Өмірге де, өнерге де құштарлық
Өткен жұмада жанды жадыратып, өзекті жанға өмірдің шынайы бағасын ұқтыратын тамаша кештің куәсі болдық. Өмірлерінде қандай сынақ болса да сынбай қабылдап, шыңдалған жандардың басын қосқан шара әрбіріміздің санамызды серпілтіп, қиялымызды сан қиырға шарықтатты. Біз қозғап, қоздата алмай отырған жиын «Арман» мәдениет үйінде өткен болатын.
Иә, он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла әр пенденің маңдайына түрлі тағдырды таңбалайтыны шүбәсіз. Өлшеп берген несібесіне шүкіршілік айтып, тіршілік атты керуеннің көшіне ілесіп жүрміз. Сол көште сан түрлі адамдармен жолығасыз. Сан қилы тағдырларға кезігесіз. Алайда, аталған мәдениет үйінің табалдырығын аттай көзіміз көрген дүниелер тамыр-тамырымызды қуалап, бойымызды шымырлатты, жүрегімізді сыздатты. Арбаға таңылған тағдырлар, жәудіреген бейкүнә жанарлар, рухты жандар. Сондағы түйгеніміз – Алла пендесіне сынақ беріп, сол сынақтан шығатын «шырақ» та береді екен-ау. Шырағыңыз сол мұқалмас рух пен ерік-жігер деп ұқтық біз өзімізше.
Сөзімізді нақтылай түссек, шараны аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі мен «Қырмызы» бастауыш партия ұйымы ұйымдастырып, «Туған жерім – тұнған шежіре» тақырыбын арқау етіпті. Шараның негізгі мақсаты – жалпы жұртшылықты, келешек ұрпақты халқымыздың өмір дағдысына етене жақын мейірімділік пен қайырымдылық, біреуге біреу жақсылық жасау мен қол ұшын беру, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді насихаттау, ұлттық құндылықтарды ән-күймен әспеттей түсу еді. Осы тұста айта кететін жайт, дамыған елдерде мүмкіндігі шектеулі жандарды кеудесінен итермейді. Қайта оларға алабөтен құштарлықтың иесі деп, бір қабілеті болмаса, екіншісіне қарап, шарболаттай шыңдалуына, қиыннан қисын тауып, өмірдің қалтарысы мен бұлтарысында, шырғалаң жолында адаспауына атсалысады екен. Біздің еліміз де сондай дәрежеге жетті. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болып отыр. Осы кеш соның айғағындай.
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында, Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен кештің шымылдығын «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет өзінің игі тілегімен түріп, ерекше балаларға ізгі ниетін жеткізді. Мұнан әрі «Кедергісіз келешек» жобасының қанатындағы осынау шара марапат сәтіне ауысты. Марапат болғанда да өзгеше. Мүмкіндігі шектеулі жандардың әрбір минутын бақытқа толтыруға тырысатын көңілі ерек жандардың жақсылықтары дәл осы сахнада баяндалып, есімдері еленіп, ескерілді, Алғыс хаттар ұсынылды.
Сонымен қатар, шара барысында даңғайыр диқан Ы.Жақаевтың өмірінен алынған эпизодтардан көріністер көрсетіліп, әлеуметтік қызметкерлер және өнерге ынталы мүмкіндігі шектеулі балалар өз өнерлерін ортаға салды. Жиылған жұрт жылы ілтипат, шынайы қошемет көрсетуді өздерінің борышы санап, олардың құрметіне ұйымдастырылған мерекелік концертті тамашалауға ықылас танытты. Ықыластан жанарларға ыршып жас та келді.
Концерттік бағдарлама соңында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшының міндетін атқарушы Ж.Абенов баршаға алғаусыз алғысын айтып, өнерпаздарға сый-сияпат жасады.
Осылайша, шектеулі мүмкіндік шеңберіндегі шексіз өнермен сусындадық. Олардың өмірге деген ұмтылысы мен іңкәр сезімдерінің куәсі болдық.
Дина ЖҮСІПОВА.