Жазылған жайдың жауабы қайда?
Аудандық газет – аудан айнасы. Бұл, басқасын айтпағанда, қолыңыздағы басылым алғаш жарық көре бастаған 1939 жылдан бері солай болып келе жатқаны – көптің көз алдындағы ақиқат жайт. Сөйтіп, ауданның тұтас өмірін, соның ішінде жетістіктер мен кемшіліктерді де көрсетуді мұрат тұтқан газет оқырманы үшін осынысымен құнды болып келеді, солай бола бермек те.
Алайда, соңғы уақытта, қайбір мәселелерде қатысы болсын-болмасын, өзі соны оқысын-оқымасын, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей оймен аудан айнасына күйе жаға салатындар кездесіп қалып жүр. Журналист болған соң бір ауыл мен екінші ауылдың арасын жалғап жүретін кезіміз көп. Сонда бір мұғалім кісі «Газет бетінде проблемалық мақалалар жарық көрмейді. Бізді баспасөзге жазылуға мәжбүрлейді. Әйтпесе, қазір ешкім газет оқымайды» деген сынды өкпе-ренішін жеткізді. Тыңдадық. «Бауыржан Момышұлы «Ұрпақты ұстаз тәрбиелейді» деген екен. Ал, ұстаз өзі кітап, газет оқымаса ұрпаққа қандай тәрбие бермек? Газет бетіне мәселе көтерілмей жатыр деп үзілді-кесілді баға бергеніңізден-ақ, оқымайтыныңызды аңғардық» деген сынды сөздермен, газет бетінде жарияланған бірнеше мәселенің атын атап, түсін түстеген едік, білмеді. Егер ол газетті мән бере оқыса не жазылып жатқанын аңдаған болар еді-ау дедік. Дедік те қойдық, айтыс-тартыс абырой әпермесі анық-ты.

Бірде газеттің жанашыры болып жүрген кісі «газетте жазылған мәселе неге шешімін таппайды?» деп қалды. Иә, осы сұрақ біздің де шымбайға батып-ақ жүр. Жыл басынан бері «аудан әкімінің назарына!» деген айдармен газеттің 5 маусым күнгі №44 санында «Қуаңшылық қысып тұр немесе қыстың қамын жаз ойлайық», 8 маусым күні, №45 санында «Туризмнен тоқырап тұрмыз», 5 қазан күнгі, №79 санында «Қосүйеңкі – лагерге лайықты орын», 19 қазан күнгі, №83 санында «Малшылар слетіне мән беру керек» атты мақалалар жарық көрді. Алайда, бұл мәселелерге жанашырлық танытып хабарласқан не хат жолдаған аудан әкімі де, сала басшылары да болмады. Тек ол емес, басылымның «Кент әкімінің назарына!» атты айдарда 7 тамыз күні, №62 санында «Әжетхана әлегі немесе әкім неге әрекетсіз?», 14 тамыз күні, №64 санында «Көше жолы көңіл көншітпейді» секілді сыни материалдар жарық көрді. Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас».
Қазақ қашанда қариясын сыйлап, сөзін жерге тастамаған. Қандай мәселеледе де ардагерін алға салады. Осы тәсілді бізді іске асырмаққа буындық. Буындық та «Аудандық ардагерлер назарына!» деген айдарды іске қостық. Аудандық басылымның 17 тамыз күні, №65 санында жарыққа шыққан «Көрген көзде жазық жоқ» атты мақаланы қайтадан 16 қазан күні №82 санында «Жазылған жай жауапсыз қалды» деп жариялаған болатынбыз. Газеттің сол саны таралымға шыққан сәтте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил редакцияға хабарласып, аталған мәселені кент әкіміне жеткізгенін, алдағы уақытта жауаптың болатынын айтқан еді. Ол да уақыттың еншісінде тұр.
Уақыт демекші, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларының өтінішін қарау тәртібі туралы заңның 8-бап, 1-тармағына сүйенсек, басылымдағы тиісті орынға қаратыла жазылған мәселе 15 күн ішінде қаралып, жауап хат жолдануы тиіс. Бірақ, аудан айнасының жыл басынан бері көтерген мәселесі жауапты адамдардың жанарына ілінер емес. 15 күнді күтіп жүргенімізде 9 ай өтіп кетіпті. Енді бір «секрсек» жылды да жабатын түріміз бар.
Қазір ойласақ, осының бәрінің негізі немкеттілік деген пәледе жатқан сыңайлы. Бұл жайға оқырманның да кінәсі жоқ сияқты. Газетте жазылған нәрсеге тиісті лауазым иелері немкеттілікпен қарамай, кезінде жауабын беріп, бүге-шігесін ашып айтып жатса, оқырман да бәріне қанығып отырар еді ғой. Олай болмаған соң олар «таз ашуын тырнадан аладыға» салып, «жазылған жайт жайына қалмасын» дей ме, баяғы бізді «тауып» алатын, «қауып» алатын секілді. Осыдан кейін өз кезегімізде «жазылған жайт жауапсыз қала бере ме?» деген сауалды біз де тиісті иелеріне бағыштағанды жөн көрдік. Бүгінгі күннің талабы тұрғысынан қарағанда да бұның қатесі жоқ.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ