Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атом электростанциясы: үмiт те үлкен, үрей де көп

Атом электростанциясы: үмiт те үлкен, үрей де көп

Соңғы айларда елімізде электр қуатының тапшылығы анық байқалып жүргені барлығына аян. Тіпті, бұл мәселені шешу мақсатында елдімекендерде жоспарлы түрде электр қуаты сөндіріліп, сол арқылы тапшылықты жою көзделіпті. Үкімет ­оты­рыстарында мемлекет басшысының өзі де бұл мәселеге ерекше тоқталып, оны шешудің жалғыз жолы – атом электр станция­сын салу екендігін айтты. Сонымен, мамандардың айтуынша тапшылық тұрғындардың электр қуатына деген сұранысының артуынан туындапты. Расында солай ма? Біздің елімізге атом станциясының қажеттілігі бар ма? Аз-кем зерттеп көрдік.
Атом электр станциясы деген не?
Атом электр станциясы жайлы түсінігіміз болуы үшін, бірінші кезекте мұның біз күнделікті қолданатын электр энергиясын алудың бір жолы ғана екенін ұғып алуымыз қажет. Бүгінге дейін елімізде электр қуатын жылу электр станциялары мен су электр станцияларынан алып келеді. Елімізде электр энергиясының 70 проценті көмірден, 14 проценті су электр станцияларынан, 10 проценті газдан және 5 проценті мұнайдан алынып отыр. Алайда, электр энергиясының жеткіліксіздігі қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан Қазақстан электр энергиясын көрші елдерден импорттайды.
Енді біз бүгін тоқталып отырған электр өндірудің балама жолы – атом электр станциясына келсек, бұл – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғы.
Дүние жүзіндегі ең алғашқы АЭС 1954 жылы Обнинск (КСРО) қаласында салынды. Оның қуаты 5 Мвт болды. Кейін Колдерохоллда (Англия) қуаты 60 Мвт, Шиппингпортта (Америка) АЭС-тары жұмыс істей бастады. Америкада тұтынуға қажетті барлық электр энергиясының 23 процентін, Францияда 75 процентін, ­Жапонияда 48 пайызын АЭС береді.

АЭС салу тұралы әңгіме қашан шықты?
Чернобыль апаты ешкімнің есінен шыға қойған жоқ шығар. Осы апаттан тараған у тек Украина немесе КСРО елдерін ғана емес, бүкіл Кәрі құрлықты қамтыды. Осыдан қорыққан кейбір елдер Чернобыль апатынан кейін АЭС салудан бас тарта бастады. Уран қоры жағынан Қазақстан әлем бойынша екінші орында тұр. Статистикаға қарағанда, еліміздегі уран қоры 900 мың тонна. Бұл бүкіл әлемдегі уранның шамамен 10 пайызын құрайды. Ал уран арзан жолмен электр энергиясын өндірудің таптырмас көзі екені бәрімізге аян. «Неге соны тиімді пайдаланып, елімізде көптеген АЭС-тер салмасқа» деген сауал туындайды. Бірақ 2012 жылғы Фукусима апаты «Қазақстанда АЭС салу қауіпсіз бе?» деген сұрақтың айналасында әлі де іздену керек екендігін тағы да бір дәлелдеді.
Ал елімізде АЭС салу мәселесі көтеріліп жүргеніне біренеше жылдар болды. Атап айтатын болсақ, Қазақстан алғаш рет АЭС салу туралы 1997 жылы сол кездегі ғылым министрі Владимир Школьник айтқан болатын. Ол Маңғыстау атом энергетика комбинатының орнына жаңа АЭС салу керек деген еді. Кейіннен 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің кездесуінде елімізде АЭС-ті жапон технологиясы бойынша салу туралы келісім болған. Бұл кездесуде АЭС салу орны ретінде Ақтау, ШҚО-дағы Курчатов қаласы және Алматы облысындағы Үлкен ауылы аталып келді. Биыл қыркүйек айынан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше мәрте еліміздегі электр қуатының тапшылығы жыл өткен сайын артатынын, бұл мәселені шешуде атом станциясының аса қажеттілігін айтса, Ресей басшысымен кездесуінде Владимир Путин станцияны ресейлік технологиямен салуды ұсынды. Дегенмен, биыл бұл мәселе көтерілгенде Қазақстан халқының басым көпшілігі бастамаға қарсы екендіктерін ашық білдірді.
Мәселен, әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамаға сәйкес Шиелі ауданы тұрғындарының 82 проценті елімізде атом станцясын салуға қарсымыз десе, арасында «қару-жарақ қоймаларының қауіпсіздігіне жауап бере алмай жүргенде, атом стациясын салу өзімізге жасалған қастандықпен тең» деп пікірін ашық білдіргендер де бар.

АЭС-тің артықшылықтары мен кемшіліктері ?
Атом электр станциясының артықшылықтарына электр энергиясын өндірудің арзандығы, зиянды түтін қалдықтарын шығармайтындығы, оған қажетті уранның бар болғаны бір жүк машинасымен ғана әкелінетіндігін жатқызсақ, оның кемшіліктеріне салу кезінде үлкен шығын кететіндігі мен апатты жағдай бола қалған жағдайда оны алдын алу мен радияцияны жою мүмкін еместігін жатқызуымызға болады.
Алайда, мемлекет басшысының қараша айында өткен үкімет отырсында «Түптеп келгенде, біз бұл мәселеге қатысты нақты шешімге келеміз деп ойлаймын. Қазақстанда электр энергиясының тапшылығының алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Әрине, электр қуатының жаппай жетіспеушілігі туындаған жоқ. Әзірге тепе-теңдік бар. Алайда алғашқы белгілері білінуде. Сондықтан болашақты ойласақ, біз атом станциясының құрылысына қатысты нақты шешім қабылдауымыз керек. Басшының міндеті де тиімді шешім қабылдау», - деп айтқанын ескерсек, елімізде атом станциясының салынуы тек уақыт еншісіндегі мәселе секілді. Бастысы станцияны салуды Чернобыль апатынан кейін кәсіби тәжірибесі күмәнді Ресейге емес, бұл салада табысты жұмыс атқарып жүрген алпауыттарға тапсырған жөн секілді.
Қазақстанда электр қуатының тапшылығы сезіліп жатқаны даусыз. Бірақ, жауапты сала мамандыры тапшылықтың қарапайым халықтың сұранысының артуынан емес, еліміздегі биткоин өндіруші фермалардың көбейіп кетуінен туындағанын неге айтпай отырғаны түсініксіз. Бұл мәселеге газетіміздің келесі санында мақала арнауды жөн көрдік.

Рамазан Бектұрғанұлы
26 қараша 2021 ж. 659 0