Жұмыспен қамту – басты міндет
Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Ал сол бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді орындап, жоспарларды жүзеге асыру – жергілікті биліктің міндеті. Халықтың басым көпшілігі аудан-ауылды жерлерде шоғырланғандықтан, бағдарламаларды мейлінше ел игілігіне жарату да басты мақсат болуы тиіс. Анығын айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру, «Еңбек» бағдарламасының орындалуы мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру Шиелі ауданында өз деңгейінде жүргізіліп жатыр.
Статистиканы сөйлетсек, ауданда экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 38 003. Оның 36 156-сы жұмыспен қамтылған. Яғни, 16 374-і жалдамалы қызметкер болса, 19 782-сі өз бетінше жұмыспен қамтылған халық. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,5 процентті құрап отыр бүгінде.
Статистиканы сөйлетсек, ауданда экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 38 003. Оның 36 156-сы жұмыспен қамтылған. Яғни, 16 374-і жалдамалы қызметкер болса, 19 782-сі өз бетінше жұмыспен қамтылған халық. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,5 процентті құрап отыр бүгінде.
Шырғалаң күйге түсірген карантин кезінде алдымен ағайынның амандығы назарға алынып, шаруаның көбі тұралап қалды. Мұны жасыруға болмас. Дей тұрғанмен, жұрттың нәпақасыз қалмауы үшін мүмкіндігінше жағдай жасалып-ақ жатыр. Бұл бағытта киелі Шиеліде біраз жұмыс жүйелі ұйымдастырылып, еңбекке тартылған тұрғындардың қатары да көбейді. Осындай ауқымды іс-шараларды ілгерілетуге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы айтарлықтай септігін тигізуде. 2020 жылы аудан бойынша 2000 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланып, күні бүгінге дейін 2278 жаңа жұмыс орны құрылды.
Ашылған жаңа жұмыс орындарының 500-і ауыл шаруашылығы саласында, 331-і құрылыста, 17-сі көлік және қозғалыс, 162-сі көтерме және бөлшек саудада, 11-і білім беруде, 785-і экономикалық қызметтің басқа да саласында және 462-сі уақытша жұмыс орындарында ашылды.
Аталған бағдарлама аясында техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз етудің бірінші бағыты бойынша нысаналы топтағы 75 азаматты 3 жылға дейінгі мерзімді құрайтын кәсіптік білім беру оқу орындарында оқыту жоспарланған. Тиісінше аудандық білім бөлімі арқылы 13 оқу орнына 142 азамат кәсіптік білім алуға жолданды. Жоспарға сай «Тоғжан» тігін цехына «тігінші» мамандығы бойынша 20, ЖК «Оспанов Н» «Даниал» шаштаразына «шаштараз шебері» мамандығына 30, «маникюр-педикюр шебері» мамандықтары бойынша 10 адам 3 айлық қысқа мерзімді оқу курстарына жолданған болатын. Оның 47-сі оқуын аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналасты.
Бұдан бөлек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жыл көлемінде 268 азаматты кәсіпкерлік негіздерінде оқыту көзделген. Ал бүгінге дейін 323 азаматқа жоба аясында оқу курстарынан өтуге жолдама беріліп, жағдайға байланысты онлайн режимде оқытылды. Курс оқыған 268 азамат сертификатталған маман болса, 235 азамат қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін сәтті бастауға мүмкіндік алды. Ал төртеуі шағын несиеге ие болды. Биылғы жоспарға сәйкес 675 тұрғынға жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бағытында 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант берілген.
Бағдарламаның үшінші бағыты аясында ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына 130 азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, бүгінге дейін 207 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына уақытша негізде жұмысқа жолданды. Ал отызы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар ақылы қоғамдық жұмыстарға 954 азаматты іс-жүргізу құжаттарымен жұмыс жасауға және санитарлық тазалық жұмыстарына жолдау жоспарланған болатын. Сәйкесінше, 1246 азамат ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданып, 181-і тұрақты жұмыспен қамтылды.
Саралап қарар болсақ, мемлекеттік бағдарламалардың шарапаты халыққа тиіп жатыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жөндеу көрмеген нысандар жөнделіп, ауыл-аймақ абаттанып ғана қойған жоқ, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Ауданда бұл бағдарлама бойынша 21 жоба жүзеге асуда. Оның 14-і аяқталып, объектіні пайдалануға қабылдау актісінің негізінде «Жұмыс орындарын құрудың интеграциялық картасында» жобалар жабылған.
Жол картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жалпы саны 681 болса, оның 50 проценті жұмыспен қамту орталығы арқылы қамтылуы тиіс. Күні бүгінге дейін аталған орталық арқылы 361 азамат жұмысқа жолданса, жұмыс беруші мердігер тарапынан 359 жұмысшы қабылданған. Айта кету керек, жұмысқа жолданған 355 азаматтың еңбек шарттары «Электронды еңбек шарттарын есепке алу» ақпараттық жүйесіне тіркелген. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберіндегі жобалардан жұмыстан босаған азаматтардың 40-ы тұрақты жұмысқа орналасса, 37-сі ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған. Қоса кету керек, жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданған 351 азаматтың 46-сы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларынан, 13-і пробация қызметінің есебінде тұрғандар, ал 7-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Расында да, елімізде аталған бағдарламалар қабылданған кезде баршамыз аспанға бөркімізді атып қуандық. «Екі қолға бір күрек» таппай жүргендер жұмысқа орналасса, қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін бастаса, мемлекет тарапынан беріліп отырған басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып қалса тұрғындарға ең қажеті осы болмақ.
Сұлушаш МАДИЯРОВА