Футбол лигасы өз мәресіне жетті
Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде футболдан «Шиелі футбол лигасының қысқы чемпионаты» атты жабылу салтанаты өтті.
Қаңтар мен наурыз аралығында Талғат Кансахаев пен Азамат Сәрсебековтың ұйымдастыруымен аудандық спорт мектебінде сенбі, жексенбі күндері бұқаралық спорт түрі футболдан матч өтіп жүрді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, аудандағы бұқаралық спортты дамыту, жастардың уақытын босқа өткізбеу мақсатында ұйымдастырылған ойынға Шиелі ауданына қарасты ауыл жастары мен әртүрлі мекемелерден әуесқой ойыншылар қатысты. 15 тур бойынша 16 команда бақ сынады. Әр команда 15 әуесқой футболистерден құралған. Жалпы 240 футболшы қатысқан. Ойын алаңында Еркінбай Ермағамбетов, Сүйіндік Көшеков, Мағжан Ізбасар, Ернар Кенжеәлиевтер алмасып төреші қызметін атқарды. Жұмыстан кейінгі ойын әуесқой футболшыларға жұмыс барысындағы шаршаңқылықты, көктемгі әлсіздікті жойып, жан мен тән саулығына сергектік сыйлады.
Екі ай уақыт ішінде өткен қысқы чемпионат барысында 16 командадан Көкшоқы командасы І орынды, Бестам командасы ІІ орынды, аудандық емхана жігіттері ІІІ орынды иеленсе, жолдастарынан оқ бойы оза шапқан Еңбекші ауылынан «Үздік қақпашы» Нартай Шәрібек, Төңкеріс ауылынан «Үздік қорғаушы» Сейілбек Қиянбеков, Шанхай мөлтек ауданынан «Үздік шабуылшы» Нұрсағат Шайық, Көкшоқы мөлтек ауданынан «Үздік сұрмергер» Мағжан Жахмур, «Үздік ойыншы» Бақытжан Өмірәлиевтер белсенділік танытты. 15 турнирден тұратын ойын өз мәресіне жетіп, 9 наурызда аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде қысқы лиганың жабылу салтанаты өтті. Аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов және аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров, спорт ардагері, жаттықтырушы Нұрмаш Аманқұлов, спорт шеберлері, аяқдоп спортының ардагерлері Дархан Бекішов пен Бағдат Ерденов үздік ойыншылар мен командаларды медаль, кубок, диплом, ақшалай сыйлықтармен марапаттады. «Бұл қыстық лига жабылғанымен ары қарай жалғасын тауып, жазғы лига мамыр айында басталады», –деді ұйымдастырушы Талғат Берікболұлы.
Айта кетейік, 2020 жылы Балабек Ержановтың демеушілігімен Шиеліден құралған әуесқой футболшылар «Айсұлтан» командасы аталып, облыстық қысқы лигадан чемпион атанған.
Ақбота БАЯНБАЙ