ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ БАСТАҒАН ДЕЛЕГАЦИЯ ҚЫЗЫЛОРДАДА БОЛДЫ
29 наурыз күні Қызылорда облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған Үкіметтік делегация келді. Делегация құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, инвестициялар және даму, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, мәдениет және спорт, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері, сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік органдардың және даму инстититуттарының жетекшілері бар. Сапардың мақсаты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңғыру 3.0», «Революция 4.0» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы аясында берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысымен танысу.
Алдымен Қызылорда су торабында болған Үкімет мүшелері Мемлекет басшысының тапсырмасымен көктемгі тасқын суды жинақтау және суармалы жерлердің аумағын ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар аясында Үкімет басшысы «Қараөзек» компрессорлық станциясына барып, онда Елбасының бесінші әлеуметтік бастамасы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» шеңберінде «Сарыарқа» магистральды газ құбырының құрылыс жоспарынан хабардар болды. Аталған станция Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін Бейнеу-Бозой-Шымкент газ магистальды жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Зауыт өнімділігі жылына 10 млрд. текше метрді құрайды. Бұл көрсеткішті болашақта 15 млрд. текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда. Ағымдағы жылдың шілде айында «Қараөзек» компрессорлық станциясынан «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытында 2,7 млн. адамды табиғи газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы басталатын болады.
Аталған құрылыстың бірінші кезеңінде ұзындығы 1081 шақырым «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Астана» бағыты бойынша магистральдық газ құбырының құрылысы жоспарланған. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын «Астана – Көкшетау» газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде — 177 шақырым болатын «Көкшетау – Петропавл» учаскесі және соңғы төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистральды газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық станцияларын тұрғызу жоспарланған. Магистральды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқылы газ тарату желілерін жобалайды. Және Үкімет мүшелеріне «Қызылорда-Жезқазған» автожолын дамыту перспективалары да таныстырылды.
Одан әрі, Бақытжан Сағынтаев 2018 жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты индикаторларына қол жеткізу бойынша Жобалық бақылау жұмыстарының жүйесі және Мемлекет басшысының Жолдауларын іске асыру мәселелері бойынша аймақ активімен, аудан әкімдерімен қатар бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялар тарту, индустрияландыру, АӨК, өнімді жұмыспен қамту, цифрландыру, технологиялық жаңғыру және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу сынды жобалық басқару жүйесінің көрсеткіштері сөз болды. Аймақ басшысы Қ.Көшербаев өңірдің жобалық басқаруы аясындағы сапалы әрі тұрақты өсімді қамтамасыз ету барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, сондай-ақ негізгі мақсатты индикаторлар хақында баяндады. Кездесу барысында Қызылорда облысы экономикасының құрылымдық транформациясын және сапалы әрі теңгерімді өсімді қамтамасыз ету бойынша ішкі қорларын анықтау және пайдалану жоспарлары қаралды. Осы мәселеге қатысты өздері жауапты бағыттар бойынша ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев баяндама жасады.
Талқылауға қатысқан «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э.Жұмағазиев жобалық басқару міндеттерін іске асыруға бизнесті тартудың басым бағыттары туралы айтып берді. Үкімет басшысы кәсіпкерлікті дамыту Үкіметтің басты басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. «Бұл – еліміздің экономикалық өсімінің жаңа моделін құрудың басты бағыты. Осыған орай Үкімет кәсіпкерлік ахуалын жақсарту және ШОБ субъектілерінің іскерлік белсенділігін мынталандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр», – деп атап өтті Б.Сағынтаев. Үкімет мүшелері өз бағыттары бойынша Президенттің бес бастамасы турасына тереңірек тоқталды.
Үкімет басшысы Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математикалық мектепті ашу жобасын оң бағалады. Жаңа білім жобалары туралы облыс әкі Қ.Елеуұлы Премьер-Министрмен өткен актив отырысында айтты. «Қызылордада дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы мектеп-интернат пен 300 орындық жатақхана құрылысы бойынша жобаға қаражат қарастырылып жатыр. Бұл ауылдық жерден келген дарынды балаларға арналған мектеп болады», – деді аймақ басшысы.
Аймақтағы атқарылып жатқан ауқымды істермен танысқан Үкімет басшысы бастаған делегация сыр өңірінің серпініне оң бағасын берді.
Бақытжан МӘДЕНОВ.