Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аңшылық – байырғы кәсіп

Аңшылық – байырғы кәсіп

Аңшылық – байырғы кәсіп
Аңшылық-саятшылық – қазақтың байырғы да қосалқы кәсібінің, сондай-ақ көшпелілер үшін күнкөрістің әрі көңіл көтерудің бір саласы. Аңшылықтың бейнеті, еңбек шығыны аз, бірақ табысы құнды – бағалы аң терісі, еті, қауырсыны, мамығы – қай-қайсысы да адамдардың қажетіне жараған. Иә, мұның бәрі жалпы ата-бабамыздың көшпелі өмірінің ажырамас бөлшегіндей дүние. Алайда кейінгі уақытта аңшылықты кәсіп қылғандардың қарасы азайып барады. Бұл да заманның озығы не тозығы шығар?

Бүгінде мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс салатын аңшылық пен саятшылық кәсіптен гөрі спорттық мағынаға ауысқандай. Әлеметтік желіден ит жарыстырып, төбелестіріп немесе қыран құсты аңға салудан жарысқан жаңалықтар бірен-саран болса да ұшырасып жатады. Енді бірі дала аңын қызық үшін баудай қырып, онымен бірге суретке түсіп жатады. Табыс үшін ақбөкендерді аяусыз атып жатқандар қаншама? Иә, бұл бөлек әңгіме. Біздің жазбағымыз аңшылықты ата жолымен ұстап келе жатқан азаматтар туралы болмақ.

Қазталов өңірінде аңшылық туралы сөз қозғасақ, тіліміздің ұшына Шамғон, Сексенбай ағаларымыздың аты еріксіз оралады. Олардың аңға шыққан кездегі мергендігі мен із кесу қасиеті туралы ел аузында біраз аңыз әңгіме бар. Бүгінде Шамғон ағамыз зейнетке шығып, Орал қа­ла­сында тұрып жатса, Сексенбай ағамыз Бірік ауылдық округінің орталығы Әжібай ауылында тұрады. Қазіргі күнде 60-ты алқымдаған Сексенбай Дүйсенғалиев былтырдан бастап "Сұлтан" шаруа қожалығын құрып, атакәсіп – мал өсірумен айналысуда. Сексенбай ағаның әкесі мен анасы Қалабай көлі маңында 1971 жылдан бастап жылқы баққан. Қалабай қыстағы атақоныс есебінде. Сол атақоныс Қалабайдан жер алып, үй салған. Шаруашылықта 50-ге тарта ірі қара 15 шақты жылқы бар. Алла сәтін салып, Сексенбай ағамызбен кездесіп, әңгіме-дүкен құрдық. Әңгімеміздің төркіні аңшылық туралы болды.
– Менің әкем де, нағашыларым да аңшы болған адамдар. 3-сынып оқып жүргенде аң аулауға алып шығатын. Мылтықты сол кезде атып үйрендім. Содан кейін аңшылыққа құмарттым. Мектеп бітіргенде аңшылық куәлігін алдым. Көбінесе түз тағысын атуға машықтандым. Осы күнге дейін санайтын болсам, 219 қасқыр атыппын. Алғашқы қасқырды да бала күнімде атып алдым. Менің балалық шағым Кеңес заманында өткендіктен, түз тағылары ауылшаруашылық саласына көп зиянын тигізетін. Ол кезде мал да, қасқыр да көп еді. Ілкіде әкеміз бен анамыз 1969-1970 жылдары Бершімбай соры маңындағы Түйеқұдық қыстағында қой бақты. Әке-шешеміз әртүрлі шаруамен қойды бізге тастап кете беретін. Бір күні ата-анамыз бір шаруаларымен ауданға кетті. Өзімнен кейінгі Жұмақ есімді ініміз екеуміз қой бағып жүрміз. Бір кезде қырдың қабағынан бес ит түсіп келе жатыр. Түсі көк, немістің овчаркасы секілді, бірінен-бірі аумайды. Інім ит деп ойлап: – Кә, кә, – деп айқайлап шақырып, алдарынан жүгіре жөнелді. Ал мен ол иттерге ішім жылымай, қарап отырмын. Бір уақытта қойдың шеті дүрліге түсіп, жиналып қалды. Әлгі иттер қойды қоршай әр жерге отырып алды. Шауып барған інім де қаша жөнелді. Иттің біреуі қойға қарай тіке шапты. Менің қолымда әкемнің мылтығы бар болатын. Ол кезде шопандарға 16 калибрлы дара ауыз мылтық береді. Ит қойға жақындай берген кезде мылтықпен көздеп тұрып, шүріппені басып кеп қалдым. Мылтық гүрс етті. Оқ тиген ит қыңсылап, тоңқалаң аса құлады. Әкем келген соң: – Әке, қойға ит шауып, мен атып алдым, – дедім. Атқан итімді көрген әкем: – Бершімбай сорындағы Тоқал аралы – қасқырлардың мекені. Бұл ит емес, қасқыр. Қасқырдың қаншығы екен, – демесі бар ма? Бұл 1970 жыл болатын. Ең алғашқы атып алған қасқырым сол еді.

Ағамыздың үйінде қатырылған түз тағысының мүсіні бар. Бұл қас­қыр туралы сұрағанымызда ол: – 2008 жылы Қалабай қыстағының малшыларына қасқырлар маза бермеді. Сол қасқырды ауыздықтау үшін бір күн жүрдім. Ақыры тұзаққа түсірдім. Аңшылықтан бір ескерткіш бо­лып қалсын деп терісін еш жерге тапсырмай, төрге қойғаным ғой, – деді ағамыз.

Жалпы, ол кісінің айтуынан аңғарғанымыз, даланың жазықсыз аң-құстарын ретсіз атуға тыйым салған дұрыс. Көбіне облыстан арнайы келген аңшылар ағамызды жер жағдайын білесің деп бірге алып шығады екен. Алайда жер жағдайын көрсеткен ағамыз дала заңдарының жөн-жобасын да қалалықтарға көрсетіп отыруға тырысады.

Ағамыздың тағы бір қасиеті – мергендігі. Мерген болғанда көздеп емес, қолмен ататын қолмерген. Бұл да бір аңшылықта керек ерекшелік. Із кесуде де Сексенбай ағадан асқан шебер жоқ. Ағаның аңшылық туралы әңгімесін сағаттап, жалықпай тыңдай беруге болады.

1Текті тегіне тартып туады» демекші, ағамен әңгіме соғып отырғанымызда қасымызға немересі жүгіріп келіп: – Ата, аспанда құстар ұшып барады. Қаз ба, үйрек пе? Атып алайық, – деп қыран-топан күлкіге баттық. Расымен, үйден шығып қарасақ, қаздар ұшып бара жатыр екен.

Әңгіме соңын ағамыз: – Аңшы тек аң атушы ғана емес, ол жан-жа­нуарды суық қолдардан қорғаушы да болуы керек, – деп түйді. Шынымен де даланың сұлу және өр жануарларын әр кез қорғап жүру – әрқайсымыздың парызымыз болса керек.



19 маусым 2021 ж. 436 0