Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңір тынысында өрлеу бар

Өңір тынысында өрлеу бар

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шиеліге жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Ш.Қодаманов елді мекеніне жүргізілген газ құбыры және кварталішкілік газ тарату желісінің ашылу салтанатына қатысты. «Ауыл–Ел бесігі» жобасы аясында іске асқан газ жүргізу жұмыстарына 400 млн теңгеден аса қаржы жұмсалған. Бас мердігер – «StroyGazCompany» ЖШС.
Көгілдір отын – адамдардың тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, тұтас ауылдың инфрақұрылымдық қауқарын көтеруге де мүмкіндік береді. Соңғы жылдары аудандағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету ­бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл – елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың бір тармағы ғана. Аймақ басшысы ауыл халқын көгілдір отынның келуімен құттықтап, өңірдегі инфроқұрылымды дамыту бағытындағы оң өзгерістерге тоқталды. Содан соң Тұран ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бодыбай Құлахметов сөз алды.
Шара барысында салтанатты түрде газ құбырларына көгілдір отын жіберу рәсімі өтті. Ауыл халқы енді от жағып, күл шығарудан құтылатынына дән риза. Жиын ауыл ақсақалы Әбітхан ­Мизамбаевтың ақ батасымен аяқталды.
Одан соң аймақ басшысы бастаған көш – Ақмая ауылына қарай бет алды. Мұнда Ақмая шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков шаруашылық ғимаратының жұмысымен таныстырды. Құны 50 млн теңге тұратын ғимарат екі қабатты. Ғимаратта тек шаруашылық қызметкерлері ғана емес, «Ақмая жас­тары» қоғамдық бірлестігі мен газ құбырына қосылуға құжаттар қабылдау мекемесіне де арнайы бөлмелер берілген. Биылғы жыл ақмаялықтар үшін берекелі жыл болды деуге негіз бар. Жақында ғана ауыл ішінен «Ақмая» шаруа қожалығының есебінен құны 20 млн теңгені құрайтын қос тұрғын үй салынды. Баспананың біреуі шаруа қожалықта сушы болып еңбек ететін бес балалы Мейрамбай Исабековке табысталса, екінші үй шаруа қожалықтың темір ұстасы, 11 балалы Владимир Аксеновқа берілмек. Әрқайсысы 132 шаршы метрді құрайтын бұл үйлер бес бөлмеден тұрады. Бұйырса жыл соңына дейін қос отбасы қоныс тойын тойламақ.
Айта кетейік, бұған дейін де шаруашылық есебінен ауылдағы аз қамтамасыз етілген, көпбалалы 3 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етіп, халықтың әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді. Одан өзге егін науқаны кезінде ерекше еңбек етіп, көзге түскен озаттарды жыл сайын бағалы сыйлықтармен марапаттау да дәстүрге айналған. Мәселен осы кезге дейін 12 диқанға көлік берілді.
Тағы бір игі іс – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» авто дәлізі бойының ауылға қарай кіре беріс тұсынан жаңа төлқұжаттың құрылысы жүргізілді. Құны 6 млн 638 000 мың теңгені құрайтын құрылысқа аудандық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков демеушілік еткен. Ауылдың ахуалымен танысқан облыс басшысы Г.Наушақызы бірлігі мен ынтымағы жарасқан ауылдың тіршілігіне оң бағасын берді.
Келесі аялдама – Керделі ауылдық округі Н.Бекежанов ауылында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында спорттық сауықтыру кешені салынды. Жобалық құны 120 млн теңгені құрайтын спорт кешенінде 14 адам жұмыспен қамтылмақ. Мұнда шағын футбол, волейбол, күрес, бокс және жаттығу залдары үздіксіз жұмыс істейді.
Жалпын, елде соңғы бірнеше жылда мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Негізінен, бұл механизм мемлекет бюджетіне салынатын салмақты жеңілдетіп қана қоймай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да септігін тигізетін ірі жобалардың бірі. Осы жоба аясында ауданда көптеген ғимараттар пайдалануға беріліп, халықтың игілігіне қызмет көрсетіп келеді. Құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы «ауылдан Қамшыбек Қоңқабаев секілді спорт шеберлері шыға берсін» деген игі тілегін жеткізді. Нартай ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі, білім саласының еңбек сіңірген ардагері, ел ағасы Абай Баукенов те ауылдастарын су жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады. Содан соң ғимарттың лентасы қиылып, сауықтыру кешенінің жұмысымен кешен директоры Ж.Есенбайұлы таныстырды.
Нартайлықтар да жақында ғана көгілдір отынның қызығына бөленіп үлгерген болатын. Жиын соңында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының өкілі елді мекенді газдандыру жұмыстарымен таныстырды.
Мұнан соң облыс әкімі кентке қарай аяңдады. Былтырдан бері Көкшоқы елдімекенінде аудандық «Жастар сарайы» ғимаратына реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп келген болатын. Құрылыс жұмыстары аяқталғанымен қазіргі уақытта жылу жүйесі, интернетпен қамтамасыз ету, жиһаздар алу мәселелері бар. Бұл мақсатта аудандық бюджеттен 20 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Нысан биылғы жылы пайдалануға береледі деп күтілуде. Жастар үйінің жұмысымен «Жастар ресурстық» орталығының директоры Е.Әбдешов таныстырды.
Аймақ басшысының ауданға кезекті сапары И.Әбдікәрімов көшесі бойынан салынып жатқан аллеяда түйінделді. Бас мердігер «Қуат-құрылыс» ЖШС салған аллеяның жалпы құны 56 млн теңгеге жуықтаған. Оның құрылыс жұмыстарымен аудан әкімінің орынбасары Е.Апетов таныстырды.

Гүлхан ЯХИЯ
03 желтоқсан 2021 ж. 1 081 0