Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл аудандық бюджет басымдықты ауылдарға береді

Биыл аудандық бюджет басымдықты ауылдарға береді


Нарық заманында нар тәуекелге барып кәсіп ашып, сауда-саттықпен айналысқандар нанын тауып, көштің басында келе жатыр. Дегенмен, нарық заманының шарты осы екен деп, қымбатшылықты қолдан жасап, базардағы бағаның еркімен жіберу қоғамның бетімен кетуіне әкеле жатқандай. Оның айғағы халық күнделікті тұтынатын картоп, сәбіздің шарықтау шегіне жетіп, сатылып жатқаны дер едік. Қарап отырсақ, қазір елімізде арзан бағада ешнәрсе таппайсыз. Барлығы қымбат. Алдағы күндерімізден арзаншылықты аңсаудың өзі ақылға томпақ, санаға сиымсыз секілді. Заң мен заман кәсіпкерлер мен шаруашылық иелеріне одан қалды ортадағы делдалдарға жұмыс жасап тұр. Ал зардабын қара халық тартып отыр.
Бейсенбіде Көкшоқыдағы баспасөз орталығында аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков өңірдегі макроэкономика және қаржы саласы бойынша осы жылдың бес айында атқарылған жұмыстарды тарқатып, БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Баспасөз конференциясында аудандағы азық-түлік бағасының қымбаттауы, жанар-жағармайдың тапшылығы, биылғы бюджеттің қай бағытқа басымдық беріліп жатқаны жайлы да сөз болды. Бұл мәселелер хақында сәл кейінірек айтамыз. Алдымен ауданда алты айда атқарылған жұмыстарды зерделеп алсақ.
Биыл аудандық бюджеттің кірістері 21 млрд 841 млн 885 мың теңге жоспарланған. Бүгінге дейін жоспарланған 8 млрд 225 млн 135 мың теңге орындалған. Оның ішінде өз кірістеріміз 1 млрд 66 млн 726 мың теңге жоспарланып, 1 млрд 703 млн 970 мың теңгеге немесе 159,7 пайыз, трансферттік түсімдер 7 млрд 158 млн. 409 мың теңге жоспарланып, толықтай 100 пайызға орындалған. Кіріс бар жерде шығыстың да болатыны табиғи заңдылық.
2021 жылдың 1 маусымына өз кірістеріміз 53 млн 624 мың теңгеге жоспарланып, қазір 134 млн 575 мың теңге қаржы түсіп 251,0 пайызға орындалды. 2021 жылғы аудан бюджетінің шығысы 25 млрд 537 млн 368 мың теңгеге жоспарланып, осы уақыт аралығында 8 млрд 229 млн 662 мың теңгеге немесе 98,3 пайыз орындалған. Игерілмеген қаржы 145 млн 855 мың теңге.
Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша 120 жобаға 70 млн теңгеге қайтарымсыз грант қаражаты бөлінді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бағыты бойынша жобалық құны 119,1 млн теңгені құрайтын 18 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-на жобалық құны 109 млн. теңгені құрайтын 18 жоба ұсынылды. Ауданда шағын және орта бизнесте 8 954 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі кезде барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданнан құны 999,2 млн теңгені құрайтын 220 жоба қаржыландырылып, жаңадан 380 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ауданда инвестиция көлемін арттыру мақсатында құны 6 млрд 384 млн теңгені құрайтын 44 инвестициялық жобаның тізімі жасақталып, оның ішінде құны 594 млн теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 129 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
2021 жылы индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен өңірлік картаға Шиелі ауданынан жобалық құны 24 млрд 855 млн теңгені құрайтын 3 жоба енгізіліп, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Бұдан бөлек жаңа өндіріс көздерін ашу мақсатында индустриялдық аймағынан 4 млрд 505 млн теңгені құрайтын 8 жобаға 25 га жер телімі сауда саттық арқылы табысталған. Осы тұста айта кетуіміз керек, БАҚ өкілдері аудан әкімінің орынбасарына аталған индустриялық аймаққа құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында күнделікті бақылау жасап отырсаңыздар деген ұсыныстарын жеткізді.
Осы күні республикалық және облыстық бюджеттен аймақтың ауыл шаруашылығын дамытуға орасан зор қаржы бөлініп, мемлекет тарапынан едәуір қолдау көрсетіліп келеді. Бұл сөзімізді А.Жандарбеков брифинг барысында растап берді. «Еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне көрсетіп жатқан мемлекеттік қолдауының және Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қабылданған тиісті шаралар нәтижесінде ауданның ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үрдісіне ие болып отыр. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы 3 млрд 967 млн теңгенің өнімі өндірілді», – деді ол.
Ал өңірдегі құрылыс жұмыстары жай-жапсарына тоқталған А.Насриддинұлы кенттің шығысында аумағы 68 шаршы метр болатын 20 тұрғын үйдің ірге тасы қаланып жатқанын тілге тиек етті. Аудандық бюджеттің есебімен бой көтеріп жатқан бұл үйлер жыл соңына таяу тұрмысы төмен отбасыларға қол жетімді бағада сатылатын болады.
Жалпы ауданда ұзын саны 323,4 км құрайтын автомобиль жолдары болса, соның 80 км республикалық, 98 км облыстық, 145,4 км аудандық маңыздағы жолдар. Аудандық маңыздағы жолдың 94 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биылғы жылдың бас жоспарында жол жөндеуге «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 650,6 млн теңге бөлініп, 20,1 км жол жөнделеді. Орайы келгенде айта кеткеніміз жөн. Қазір аудан халқы облыс орталығына қатынау үшін Ақтоған ауылының ішін аралап даңғыл жолға түседі. Міне, осы мәселенің де түйіні тарқатылып, ендігі жерде тұрғындар кентке 20 бекет арқылы төте жолмен қатынауға жол ашылмақ. Брифингте осындай іспетті сүйінші жаңалықтарымен бөліскен аудан әкімінің орынбасары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай отыз қайырымдылық іс-шара өткізу жоспарда бар екенін хабарлады.
Ал сөз басында айтылған жанар-жағар май тапшылығына қатысты «Ауданда 14 жанармай бекеті болса, соның бірлі-жарымында ғана жанар-жағар май тапшылығы бар. Қалғандары тұрақты өзгеріссіз, әдеттегіше жұмыс істеп тұр. Ал базардағы баға тұрақтылығын сақтау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, қазіргі таңда кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Келесі айдан бастап өзіміздің бақша өнімдер нарыққа шығады. Сол кезде базар бағасы да едәуір арзандайды деп отырмыз», – деді аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков.

Елдос ЖҮСІП
25 маусым 2021 ж. 662 0