Кеңесте келелі мәселе көтерілді
Бейсенбі күні аудан әкімдігінде қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультациялық-кеңесші органының кезекті отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбековтың төрағалығымен өткен жиналысқа құқық қорғау органдарының басшылары, комиссия мүшелері, дербес бөлім басшылары қатысты. Отырыста бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.
Аудан бойынша АПб-де «шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар» санатымен профилактикалық есепте тұрған 15 тұлғаның 14-і бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып келгеннен кейін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тіркеліп, 3-і «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздер бойынша оқып жатса, 1-і қоғамдық жұмыспен қамтылып, 1-і жұмыс іздеуші ретінде тіркелген. 4-і түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жұмыс атқарса, 2-і зейнеткер, 3-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Есепте тұрған Д.Нұрділда, Б.Маханбетов және Н.Умиралиевпен сот органдары мен АПб-мен белгіленген міндеттерді орындаудан қасақана жалтарғандығына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару Кодексінің 169 бабын және Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 72 бабының 7 бөлігінің 1 тармағының талаптарына сәйкес «шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы» қаулының күшін жою үшін Шиелі аудандық сотына ұсыныстар жолданып, Б.Маханбетов пен Н.Умиралиевке қатысты ұсыныстар шын қынжылып өкінетіндігіне байланысты қанағаттандырусыз қалдырылып, ал Д.Нұрділда соттан бой тасалап қашып жүруіне байланысты іздеу жарияланған.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы – Азамат Есімов айтқан мәліметтерге сүйенсек, ауданда жыл басынан осы күнге дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік саны 5309 субъектіге жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 113,9 пайызға артқан. Соның ішінде 4923-і тұрақты жұмыс жасап тұр. Жыл басынан бері «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 133 азамат оқуға жолданып, оның ішінде пробация қызметі есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 4 азамат «Бастау-бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылған. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 120 жобаға 70 млн теңгеге қайтарымсыз грант қаражаты берілген. Оның ішінде пробация қызметі есебінде тұрған бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 3 азаматтың әрқайсысына 583 мың теңге көлемінде грант қаражаты берілген.
Иә, мемлекет тарапынан тағдырдың сынына ұшырап, істі болған азаматтарды қайта қоғамға бейімдеу бағытында түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Жоғарыдағы бөлім басшысы берген цифрлар сол ауқымды жұмыстардың бір парасы ғана. Жиында естіген тағы бір қуанышты жаңалығымыз, егер алдағы уақытта «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттық қаржыландыруға қаржы бөлініп жатса, кәсіпкерлерді жаңа бизнес идеяларға тарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі, пробация қызметі есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға аталған мемлекеттік бағдарламалар аясында оқыту, несие, грант қаражаттарын беру кезеңінде тиісті кезектіліктер бойынша жеңілдіктер қарастырылмақ.
Елдос Жүсіп