Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел сүйсінген «Сырлы саз»

Ел сүйсінген «Сырлы саз»

Қарт Қаратау мен еркелей аққан Сырдария өзенінің ортасында орын тепкен киелі Шиелі жері қашанда өнерлі жандарға бай. Иә, олардың тұнық үндері тау басынан сылдырлап аққан бұлақтай естіген жанның жан дүниесін қозғап, жүрегіне шым-шым от құйып, ән әлеміне қалықтатып ала жөнеледі. Солардың бірі өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы мен дара жолы бар – «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі.
Қадым заманнан бері түркі халқы қазақ елін ұлттық өнердің ұраншысы санайды. Себебі дәстүрін дәл біздей дәріптеп, ұлттық аспабын ұлықтаған ел кемде-кем. Оның жүректі сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық-қуанышы ән мен күйінің ырғағында жатыр. Ал біздер бабадан қалған асыл қазынаны биікке көтермесек, сүйекке таңба болары сөзсіз. Осы тұрғыдан алғанда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызы зор. Қазақы мәдениетіміздің мәртебесін көтеріп, ескерусіз қалған ескі естеліктерді еске түсіруде айрықша үлес қосуда. Соның аясында өңірімізде де көптеген игі істер жүзеге асып жатыр. Солардың басы қасында бой көрсетіп жүрген осы «Сырлы саз» фольклорлық ансамблі десек, шындықтан шалғай кетпейміз.
Туған халқымыздың төлтума өнерін, ұлттық фольклорын насихаттау мақсатында 2012 жылы құрылған бұл ансамбль бүгінде төрт құрлыққа болмаса да, республикаға, облысқа танымал өнер ұжымдарының біріне айналып үлгерді. «Сырлы саз» небәрі сегіз жылдың ішінде бірнеше конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлаған. Атап өткен жөн, 2017 жылы облыстық «Наурыз шапағаты» байқауында фольклорлық ансамбльдер арасында және Қазалыда өткен «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың!» атты облыстық байқауда ІІ орын алды. Дәл сол жылы күйші Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдығына арналған «Күй абыз – Әлшекей» атты аймақтық байқауда ІІ орын алса, биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар ансамбль 2020 жылы «Батыс жауһарлары» республикалық байқауында Бас жүлде иегері болды.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Нариман­ Мизамбаев. Музыкалық жетекшілікті бас қобыз аспабының маманы Гулнар Джунаева, концертмейстрлік қызметті баяншы ­Досхан Абатұлы атқаруда. Ән – көңілдің ажары. Десе дегендей-ақ, күміс көмей әншінің құйқылжыта шырқаған әндері жүректен-жүрекке жетіп жатса, адамның көңіл сарайы ашылып, жанына жайлылық орнары хақ. Ендеше, ансамбль құрамындағы жезтаңдай әншілердің аты-жөндерін тізбектей кетейік, Гүлнаш Әбдіразақова, Гүлзира Құрбанғалиева, Дәурен Беркінбаев, Нұртілек Ақтаев, Меруерт Дүйсебаева.
Айта кеткен жөн, 2019 жылдан бері ансамбль «Арман» мәдениет үйімен бірлесіп жұмыс жасауда. Сонымен қатар жергілікті және әлем сазгерлерінің шығармаларын нотаға түсіріп, дәріптеп келе жатыр. Ұстаздықпен қоса сахна саңлағына айналған «Сырлы саздықтар» қасиетті өнерді жандандыру жолында әлі де аянбақ емес!

Сұлушаш МАДИЯРОВА
12 желтоқсан 2020 ж. 291 0