Жайылымдық жердің жайы қалай?
Өткен аптада аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков мәслихат депутаттарының алдында өңірдегі жайылымдық жерлердің жайы хақында баяндама жасады. Иә, 222126 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қоры бар Шиеліде 177231 гектар жайылымдық, 28897 гектар суармалы жер бар. Осынау дарқан жердің бүгінгі жағдайы мен игерілуі қалай? Жер сатуға мемлекет тарапынан мораторий жарияланғалы бес жылдан асты. Осы ретте шаруаларға жер қалай үлестіріліп жатыр? Көкейді мазалаған сұрақтарға ауданның бас агрономы халық қалаулыларының алдында айтқан сөзінен жауап іздеп көрген едік.
Шиелі ауданы – Қызылорда облысының оңтүстігінде Тұран ойпатының жазық кең байтақ алқабын алып жатыр. Ауданның жер бедері, негізінен, жазық дала. Солтүстік шығысында Қаратау жотасының қиыр солтүстік-батыс бөлігінен, оңтүстік батысында Қызылқұм құмды алқабы аралығынан басталып, батысқа қарай кең жайылған. Сонымен қатар, ауданның негізгі су артериясы Сырдария өзені болып табылады. Сырдария өзені негізінен ауданның орталығынан ағады, оңтүстік шығыстан – солтүстік батысқа дейінгі көптеген тармақтары мен салалары бар. Мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың қырық пайызы Сырдария өзенін бойлай орналасқан.
– Иә, кешегі аумалы-төкпелі заманда талай қазақ осы Қызылқұмды басып арғы бетке аспап па еді? Жалпы аумағы 600,0 мың гектарды құрайтын бұл жайылымдық жер бүгінгі таңда шахталы, трубалы (скважина) құдықтар арқылы суландырылады. Қазіргі уақытта 10 пайыз шамасында пайдаланылуда. Алқап тек қана уақ мал мен түйе шаруашылығын өркендетуге жарамды. Аталған мекенде Қарғалы, Бәйтерек ауылдық округінің шаруашылық құрылымдары мал жайып отыр. Сарысу өзені алқабы – 165 мың га. Ал, 250,0 мың га жерді иемдеп жатқан қасиетті Қаратауда жағдай мүлдем бөлек. Малшылардың жаз жайлауына айналған құтты мекен бұлақ, шахталы, құбырлық, құдықтар арқылы суландырылады. Өңір малшыларының 60 проценті қазір осы Қаратауды мекендеп отыр. Еңбекші, Керделі, Бәйтерек, Ақтоған, Телікөл, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінің шаруашылық құрылымдары төрт түлік мал шығарып отырған жайлау ірі қара, уақ мал, жылқы, түйе малдарын күтіп ұстауға өте тиімді. Жылына 12 мың ірі қара, 14 мың уақ мал, 5-6 мың жылқы, 500 бас түйе жайылымға шығатын жайлауға малшылар наурыз айында көшіп, қазан айының екінші онкүндігінде төмен түседі, – деді бөлім басшысы.
Бас агрономның бас көтермей оқыған баяндамасын маслихат депутаттары орта жолдан үзіп, Қаратаудағы жайылымдық жерлердегі су тапшылығы мәселесі жайлы сұрады. Жалпы бұл аудан малшылары арасында көптен бері айтылып жүрген маңызды мәселе қатарында. Рас, қазір жайлаудағы көптеген бұлақтардың көзі бітеліп, түрлі себептермен кешегі кеңес үкіметінде қазылған құдықтар топырақпен көміліп, жарамсыз болып қалған. Соның салдарынан төрт түліктің жағдайы болмай, ала жаздай жылқылар сүліктеп, ірі қараға қарасан келіп, уақ мал жүдеу күйде күздеуге көшіп жатыр. Міне, депутаттарды алаңдатқан да осы проблема болса керек. Аталған түйткілге қатысты сала мамандары алдағы уақытта шешімді шаруа атқаратындарын айтты.
Бөлім басшысының сөзіне сенсек, 2020 жылы мал шаруашылығын дамытып, шаруа қожалығын жүргізу мақсатында 63 азаматқа 11132 гектар жайылымдық жер берілген екен. Соның басым көпшілігін Еңбекші ауылдық округіне қарасты шаруалар аукцион арқылы уақытша игеруге алған. Сонымен қатар, мақсатты пайдаланбаған 6 азаматтан 2071 гектар жайылымдық жер мемлекеттік жер қорына қайтарылған.
Шырайлы Шиелі аграрлы аймақтың бірі болғандықтан жайылымдық жерге баса назар аударған абзал. Соңғы уақытта мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аймақтың қатарындамыз. Еліміздің азық-түлікпен толық қамтамасыз ету міндетін орындауда мал шаруашылығын дамыту айрықша орын алатын болса, оның негізі – табиғи жайылымдарды тиімді және ұтымды пайдалану болып табылады. Жер пайдаланушылар мен меншік иелері үшін табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану, жайылымның тозуын болдырмай, жақсарту шараларын жүзеге асыру кезек күттірмейтін міндет.
Елдос ЖҮСІП