2020: Ел есінде қалған әсерлі сәттер
Елді елең еткізген тағы бір оқиға – Мақтааралдағы су тасқыны.
68
қаралым
Биыл тосын оқиғаларға толы жыл болды. 2021 жылға санаулы күндер ғана қалды. Өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалды? Кімді жоғалттық, неден айрылдық? Жан түршігерлік оқиғалар қандай? Жұрт неден шаршады? Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде жыл туралы әзіл-қалжыңдар, түрлі карикатуралар көп.
Айтқандай, Wikipedia жылдың елеулі, адамзат үшін маңызды оқиғаларының тізімін жасады. Биыл елуден аса ел халықаралық қауымдастықты елең еткізген екен. Жаһандық тізімге Қазақстандағы бірнеше оқиға да еніпті.Мысалы, 2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» деп жарияланды. Мұны Wikipedia әлемдегі маңызды саяси оқиғалардың бірі санайды. Оны батыс елдерінің осы оқиғаға ерекше мән беруінен байқауға болады.
Сондай-ақ Wikipedia Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы төбелеске де жеке тоқталыпты. Ел билігі мұны бұзақылық, тәртіпсіздік деп бағалады. Ал жаһандық энциклопедия не дейді?
Ақтөбеде туризм, кәсіпкерлік және коммуналдық сала дамиды
Қызылжар ауданының 20 ауылында су мәселесі шешіледі
Nur Otan Тастөбе ауылын табиғи газбен қамтуға ықпал етеді
«2020 жылғы 7 ақпанда Қазақстанның оңтүстігінде, Жамбыл облысының Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс орын алды. Биліктің байламынша, оған тұрмыстық шиеленіс себеп болған.
Қақтығыс салдарынан 11 адам қаза тапты, тағы 185 адам медициналық көмекке жүгінді.
23 мыңнан астам тұрғын, негізінен дүнгендер, көрші Қырғызстанға қашты. Қазақстанда қалған бірнеше мың дүнген мешіттерде, шекаралық завставаларда бас сауғалады. Жалпы саны 778 жергілікті отбасы зардап шекті», – дейді Wikipedia сарапшылары.
Коронавирус ықпалынан болған өзгерістер жер шарындағы барлық адамзатқа және тіпті, ғарышқа да әсер етті.
Өйткені ғарышкерлер халықаралық ғарыш станциясына жету үшін бірнеше күнге созылған карантинге төзуге мәжбүр болды.
Пандемия қала көшелерін бос қалдырды. Есесіне, әйгілі туристік аймақтардың ауасы мен суы айтарлықтай тазарды.
Адамдар өз үйінде оқшауланды. Оңаша қалды. Отбасы бір-бірімен қауышуға мүмкіндік алды. Осынау қиын сәттерде бір-біріне ерекше қолдау білдірді. Оның көрінісін «балкондағы» концерттерден байқауға болады.
Олар көшеде пинг-понг ойнауды меңгерді. Балық аулау мен үй жануарларын бағып-қағуда дрондар мен басқа да әдістердің көмегіне жүгінуді үйренді.
Осындай қиын сәтте мемлекет карантинде ешқандай кіріс көзінсіз қалған азаматтарға 42500 теңге жәрдемақы төледі. Бұл да болса, кіріссіз қалған азаматтарға үлкен қолдау болды.
Бірінші кезеңде 4,6 миллион адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның ішінде 40 пайызы – жалдамалы қызметкерлер, 400 мыңға жуық жеке кәсіпкер, сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем төлегендер, жеке кәсіппен айналысатындар және келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер.
Екінші рет 3,8 млн адам алды. Үшінші рет ресми мәлімет бойынша 2,4 млн азамат 42 500 теңге алған. Шілдеде 42 500 теңге тағайындалған қазақстандықтарға карантин режимінің ұзартылуына сәйкес, 21 250 теңге автоматты түрде түсті. Ал тамыз айында алғаш рет өтінім жібергендерге 63 750 теңге (42 500 + 21 250 теңге) төленді.
Елді елең еткізген тағы бір оқиға – Мақтааралдағы су тасқыны.
Өзбекстанда жарылған Сардоба су қоймасынан келген су Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас және Достық ауылдарын басып, жеті мыңнан аса гектар егіндікті шайып кетті.
Судан үркіп, үдере көшкен елдің саны отыз бір мыңнан асты. Су басқан ауылдарын алыстан күзеткен тұрғындар құлаған үйлерін көріп, үнсіз жылады.
Үшінші күн дегенде судың ағысы тоқтады. Ауылды су алғанын, үйінің қирап, баспанасыз далада қалғанын естігенде әйелдер көз жасын тыя алмады.
Қиын сәтте тағы да мемлекет көмек қолын созып, баспанасыз қалған жандарды баспанамен қамтуға тырысты. Үйсіз-күйсіз қалған азаматтарды ауыл-ауылға орналастырып, қамқорлық көрсетті.
Қазан айында әлеуметтік желіде балаларын аяусыз ұрған әкенің видеосы қызу талқыға түсті. Кейін анықталғандай, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылының тұрғыны бала-шағасына зәбір көрсетіп келе жатқанына бірнеше жыл болыпты. Келіншегі осыған дейін полицияға екі рет арызданған.
«Әке-шешем мені солай тәрбиелеген. Ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Қалай тәрбиелесем де, өзім білемін. Ешкімнің шатағы болмасын», − деп бала-шағасын жұдырықпен тәрбиелеуді мақсат тұтқан әкенің мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды.
2020 жыл: адамзат жақынынан айырылды, бауырын жоғалтты, қимасынан көз жазып қалды. Қаншама дәрігер от пен судың ортасында жүріп, індет жұқтырған жандар үшін күресті. Бейбіт заманда өмір мен өлім күресі жүріп жатты. Бала анасынан, әкесінен айырылды. Қариялар үйінен алыс шыға алмай қалды. Жақынын жоғалтпау үшін оңаша қалудан басқа амал болмады. Осынау қиын сәттерден арылатын күн туса екен деп тілейді. Бұл – жер бетіндегі адамзат баласына келген нәубет! Халық тыныштық пен мейірімнің қадірін бағалай түсті. Тағдырлы кезеңнің бәрі артта қалып, 2021 жыл ақ түйенің қарны жарылған, молшылық жылы болса деген тілегіміз ғана бар.