Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты басты назарда

Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты басты назарда

1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялады. Онда көтерілген бас­ты мәселелердің бірі – азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына басымдық беру. Осыны ескерген Шиелі ауданының әкімі Қ.Мүбараков ауыл тұрғындарымен жүздесіп, бас­ты мәселелерді талқылады.
Аудан басшысы халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін, жалпы дамудың өзекті мәселелерін қамтыған Мемлекет басшысының тапсырмаларын назарға ала отырып, ауыл халқының тыныс-тіршілігімен танысты. Жолдауда көрсетілген «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму», «Қолжетімді әрі сапалы білім», «Цифр­ландыру – барлық реформаның негізгі элементі» сынды тарау­ларда көрсетілген тапсырмалардың орындалу барысын саралап, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жолында атқарылар жұмыстың барысын баяндады. Ауыл халқына Мемлекет басшысының тапсырмасын түсіндіріп, бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
Ең әуелі аудан басшысы Гигант, Керделі, Төңкеріс, Жиделіарық ауылдық округтерінде болып, ауыл халқының хал-ахуалымен танысты. Ел Президентінің Жолдауында көрсетілген өзекті мәселелердің шешімін халықпен бірге бірлесіп, олардың тұрмыс-тіршілігін көзбен көрген аудан әкімі Қ.Мүбараков тұрмыс сапасын жақсартып, ауылдың әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсарту жолында жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Бірінші Гигант ауылының тұрғындары учаскелік полиция инспекторына көмекші керектігін жеткізді. Осылайша мал ұрлығы мен заңсыз іс-әрекеттің жолын кесуді қалады. Ал Керделінің халқы ауылға көгілдір отын жеткізілсе деген тілегін білдірді. Сондай-ақ көшені жөндеу қажеттігі айтылды.
Аудан басшысы келесі бағытын Төңкеріс ауылына бұрды. Бұл жақтың тұрғындары да газ тарту жұмысын қолға алуды қалап отыр. Жылу мәселесінен бөлек жел тұрса, жылп етіп сөне қалатын жарық мәселесі де әлі күнге шешімін таппай тұр десті. Сонымен қатар ауыл жанындағы каналды қазу мәселесі көтерілді. Аудан әкімі Қ.Амангелдіұлы одан әрі Жиделіарықтағы ағайынның ахуалын аңдамаққа жол жүрді. Аңдап қарасақ барлық ауылдағы мәселенің бірі көгілдір отынның жетіспеуі екен. Күз таяп, күн суыта бастады. Халық көкейіндегі бұл мәселенің айтылып келе жатқаны биыл ғана емес. Ауыл халқының газға қол жеткізу тілегі өткен жылы да көтерілген болатын. Одан қалды ескірген электр бағаналары да шешімін таппай тұрғанына бірнеше жылдың жүзі өтті.
Төрт ауылдағы түйіткілді көкейге түйген аудан басшысы алдағы уақытта шешімін табады деп жылы қайырды. Алайда аталған мәселенің бәрі қаражат пен уақытқа келіп тірелетінін де жасырған жоқ. Дегенмен алдағы жұмыс жоспарына осы мәселелерді енгізетінін айтты. Сондықтан түйіні тарқатылмаған бұл мәселелердің шешімі оң болар сәтті алдағы уақыт еншісінен күтеміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
15 қыркүйек 2020 ж. 1 106 0