Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйінді мәселелер тарқатылды

Түйінді мәселелер тарқатылды


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жария етті. Мұқият тыңдап шықтым. Жолдауда ел қамы үшін көптеген мәселелер ашық айтылды.

Рас, әлемдік індет баршамызды әбігерге түсірді. Халқымызға тән асыл қасиеттердің арқасында ғана онымен біз күресе алдық. Бірақ әлі де босаңсуға болмайтынын ескертті Президент. Және соған сай алдағы уақытта пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленбек. Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшкені белгілі. Бұл мектеп пен жоғары оқу орындарының тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды» деді Мемлекет басшысы. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы артып, бір бағытта жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметкерлер саны 2021 жылы 25 пайызға кысқарталмақ. Бұл құптарлық-ақ қадам. Мемлекет қашанда халық мұңын тыңдап, оның үніне құлақ асады. Осыған қатысты бейбіт жиын өткізу, сайлау туралы жаңа заң нормалар қабылданды. Басқа да көп жаңалықтар айтылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу ісіне белсене араласу керектігін айтты Президент. Бұл кезекті Жолдауда да еліміздің дамуы және қоғамның өсіп өркендеуіне қатысты тың идеялар айтылды. Сол үшін басшы бастаған істі қосшы қостап әкетуі қажет. Сол кезде ғана Президент Жолдауы түбегейлі жүзеге асатын болады.
Әбілхан Тоқсанбаев,
ЖШС «Семізбай-Ю» филиалы
 «Иіркөл» кеніші өнімді ерітінділерді
өңдеу учаскесі аға шебері
01 қыркүйек 2020 ж. 745 0