Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ МҮБАРАКОВ ҚАМБАРБЕК АМАНГЕЛДІҰЛЫНЫҢ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУІ

ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ МҮБАРАКОВ ҚАМБАРБЕК АМАНГЕЛДІҰЛЫНЫҢ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҮНДЕУІ

Құрметті Шиелі ауданының тұрғындары мен қонақтары!
Өздеріңізге белгілі, әлемде коронавирус инфекциясының таралуы әлі де жалғасуда.Оған дәлел республика бойынша кешегі 22 қарашадан 23 қарашаға қараған бір түннің өзінде 716 адам жұқпалы індетті жұқтырған. Сондай-ақ Шиелі ауданында да, өкінішке қарай, коронавирус инфекциясымен тіркелген 4 науқас анықталып отыр.Тіркелген науқастар ерекше бақылауға алынды, тиісті емдеу жұмыстары жүргізіліп, олармен байланыста болғандар шұғыл оқшауландырылды.
Осыған орай ауданымызда сақтық шаралары мейлінше күшейтілуде. Аудан орталығы мен барлық ауылдық округтердегі кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандарда және тұрғындар мен халық көп шоғырланатын орындарда түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда орталық дәріханалардың көпшілігінде медициналық маскалар мен дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Еріктілер тобы да өз үлестерін қосуда.
Жалпы көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, коронавирус індетін дүние жүзі бойынша 55,6 миллион тұрғын жұқтырып, олардың 1,34 миллионы қайтыс болған. Рес­публика бойынша 123 888 адам тіркеліп, оның 1945-і қайтыс болды. 111 483 науқас емделіп шықты.
Бұл көрсеткіштер коронавирус қаупінің әлі де күшейіп тұрғанын білдіреді. Сондықтан өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін медициналық бетперде тағып, жеке гигиеналық-санитарлық талаптарды қатаң сақтауларыңызды сұраймыз!
Әсіресе, адамдардың көп жиналатын орындарында қатаң арақашықтықты сақтап, түрлі жиын-отырыстардан аулақ болып, той -томалақты тоқтатайық. Бағыныстылығына, меншік нысанына қарамастан барлық мекемелерде, білім беру, мәдениет нысандарында антисептиктің болуы және қызметкерлердің жұмыста бетпердемен болуы талап етіледі.
Қаншама құрбандықтармен келген қатерлі індетпен күрес бір сәт те тоқтамайды. Індеттің беті қайтуы бұл барша аудан тұрғындарының бірлескен күресінің нәтижесі деп есептеймін. Алдағы уақытта да осындай бірлік пен тәртіптің арқасында қатерлі індетті біржола еңсереміз деп сенемін.
Сіздерді өзіміздің отбасымыздың, әулетіміздің, бауырларымыздың амандығы үшін барлық қауіпсіздік шараларына сабырмен қарауға, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын!
24 қараша 2020 ж. 592 0