдастырса, «Қазпошта» АҚ жеткізіп беру қызметін толық өз мойындарына алған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Қызылорда облысы бойынша филиалының, Шиелі аудандық ХҚКО бөлімінің басшысы Асқар Мұратбекұлының айтуынша, мереке қарсаңында туылған сәбилерге туу туралы куәлік пен сыйқораптарды уақытында жеткізу үшін ХҚКО қызметкерлері мен «Қазпошта» АҚ қызметкерлері үлкен еңбек атқарған. Бұл шараға Шиелі аудандық пошта байланыс торабының бастығы Арман Бимағанбетовте қатысып, ата-аналардың қуанышына ортақтасты. Сондықтан, Асқар Мұратұлы осы игі іске атсалысқан барлық азаматтарға ерекше алғыс білдіретінін жеткізді.
Рамазан ӘНӘПИЯ