Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына халықтың қанағаттану деңгейі анықталды

Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына халықтың қанағаттану деңгейі анықталды

Қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша халықтың Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттану деңгейі – 75,1% құрады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі 2020 жылы 70 мемлекеттік қызметті көрсету сапасына қоғамдық мониторингті ұйымдастырды.
Сауалнаманы Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы жүргізді.
Қоғамдық мониторингтің мақсаты қызметті алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына, қолжетімділігіне және тәртібіне қанағаттану деңгейін айқындау, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін қызметтің сапасы мен қолжетімділігі туралы қызмет алушылардың ұсыныстары негізінде оларды көрсету кезіндегі проблемалық мәселелерді анықтау болып табылады.
Зерттеудің негізгі тәсілдеріне мыналар жатады: сандық (жаппай сауалнама) және сапалық («терең сұхбат», «жасырын сатып алушы», фокус-топтық сұхбат).
Зерттеу мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалаудың мына негізгі өлшемшарттары бойынша жүргізілді:
- қолжетімділік (қызмет алу барысында ғимаратқа, қызмет алушының сервистеріне, ыңғайлылыққа және жайлылыққа қолжетімділігі);
- ақпарат (қызметті алу тәртібі туралы толық ақпарат);
- қызметкерлер (персоналдың және виртуалды кеңесшілердің жұмысы);
- рәсім, мерзімдер мен күту уақыты, шығындар және кері байланыс (шағымданудың қолданыстағы тәртібіне және нәтижелеріне).
Сауалнама елдің барлық өңірлерін, оның ішінде 260-тан астам елді мекендермен өзге елдердің тұрғындарын қоса алғанда 9 мың респондентті қамтыды (жеке және заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, сарапшылар).
Орталық мемлекеттік органдар арасында бірінші орында Ұлттық экономика министрлігі, оның қызметтері ең жоғары баллмен бағаланды – 4,87 балл және қанағаттану деңгейі 88,1%.
Екінші және үшінші орында Қорғаныс министрлігі (4,86 немесе 88,7%) мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (4,86 немесе 85%).
Рейтингтің аутсайдерлері қатарында:
- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (4,59 балл немесе 72,1%);
- Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (4,53 немесе 72,6%);
- Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (4,49 немесе 70,6%).
Жергілікті атқарушы органдар арасында бірінші орынды Ақмола облысы (4,73 балл немесе 80,3%) алды.
Екінші және үшінші орында Павлодар (4,71 немесе 78,4%) және Шығыс Қазақстан (4,68 немесе 77,2%) облыстары.
Өңірлер рейтингінің аутсайдерлері:
- Шымкент (4,56 немесе 73,4%);
- Алматы (4,56 немесе 73,3%);
- Нұр-Сұлтан (4,56 немесе 72,7%).
Мониторинг барысында қызмет алушылар мемлекеттік органдардың шағымдарға кері байланыстың әлсіздігі, Мемлекеттік қызметтерді ашық қолжетімділікте көрсету тәртібі туралы қажетті ақпаратты іздеудің қиындығы бөлігіндегі жұмысына наразылықтарын білдірді.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жекелеген процестерін автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді «электрондық үкімет» порталымен интеграциялау бойынша ұсыныстар келіп түсті.
Азаматтардың шағымдарының көпшілігі 1414 Бірыңғай байланыс орталығының қызметі тудырды (қоңырау шалу мүмкіндігінің жоқтығы, консультациялардың төмен сапасы, ББО қызметкерлерінің біліксіздігі).
Бүгін мүдделі мемлекеттік органдарға 2020 жылы өткізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері жолданды, осының негізінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қоғамдық мониторинг есебінде көрсетілген ұсынымдарды орындау бойынша шаралар қабылданатын болады.
Өз кезегінде қоғамдық мониторинг ұсынымдарын орындау Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тұрақты бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2014 жылдан бастап «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қоғамдық мониторинг жүргізіліп келеді.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі
05 сәуір 2021 ж. 437 0