Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесі Облыстық қоғамдық кеңесте талқыланды

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мәселесі Облыстық қоғамдық кеңесте талқыланды

Ағымдағы жылғы 25 желтоқсанда өткен Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында аймақтағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасының жай-күйі талқыланды.
Департаменттің ұсынысы негізінде Кеңестің күн тәртібіне енгізілген мәселенің өңірдегі жай-күйі жайлы департамент басшысы Рафхат Бисенов хабарлама жасады. Хабарламада жыл көлемінде жүргізілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау нәтижелері мен электрондық мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру бағытында қолға алынған шаралар туралы баяндап өтті.
«Облыстық қоғамдық кеңестің әлеуетін ескере отырып, мемлекеттік қызметтердің сапасына қоғамдық мониторингті дербес әлеуметтік жоба ретінде қарастыру үшін жергілікті бюджет есебінен тиісті қаражат бөлу мәселесін Кеңес шешімімен облыс басшылығының атына жеткізуді ұсынамын», - деді Р.Бисенов.
Кеңес мүшелері аталған ұсыныстың өзекті екендігін айтып, кеңес отырысының хаттамасына енгізуді қолдады.
Отырыс барысында кеңес мүшелері тарапынан баяндамашыға бірқатар сауалдар қойылды. Атап айтқанда, кеңес мүшесі Болат Нұрхожаев қоғамдық мониторингтің сапасына мән беруді, оның формальды өткізілмеуін бақылау қажеттігін жеткізсе, Абай Шайнуров «Дамумед» қосымшасының жұмысында орын алатын ақаулардың қызмет алушыларға көп кедергілер келтіретіндігін айтты.
Өз кезегінде, Р.Бисенов аталған мәселелер Департаменттің назарында екендігін жеткізіп, кеңес мүшелерін мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру бағытында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі
28 желтоқсан 2020 ж. 500 0