Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Зейнетақы мен жәрдемақы өсті

Зейнетақы мен жәрдемақы өсті

Сиыр жылы сыйымен келді. Себебі, жаңа жылдан бастап зейнетақы төлемдері 7 процентке артты. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңына сәйкес енді зейнетақымен қатар айлық есептік көрсеткіш мөлшері мен күнкөріс деңгейі, сондай-ақ балалар жәрдемақысы да көбеймек.
Мәселен, өткен жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 2778 теңгені құраса, биылдан бастап бұл сомма – 2917 теңге болмақ. Сонымен қатар ең төменгі зейнетақы да – 40441 теңгеден 43272 теңгеге дейін ұлғайды. Елімізде мемлекеттік базалық зейнетақы да өсті. Егер былтыр ол – 17641 теңге болса, бүгінде – 18524 теңгеге жетті. Ал базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34302 теңге шамасында белгіленді. Былтыр бұл көрсеткіш мөлшері – 32668 теңге болған. Айта кету керек, Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері – 42500 теңге.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңға сәйкес 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығы беріледі. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын төменде көрсетілген азаматтар пайдалана алады:
– жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар;
– сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;
– зейнеткерлікке шыққан азаматтар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50 процентінен аспайтын шекте.
Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланыс­ты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40 процентке) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.
Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10 проценті тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аз емес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы «жеткіліктілік шегі» ретінде қарастырылады. «Жеткіліктілік шегі» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі. Бұл ретте ол қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және басқалар) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.
Алдын ала есептеу бойынша мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. Мұнымен қоса, 35 жас үшін – 2 млн 961 мың теңге, 40 жас үшін – 3 млн 437 мың теңге, 45 жас үшін – 3 млн 947 мың теңге, 50 жас үшін – 4 млн 495 мың теңге, 55 жас үшін – 5 млн 084 мың теңге, 59 және одан үлкен жас үшін 5 млн 586 мың теңге қажет. Яғни, бұдан асқан соманы өз еркімен алуға құқылы.
Енді балалар жәрдемақысын сөз етсек. Осыған дейін 1-4 балаға дейін төленетін бір ретік төлем көлемі 105 564 теңгені құраса, енді 110 846 теңге болды. Ал 4 және одан көп бала туылғанда төленетін қаржылай көмек 175 014 теңгеден 183 771 теңгеге арттырылды. Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы мөлшері туу кезектілігіне байланысты көбейтілген сомма төмендегідей:
– Бірініші балаға – 16 802 теңге
– Екінші балаға – 19 865 теңге
– Үшінші балаға – 22 899 теңге
– Төртінші және одан да көп балаға – 25 962 теңге.
Айта кетейік, аймақта зейнетақы мен жәрдемақы алушылар саны 236 мыңнан астам. Бұл деген сөз биыл осынша көлемдегі тұрғындардың кірісі көбейеді. Жалпы жаңа жылда әлеуметтік саланы әлдендіру бағытындағы жұмыстар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейе бермек.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
08 қаңтар 2021 ж. 577 0