Денсаулық саласы олқылықты көтермейді
Қоғамдық кеңес кемшілікке көз жұма қарамайды. Денсаулық саласындағы сан түрлі мәселені қойын дәптерге түрте жүріп, шешімін табуға атсалыспақ. Әлі де болса әлемді аралап жүрген вирустың екінші толқынын жақындатпау үшін медицина саласын қатаң түрде пысықтау қажет. Пандемия кезінде жіберілген олқылықтардың орнын толтыру, ақ халаттыларға айтылған арыз-шағымның ақ-қарасын ажырату да назарда. Бұл жолғы бағыт Бала би, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл, Жансейіт, Сұлутөбе, Тартоғай, Ы.Жақаев, Еңбекші ауылдық округтеріне түсті.
Шиелі ауданаралық емхананың ардагері, терапевт дәрігер Сейткамал Исламов бастаған Қоғамдық кеңес мүшелері Амангелді Абдрахманов, Тұрмат Баймағамбет, Нұрболат Пірімбет 2020 жылы «Денсаулық» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізу мақсатында іс-сапарды жалғастырды.
Шиелі ауданаралық емхананың ардагері, терапевт дәрігер Сейткамал Исламов бастаған Қоғамдық кеңес мүшелері Амангелді Абдрахманов, Тұрмат Баймағамбет, Нұрболат Пірімбет 2020 жылы «Денсаулық» бағдарламасының жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізу мақсатында іс-сапарды жалғастырды.
Бас дәрігер Н.Әмірдің мәліметіне сүйенсек, Шиелі ауданаралық ауруханасы бойынша 2020 жылдың 9 айында барлық түскен қаржы 2 982 160 399 теңгені құрайды. Оның 72,3 проценті айлық табысқа, 10,6 проценті түрлі салыққа, 3,4 проценті азық-түлікке, 6,4 проценті дәрі-дәрмекке, 1,8 проценті коммуналдық қызметтерге, 9,6 проценті жанар-жағар май мен басқа да шығындарға жұмсалған. Ал бүкіләлемдік пандемия кезінде дерттің алдын алу мақсатында 236 270 180 теңге қаржы қаралған. Алайда бұл қаражат қызметкерлердің жалақысы және дәрі-дәрмек пен азық-түлікке ғана жетті. Пандемия кезінде науқастардың саны күрт өсіп, оларды оқшаулап ұстау үшін қажетті төсек орындар мен қорғаныш костюм, қолғап, деохлор, термометр, пульксосиметрлер алу үшін кәсіпорын тарапынан қосымша 42 234 210 теңге қаржы бөлінгенін айтты. Бұл қаржылар жалпы медицина саласының төтеден келген вирусқа төтеп беруге әзір еместігін аңғартса керек. Сол себепті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев денсаулық саласын дамытуға ден қойып отыр.
Бала би дәрігерлік амбулаториясы 1963 жылы пайдалануға берілген. 3500-ге тарта халқы бар ауылда 2 аға дәрігер жұмыс істейді. Бөлім меңгерушісі Ж.Ертаева «Интернет өте баяу істейді. Науқастарды көп күттіргеннен түсініспеушілік туындап та жатады. Сонымен қатар жедел жәрдем көлігі де ескі» деді. Мұндағы ақ халаттылардың басты қалауы – жаңа ғимарат пен жедел жәрдем көлігін жаңалату. Осы сынды мәселе Ортақшыл ауылдық амбулаториясында да кезігеді. Аға дәрігер Н.Амантауова 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ортақшыл ауылына қарасты Қызылқайың мен Жансейіт ауылының халқына да қызмет көрсетеді. Ал ғимараты апатты жағдайда тұр. Мұндағы басты қиыншылық – интернет. Тіпті ауылдағы науқастармен байланысқа шығудың өзі мұң. Дәрігерлер сеть ұстамайтындықтан науқастардың қалта телефонына да хабарласа алмайтын кездер барын айтады. Қазақ елі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды көздеп отыр. Бұл жолда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Дегенмен ІТ-технологияның қызығын көрмек түгілі Сұлутөбе дәрігерлік амбулатроиясына хабарласа алмай отырған Бірлестік, Майлытоғай сынды ауыл тұрғындарының интернетке тәуелді болып отырғанын жасыра алмаймыз. Ауылдық жерлердегі интернет желісінің баяулығы ақ халаттыларға қолбайлау болып тұр. 22 ауылдық округтің 90 проценті осы мәселеден қиындық көріп отыр. Сондықтан «ҚазақТелеком» компаниясымен байланысқа шығып, бұл мәселені шешу жолдарын қарастыру қажет-ақ.
Сондай-ақ Шиелі ауданаралық аурухана мен Сұлутөбе, Бәйгеқұм ауылдарындағы дәрігерлік бөлімшелердегі әжетханаларды іске қосу қажет. Бұл қарт науқастардың қажеттілігінен туындап отыр. Әжетхана бар болғанымен іске қосылмауы септиктің жоспарға сай еместігімен байланысты десті. Бұл мәселені қатаң назарға алу қажет. Өйткені қыстың күні әсіресе, үлкен кісілердің сыртқа шығуы қиын.
Сұлутөбелік дәрігерлер «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында көлік апаты жиі болатынын жеткізді. Мәселен, бір қыстың өзінде 11 жол апаты болған. Алғашқы көмекті көрсеткен аға дәрігер Сабира Дүйсенбекова «Апатты жағдайға арналған бекетті Бәйгеқұмның тұсынан емес, осы маңға орналастыруы керек еді» дейді. Өйткені ескі жедел жәрдем бірде жүрсе, бірде жүрмейді. Оның үстіне жалғыз көлік кейде Шиеліге науқас әкетіп қалатын кездер болады. Сол мезетте көптеген қиындыққа кездесіп жататындарын айтты.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ