2021 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерінің мөлшері арттырылады
«2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес,01.01.2021ж. бастап:
– Айлық есептік көрсеткіштің мөлшері (бұдан әрі - АЕК) – 2917 теңге;
– Ең төменгі зейнетақы – 43272 теңге;
– Базалық зейнетақы төлемі – 18524 теңге;
– Күнкөріс деңгейі – 34302 теңге;
– Ең төменгі жалақы – 42500 теңге мөлшерінде белгіленді.
Осыған байланысты, келесі жылдан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері алынатын мөлшердің 7% арттырылады.
2021 жылы тағайындалатын зейнетақы төлемін есептеу үшін ескерілетін табыс ең жоғарғы 46 еселенген АЕК-тен (134182теңге) аспауға тиіс.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының ұлғаюына байланысты көбейтіледі, оның мөлшері «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес, күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық арақатынаста белгіленеді.
Мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға, бала кезінен 1-топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асырушыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы алушылардың төлемдері күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады.
№1, №2 Тізім бойынша (Ерекше ауыр және зиянды жұмыс істеген адамдар үшін) мемлекеттік арнайы жәрдемақылар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалар жәрдемақыларының мөлшері АЕК мөлшерінің ұлғаюына байланыстыарттырылады.
Балалар жәрдемақысына қатысты, бала туылғанда берілетін бір жолғы жәрдемақы мөлшері бірінші-үшінші бала туылғанда105564 теңгеден (2020ж.), 110846 теңгеге (2021ж.) немесе 5282 теңгеге, ал төрт және одан да көп бала туылғанда берілетін жәрдемақы 175014 теңгеден 183771 теңгеге немесе 8757 теңгеге артады.
Бала бір жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мөлшері тууы кезектілігіне байланысты: бірінші балаға 16802 теңге, екінші балаға 19865 теңге, үшінші балаға 22899 теңге, төртінші және одан да көп бала туылғанда 25962 теңгені құрайды.
4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады.
8 және одан көп баласы бар отбасыларға әрбір балаға жәрдемақы 4 АЕК мөлшерінде белгіленеді.
2 Атап айтқанда, 4 балалы отбасыларға 46760 теңге, 5 балаға – 58457 теңге, 6 балаға – 70154 теңге, 7 балаға – 81852 теңге, 8 балаға – 93344 теңге, 9 балаға – 105012 теңге, 10 балаға – 116680 теңге және одан әрі қарай бала санына байланысты есептелінеді.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 236,9 мыңнан аса алушыларға зейнетақы және жәрдемақы мөлшерлерін арттыру және 2021 ж. қаңтар айының төлем қажеттілігіне енгізу жұмыстары толығымен аяқталды.
Л.Боранбаева,
Еңбек, әлеуметік қорғау және көші-қон
комитетінің Қызылорда облысы бойынша
департамент басшысының орынбасары
Еңбек, әлеуметік қорғау және көші-қон
комитетінің Қызылорда облысы бойынша
департамент басшысының орынбасары