Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеңес Дүйсекеев дүниеден өтті

Кеңес Дүйсекеев дүниеден өтті

Жерлесіміз, «Құрмет» орденінің иегері Кеңес Дүйсекеев 74 жасында өмірден өтті.
Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.
Алматы консерваториясын бітірісімен «Гүлдер» ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған.
Дүйсекеевтің жетекшілігімен «Тамаша», «Халық — талант қайнары», «Шабыт», «Жастарға арналған музыкалық кештер», «Музыка әлемінде», т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды.
1984-1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан «Қазақконцерт» гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі.
Ол – «Толғау» симфониясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының, «О, дүние» кантатасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклінің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» переттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.
Қазалы ауданының әкімдігі, ауданнан сайланған облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, «Нұр Отан» партиясының Қазалы аудандық филиалы, аудандық Ардагерлер кеңесі танымал композитор Кеңес Дүйсекеевтің дүниеден өтуіне байланысты қазақ халқына, отбасына және туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.
Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта, иманы саламат болсын!

12 шілде 2020 ж. 773 0