Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық санақ еліміздің ахуалын анықтайды

Ұлттық санақ еліміздің ахуалын анықтайды

Тәуелсіздік алғалы үшінші рет өткізілгелі жатқан халық санағының құндылығы тек демографияға ғана қатысты емес, сондай-ақ, әлеуметтік және саяси өмірдің аспектілері бойынша ахуалды көрсетеді. Халық санағы – елдің ұлттық статистикалық жүйесінің құрамдас және ажырамас бөлігі, халық және тұрғын үй жағдайлары туралы деректердің негізгі көзі болып табылады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткізілетін Ұлттық санақтың еліміз үшін маңызы зор екені даусыз. Сондықтан ұлттық халық санағының өткізілу барысымен танысу мақсатында Шиелі ауданының Статистика басқармасының басшысы Алтынкүл Қожамжаровамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Алтынкүл Құрбанқызы, «Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен басталған халық санағының дайындық процесі қалай жүріп жатыр?
– Аудан әкімнің 2021 жылдың 18 наурыздағы №367 өкімімен санақ жүргізуге жәрдемдесу жөнінде жұмысшы тобы құрылды. 2021 жылдың 9 сәуіріндегі №280 өкімімен іс-шаралар жоспары бекітілді. Әкімшілік аумақтық бірліктердің тізбесін және шекараларын нақтылау, көше атауларын, квартал, үй және пәтер нөмірлерін ретке келтіру бойын­ша іс-шаралар өткізу, тұратын халық санын нақтылау бойынша жүргізуді жандандыруда. Осы орайда, барлық елді мекендер мен аудан бойынша көшелерге, аншлагтармен үй номерлерінің ілінуіне кент және ауыл әкімдері осы бағыттағы жұмыстардың іске асуына атсалысуда. Бұл жөнінде кент және ауылдық округ әкімдеріне хаттамалық тапсырма беріліп, көше атауларын нақтылау жұмыстары жүргізілді. 1-30 маусым дайындық кезеңі болғандықтан интервьюерлер әрбір елді мекен бойынша тұрғын жайлар мен тұрғын емес жайларды аралап, олардың тізімін және тұрақты тұратын тұрғындардың санын нақтылауға кірісіп кетті.
Ұлттық халық санағына дайындықтың негізгі жұмыстарының бірі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жаппай түсіндіру жұмыстары болып табылады. Бүгінгі күнге дейін аудан көлемінде таралатын «Өскен өңір» және «Шарайна Сейхун» газет беттерінде халық санағына байланысты мақалалар жарияланды және Фейсбук әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Көшелерді билбордтармен, кермелермен, баннерлермен безендіру және халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізу ­бойын­­ша аудан бойынша 15 бильборд ілінді, роликтер көрсетілді. Және ұлттық халық санағының «Қазақстанда әркім маңызды!» атты девизі мен логотипі бекітіліп барлық ауылдық округтерге таратылды.
– Қазіргі таңда, ауданда қанша тұрғын үй, елді мекен, ауылдық округ, көше бар?
– Қазіргі таңда, аудан бойынша 1 кент, 22 ауылдық округ, оның ішінде 38 елді мекен халық санағына қамтылады. 2021 жылдың 1 қаңтардағы көрсеткіште аудандағы тұрғын үйлер саны – 14371, үй шаруашылығы саны – 16807, тұрғын емес ғимараттар саны – 721 және 412 көше, 79 квартал, 11 тұйық, 11 орам. Халық саны 2021 жыл 1 мамыр көрсеткіші бойынша 83360 адам.
– Санақ жүргізуге қанша интервьюер тартылды? Олардың санақта атқаратын қызметі қандай? Жалпы халық санағы үшін қанша учаске жасақталды?
– Бұл жұмыстар бойынша stat.gov.kz интернет порталына бос лауазымға конкурс жаряланып, нұсқаушы – 4 адам, нұсқаушы-бақылаушы – 2 адам, интервьюерлер – 15 адам іріктеліп жұмысқа қабылданды. Барлық қызметкерлерге оқу семинарлары өткізіліп түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша 15 учаске жұмыс жасайды, оның 7-еуі кент ішінде, қалған 8-і ауылдық округтерге жауапты.
– Интервьюерлер тұрғын, тұрғын емес жайларды анықтау мақсатында аралап сұхбат жүргізгенде халық қандай белгілермен таниды?
– Нысандарды аралау кезінде интервьюерлер өздерін таныстыратын куәлік, халық санағының символикасы бар көк түсті мойынорағыш және көк түсті портфельмен, планшетпен аралайды. Тұрғынды тіркеуге арналған планшетпен және тұрғынға түсінікті болуы үшін жадынамамен қамтамасыз етілген. Жаднама да санақ туралы, интервьюер туралы, Call центрі мен статистика басқармасының нөмірлері жазылған. Тұрғындар түсінбеген немесе санаққа байланысты мазалаған мәселесі болған жағдайда жаднамадағы нөмірлерге хабарласа алады. Қоса кетейін, 15 интервьюерлер арасында белсенділік танытып, берілген тапсырманы өз уақытынан бұрын артығымен орындап жүргендер бар. Мәселен, Ш.Таңсықбаева, Ж.Пермаханова, А.Сәрсенбаева және арамызда студенттер – Б.Қуандықова мен Н.Абызбекова өте белсенді интервьюерлер.
– Көше, үйлерді аралауда көшенің атын білмей, картаға түспей қалып жатқан тұрғын үйлер арасында келеңсіздіктер орын алды ма?
– 2020 жылы санақты жүргізуге қажетті ауданның схемалық картографиялық материалы 4 данадан, ауылдық оқругтерінің карталары 3 данадан қағаз түрінде шығарылып, дайындалды. Кейінгі салынған жаңа үйлерді картаға түсіру, нақтылау жұмыстары күн тәртібінен түспей түгелденіп, аралануда. Санақ персоналы интервьюеріне бір данасы беріліп, қазіргі таңда тұрғын, тұрғын емес үйлер араланып нақтылануда. Қиыншылықтар туындаған жағдайда аудандық құрылыс, қала құрылысы бөлімімен нақтыланып, анықталып жатыр.
– Атқарылып жатқан жұмыстар І кезең бойынша, ал ІІ кезеңде қандай жұмыстар атқарылады?
– ІІ кезең 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн өтеді. Сайтқа кіріп, толтырған санағы базаға түсіп, сайтқа тіркелінеді және тіркелгендігі жөнінде смс қорытынды жауап алады. Мұнан кейін 1-30 қазан аралығында планшеттер арқылы қорытынды бақылау өткізіліп, халық санағы ақпараттық жүйесіне ендіріледі. Бұл «Қазақстанда әркім маңызды» ұранымен Sanaq.gov.kz сайты арқылы тіркелсе, жүзеге асады.
– Кезекті бұл санақтың 1999 жыл, 2009 жылғыдан өзгешелігі бар ма?
– Биылғы халық санағының өзгешелігі – ақпараттық технологияны қолдана отырып, дәстүрлі әдіспен ғаламтор желісіне қосылған планшетпен өткізілуінде болып отыр.
– Соңғы сұрақ, ҚР-ның азаматтарынан бөлек кімдер санаққа жатады және кімдер санаққа жатпайды?
– ҚР-ның аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстанның мемлекеттік билік органдары (дипломатиялық корпус) желісі бойынша қызметтік міндеттерін орындауға байланысты 12 ай және одан да көп мерзімге шетелде жүрген немесе ұзақ қызметтік іссапармен жүрген (олармен бірге жүрген отбасы мүшелерін қоса алғанда) оқудағы («Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасы бойынша оқитындарды қоса алғанда») Қазақстан Республикасының азаматтары, тұрғылықты жері басқа елде, бірақ халықты есепке алу сәтінде уақытша (12 айдан аз) ҚР-ның аумағында жүрген шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және ҚР-ның азаматтары санаққа алынады. Ал, санаққа алынбайтындар – шетелде тұрақты тұратын ҚР-ның азаматтары, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және студенттер алмасу бағдарламалары бойынша оқитын студенттерді (магистранттарды) қоспағанда, шетелге 12 ай және одан да көп мерзімге жұмысқа немесе оқуға кеткен (болмау ұзақтығына қарамастан, 12 айдан астам) ҚР-ның азаматтары, өз мемлекеттерінің дипломатиялық және басқа өкілдіктерінде жұмыс істейтін шетелдік азаматтар, шетелдік әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері.
– Ұлттық халық санаққа қатысатын әрбір азамат мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және әзірлеуге елеулі, құнды ұлес қосатыны белгілі. Бұл жөнінде атқаратын жұмыстарыңыз сәтімен өтсін. Сұхбатыңызға рақмет!

Ақбота БАЯНБАЙ
15 маусым 2021 ж. 457 0