Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ-ға дайындық қалай?

ҰБТ-ға дайындық қалай?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімнің салтанат құруы жөнінде айта келіп, «Табысты болудың ең іргелі, бас­ты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деп атап көрсеткені белгілі. Бұл ретте бүкіл білімнің іргетасы қаланатын орта мектептің білім беру жүйесінде алатын орны ерекше. Сол білімді қорытындылайтын басты емтихан – Ұлттық бірыңғай тестілеудің өтетін күні де таяп қалды.
Биыл аудандағы 11 сыныпты аяқтаған 631 бітірушінің 532-сі, яғни 84,3 проценті ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. Оның 518-і қазақ тілінде, 14 оқушы – орыс тілінде тест тапсырады. Өтініштерді 508 оқушы сандық форматта, онлайн режимінде берсе, 24 оқушы дәстүрлі түрде өтініш беріп, тіркелген. Білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда талапкерлердің қауіпсіздігі, тасымалдау жағы ұйымдастырылып жатыр. Атап айтсақ, ҰБТ-ға қатысатын 270 оқушы тасымалмен қамтылып, 233 оқушы екі мезгіл тамақтандырылатын болады. Ал 37 оқушы төрт мезгіл тамақпен және жатын орынмен қамтылады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен тасымал қызметіне 1 млн 424 мың теңге, тамақпен қамтуға 560 мың теңге және жатын орынға 160 мың теңге, барлығы 2 млн 144 мың теңге қаржы қаралған.
Биыл әлемді жайлаған пандемияның салдарынан бұрынғыдай соңғы қоңырау соғылмады. Барлығы онлайн форматта жүзеге асып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды бұйырды. Дегенмен ҰБТ-ның жөні бір басқа. Бұл – үлкен сынақ. Өздеріңізге белгілі, биыл ең басты мәселе вирустың таралуын болдырмау, санитарлық талаптарды қатаң сақтау болып отыр. Бұл тұрғыда да біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, білім бөлімінің үнемделген қаржысы есебінен 1 дана дезинфекциялық тоннель құрылғысы, 4 дана байланыссыз электронды термометр, 40 литр тері антисептигі, дезинфекциялық сұйықтық концентрацияланған қоры, медициналық бір реттік қолғаптар мен бетперде алуға 955 мың теңге қосымша қаражат бөлінген көрінеді.

Талабың оң болсын, талапкер
Былтырдан бастап ҰБТ-ны 1 оқу жылының ішінде 4 рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Бұл да үміткерлерді психологиялық күйзеліске түсуден сақтап, бірнеше мәрте тапсыру арқылы тестілеуге бойын үйрету мақсатында қарастырылған болатын. Әрі бұған дейін ҰБТ сынағын тапсыру ақылы, яғни 260 теңге тұратын. Енді талапкерлер оны онлайн режимде тегін тапсыра алады. ҰБТ сұрақтары мектеп бағдарламасының шеңберінде меңгерілетін негізгі тақырыптарды қамтитыны белгілі. Бірақ ҰТО жақын-да 2020 жылғы ҰБТ-да пайдаланылатын сұрақтарда IV тоқсан бағдарламасының болмайтынын мәлімдеді. Көп адам «Бұл да төтенше тоқсаннан туған тәртіп» екен деп ой түюі мүмкін. Бірақ ҰТО мұндай шешімге келудің себебін бітіруші сыныпты соңғы тоқсанда негізінен бұрынғы өткендерді қайталайтынымен және жаңа тақырыптардың тым аз екенімен байланыстырды. ҰТО-ның директоры Д.Смағұлов осындай қадам жасамас бұрын мамандардың тест тапсырмалары мазмұнын егжей-тегжейлі талдағанын айтады. «Біз қашықтан оқуға көшу ҰБТ-ға дайындық жағдайына әсер етпейді деп есептейміз, оның үстіне ҰБТ сұрақтары төртінші тоқсанның тақырыптарын емес, жалпы мектеп бағдарламасын қамтиды. Айтпақшы, соңғы жылдары фактологиялық материалды жаттау мен есте сақтауға емес, функционалдық сауаттылыққа байланысты сұрақтардың үлесі артып келеді» деді ол. Сондықтан талапкерлерге сұрақтарды жаттаудан гөрі мектеп бағдарламасындағы негізгі тақырыптарды қайталап жаттыққан жөн секілді. Осы орайда талапкерлердің дайындығын бір пысықтап көрелік. №49 қазақ орта мектебінің түлегі Айдана ­Данияр «Алтын белгіге» ұсынылған үздік оқушы. Алдағы үлкен сынаққа білек сыбана кіріскен ол, орыс тілі мен әдебиеті пәнін таңдап отыр.
– ҰБТ – біздің 11 жылдық біліміміздің сыналар сәті. Үміт, үрей, бақ пен баптың қайсысы басым түсері беймәлім. Дегенмен өз біліміме сенемін. Бүгінгі күні сынама тестілеуден 120-130 балдық көрсеткішке қол жеткізіп жүрмін. Әлі де дайындық күшейтіп, білімімді арттыруға барымды салып жатырмын. Мұғалім боламын деген арманымды, ата-анамның үміті, мектебімнің абыройын қорғап шығуға тырысамын. ҰБТ-ға мектептегі ұстаздарым да барынша дайындап жатыр. Барша мұғалімдерге алғысым шексіз, – деді ол.
Расында, оқушының біліміне – баға, болашағына бағдар беретін, мектептің мерейін үстем ететін де осы ҰБТ. Сынақтан өтер сәт таяған сайын оқушылар ғана емес, ата-аналар мен ұстаздар да үміт пен үрейдің құшағында жүр. Қорыта айтсақ, қоғам өзгеріп, мемлекет дамуы қарқындаған сайын білімге қойылатын талап күшейіп барады. Он жылдан астам уақыт бойы ҰБТ-ның әбден тәжірибеден өтіп, жан-жақты сараланып, орын алған олқылықтар мен кем-кетіктерінің түзеліп келе жатқаны содан. Түлектердің білім сапасын дәл әрі нақты бағалау жүйесі алдағы уақытта да барынша жетілдіріліп, олардың болашағына жол ашады деп күтеміз.
Бастысы, емтихан жақындап қалды, мектеп бітірушілер толқулы кезеңді бас­тан кешуде. Сондықтан оларға жан-жақты қолдау керек. ҰБТ-ның негізгі нысаны оқушы болғандықтан, кез келген жағдайда адам факторы, яғни бала мүддесі, оның білімі мен денсаулығы бас­ты назарда тұруға тиіс.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
02 маусым 2020 ж. 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (9265)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031