Бабын тапсаң – байлық жерде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге еліміздегі ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сату немесе жалға алуға тыйым салуды тапсырды.
Бұл туралы мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтты. Президент өз сөзінде «Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шет елдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет», – деді. Сонымен бірге ол жерге байланысты 4 тапсырма жүктеді.
«Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салынады. Заң жобасын Президент әкімшілігі әзірлейді.
Екіншіден, бір айдың ішінде жер реформасы жөнінде комиссия құрылып, 25 наурыздан бастап жұмысқа кіріседі. Комиссия құрылып қана қоймай, оның құрамына аграрлық саланың беделді өкілдері мен жер мәселесін жетік білетін сарапшылар қосылады.
Үшіншіден, үкімет тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәмілеге келіп, түбегейлі байлам жасау керек.
Төртіншіден, комиссия жұмысының әрбір кезеңі мен ұсыныстар халыққа үнемі жарияланып отыру керек. Себебі ақпараттың жеткіліксіздігінен түсініспеушілік туындауы мүмкін. Басты міндеттің бірі – комиссия жұмысын және қабылданған шешімді мейілінше ашық көрсету.
Бұл 4 кезең тиісті деңгейде жүзеге асырылса қоғам тарапынан көтерілген барлық мәселені дұрыс және тиімді шешуге болады. Бұл шешімдер, ең алдымен ел экономикасын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған. Ең бастысы, жер шетелдіктерге сатылмайды», – деп нақтылады Президентіміз.
Рамазан Әнәпия