Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәңірі жаққан шамшырақ, су құйсаң да өшпейді

Тәңірі жаққан шамшырақ, су құйсаң да өшпейді

Мүмкіндігі шектеулі жандарға бөгетсіз болашақ қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша мән беріп, өзінің халыққа арнаған Жолдауында: «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс» деп құзырлы органдарға нақты тапсырмалар берген болатын. Сондай-ақ, инклюзивті кедергісіз қоғам құрудың, инфрақұрылымдық қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Президент мән берген мәселенің бүгінгі таңда қоғамда оңтайлы шешім тауып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Соның айқын бір көрінісі – дүйсенбі күні аудандық мәдениет үйінде өткен «Жанашырлыққа жан риза» атты іс-шара.
Кеше жанды жадыратып, өзекті жанға өмірдің шынайы бағасын ұқтыратын тамаша кештің куәсі болдық. Өмірлерінде қандай сынақ болса да сынбай қабылдап, шыңдалған жандардың басын қосқан шара әрбіріміздің санамызды серпілтіп, қиялымызды сан қиырға шарықтатты. Біз қозғап, қоздата алмай отырған жиын Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен болатын.
Ерекше кешті аудан әкімі Н.Мақұлбеков ашып берді. Ол «Шиелі ауданы бойынша бүгінгі таңда 2384 мүмкіндігі шектеулі азаматымыз бар. Оның ішінде I топтағы мүгедектер – 260, ІІ топтағы – 712, III топтағы – 961. Ал, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 451. Биылғы жылы 1000 азаматқа 206 млн теңге қаражат қаралып, қажетті құрал-жабдықтармен, жеке көмекшілермен, ымдау тілі қызметі мамандарымен қамтамасыз етілді. Арнаулы әлеуметтік қызмет бойынша үйде қызмет көрсетілетін 121 жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және үйде қызмет көрсетілетін 109 мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Талсуат» оңалту орталығына 57 мүмкіндігі шектеулі жандар жіберілсе, Шиелі кентінде орналасқан «Думан-Шиелі» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының күндізгі бөлімінде 26 балаға, 248 зейнеткерлерге жолдама беріліп қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл көлемінде 25-і азамат онлайн курстарын оқып, сертификаттарын алды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 10 азаматқа 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз негізде мемлекеттік грант берілді. Сонымен бірге, келер жылы аудан әкімдігі тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мақсатында – арнайы бас қосатын ғимарат ретінде кент орталығындағы сәулеті келіскен ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп беретін боламыз» деп, мерекелік кештің маңызын айшықтай түсті.
Салтанатты шараның жалғасы мүмкіндігі шектеулі жандарды марапаттау рәсіміне ұласты. Сан түрлі бағытта өз жолдарын тапқан Ж.Абитаева, Ә.Абенов, А.Сауытбаева, Е.Әбілтаев, Қ.Жақыпов, Қ.Сүлейменов, Ж.Баетұлы, Т.Ақмамбетова, Ұ.Амангелдиев, Ұ.Сейтенов сынды ерекше жандар марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ, аудан әкімі Н.Мақұлбеков мүмкіндігі шектеулі 2 балаға планшет сыйға тартты.
Одан әрі мерекелік шара ән шашуға ұласты. Жанарларынан жалын оты ұшқындаған ерекше жандар да алғысын айтты. «Тәңірі жаққан шамшырақ, су құйсаң да өшпейді» дегендей, тағдыр тауқыметін тартса да, шексіз мүмкіндіктерге ие талантты жандардың таудай талабына сүйсінбеске болмады.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
07 желтоқсан 2021 ж. 670 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930