Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас мемлекеттік санитар дәрігер қазақстандықтарға үндеу жасады

Бас мемлекеттік санитар дәрігер қазақстандықтарға үндеу жасады

Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясов Наурыз мейрамына арналған демалыс күндері қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасап, бірқатар кеңес берді деп жазады KAZ.NUR.KZ коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram арнасына сілтеме жасап.

"Соңғы күндері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалатыны, өздеріңізге белгілі. Кеше елдің екі ірі мегаполисінде COVID-19-бен сырқаттанушылық ел бойынша анықталған барлық жағдайлардың 55%-ын құрады.

Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупінің жоғары болуы қоғамдық орындарға, сауда орталықтарына, базарларға барумен, бұқаралық іс-шараларды (үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және т.б.) өткізумен, қоғамдық көлікте алдын алу шараларын сақтамаумен, сондай-ақ үй карантинін сақтамаумен байланысты.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19-дың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында өңірлік жедел штабтардың шешімі бойынша бірқатар шектеу шаралары қабылданды.

COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы бүкіл әлемде байқалады, вирустың жаңа штаммдарының таралуымен байланысты коронавирустық инфекция ауруымен сырқаттанушылық тіркелуде. Әлемнің көптеген елдерінде карантиндік шаралар күшейтілуде.

Алдағы мереке және демалыс күндері әрқайсыңызды өз денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын сақтауға шақырамын және Сіздерге мынадай кеңестер беремін:

Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына барудан бас тарту; халық көп жиналатын орындарға бармау, мереке күндерін жақын адамдардың арасында өткізу;
қонақ шақырудан және қонаққа барудан бас тарту;
жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болмау;
әлеуметтік қашықтықты, маска кию режимін сақтау;
шетелге барудан бас тарту.

Барша қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтаймын және әрбір отбасына зор денсаулық, амандық тілеймін және барлығымыз бұрынғы өмірімізге қайта оралайық!" - делінген Ерлан Қиясовтың үндеуінде.
22 наурыз 2021 ж. 330 0