Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ ОНЛАЙН СОҒЫЛАДЫ

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ ОНЛАЙН СОҒЫЛАДЫ

Бүгінде дүниежүзін дүрліктірген коронавирус пандемиясы әсер етпеген сала қалмады. Білім алушылардың өзі екі ай бойы мектепке бармай, қашықтан оқуға мәжбүр. Енді екі күннен соң көптен күткен 25 мамыр – соңғы қоңыраудың соғылар күні келмек. Оқушыларда толқынысқа толы салтанатты шара өтпей қалама деген қорқыныш басым. Оның үстіне елімізде жарияланған төтенше жағдай көлденең тартқан мәселенің бірі биыл мектеп бітіргелі отырған түлектерге қатысты. Түптеп келгенде осы күні түлектен бұрын ата-ана алаңдаулы. Әсіресе, баласын оқытпай көңілі тыншымайтын, қазақы мінезі басым, біздің өңір азаматтары арасында «Биыл ҰБТ-ны қалай тапсырады?» деген сұрақты алға тартып редакциямызға хабарласып жатқандар аз емес. Осы орайда аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ынтымақ Мәдиевті әңгімеге тартқан едік.
– Міне, мамырдың соңғы күндері де таяды. Оқу жылының аяқталуына да аз қалды. Екі айға жақын уақыт қашықтан білім алған оқушылардың білім сапасы қалай?
– Қашықтан оқыту жүйесі оқушылардың білім сапасына айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. Мектепке бармағаны болмаса күнделікті уақытылы сабақтар өтіп, үй тапсырмасы тексеріледі. Білім сапасы бойынша қорытынды ақпарат мамыр айының соңында, ІV тоқсанның қорытынды есебінде шығарылатын болады.
– Аудан мектептері қашықтан оқуға қаншалықты дайын болды? Сапа сын көтере алды ма?
– Аудан бойынша 1-11 сынып аралығында 17847 оқушы және мектепалды даярлық топтары бойынша 1709 бала оқиды. Олардың 20-сы 3 бастауыш мектепте, 288-і 4 негізгі мектепке оқыса, 33 орта мектепте білім алып жатқандары – 17539 оқушы. Қазіргі таңда мектепалды даярлықпен қосқанда 19556 бала қашықтықтан білім алуда. Оларға 2832 мұғалім сабақ беруде. Оқушылардың білім алу мүмкіндіктері қанағаттанарлықтай. Қашықтықтан оқытуды іске асыруда мектептер электронды күнделік платформасымен, қосымша WhatsApp желілерімен жүруде. Оқу процесінде мұғалімдер, оқушылар «Bilimland», «Дарын» онлайн платформаларын қосымша білімдерін дамыту мақсатында пайдаланып жатыр. Мектеп оқушылары «Балапан», «Ел арна» телеарналары арқылы кестеге сәйкес сабақ оқуда. Бағдарламалар жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Сабақ барысында пәндер бойынша тапсырмалар жүктеліп, оқушылардан кері байланыс алынып қалыптастырушы бағалаулар жүргізілуде. Оқушылардың сабақтарға қатысу белсенділігі жақсы.
– Қашықтан оқыту жүйесінде ұстазға артылар жауапкершілік мол. Осы орайда мұғалімдерге көп салмақ түсіп кетпеді ме?
– Иә, мұғалімдерге жауапкершіліктің артқаны рас. Алғаш рет қолданылғалы тұрған жүйе болғандықтан машықтану оңай болған жоқ. Бірақ «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, мұғалімдерге көмек көрсету мақсатында білім бөлімі тарапынан 38 пәндік секция WhatsАpp желісіне топтастырылып, ұстаздарды толғандырған сұрақтарға мамандар, әдіскерлер тарапынан жауап беріліп, тәжірибелі ұстаздар өздерінің қашықтан оқытудағы әдіс-тәсілдерімен мүмкіндігінше бөлісіп отырды. Пәндер бойынша қашықтықтан оқыту бағдарламаларын тиімді пайдалануды түсіндіру мақсатында облыстық педагогикалық шеберлік орталығы және «Өрлеу» облыстық педагогикалық білім арттыру инистуты тарапынан вебинар сабақтар үздіксіз онлайн фарматта өткізіліп отырды. Осы жұмыстардың жүргізілуі нәтижесінде аз уақыттың ішінде мұғалімдер қиындықты еңсеріп, ойдағыдай жұмыс жасай бастады. Әрине, қашықтықтан оқыту жүйесінің жүзеге асырылуына ата-аналардың да ықпалы ерекше. Олар да өздеріне артылған жауапкершілікті жете түсініп, үйде отырып мұғалімдердің еңбегін толықтырып, қиындықты еңсеруге көп көмегін тигізді.
– Жыл сайын 25 мамырды оқушылар асыға күтетін. Бітіруші түлектер мектеппен қоштасып, әсерлі кеш өтетін. Коронавирустың әсері бұл шараны да айналып өтпеген секілді. Биыл соңғы қоңырау соғыла ма?
– Соңғы қоңырау салтанаты жылдағыдай 25 мамырда өтеді. Бірақ бұл жолы коронавирустың таралуының алдын алуға байланысты онлайн форматта болады. Бұл күні 1-10 сыныптар аралығы таңертеңгі уақыттан бастап, арнайы интервалмен, интернет жүйесіне салмақ түсірмеу үшін кезекпен жүргізіледі. Ал 9 және 11 сыныптар үшін 2020 жылдың 3-4 маусым күндері аттестат тапсыру салтанатымен бірге өткізіледі.
– Мектеп бітіру кешіне қатысты да көпшіліктің сауалы көп. Әсіресе, бітірушілер мен ата-аналар жылдағыдай естен кетпес ерекше мереке ұйымдастырғысы келеді. Бұл жағы қалай болар екен?
– Жоғарыда айтқанымдай, аттестат тапсыру салтанаты 2020 жылдың 3-4 маусым күндері ұйымдастырылады деп жоспарлап отырмыз. Шара мектеп ауласында, ғимараттан тыс жерде, барлық карантиндік талаптарды, оның ішінде 1,5 метр әлеуметтік дистанция, медициналық бетперде режимін сақтай отырып өткізілу қажет. Екі бітіруші сынып немесе 9-11 сыныптар болса, шара бөлек уақытта, арасында 20 минуттық интервал сақтай отырып, өткізіледі. Әрбір оқушының бір ғана ата-анасы қатыса алады. Салтанатты шараға музыкалық әрлеушілер, безендірушілер шақыруға шектеу қойылып отыр. Сондай-ақ мерекелік дастарқан жаюға, автокортеждер және мейрамханаларда тойлауға да қатаң тыйым салынады. Бұл ең алдымен мектеп бітірушілердің қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларды түсіністікпен қарауға шақырамыз.
– Қазір көпшілікті алаңдатып отырған мәселелердің бірі – ҰБТ. Мектеп бітірушілердің тестілеуге дайындығы қалай? Жалпы білім сапасына карантиннің кесірі тимей ме?
– Биыл аудандағы 11 сыныпты аяқтаған 631 бітірушінің 532-сі, яғни 84,3 проценті ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Оның 518-і қазақ тілінде, 14 оқушы – орыс тілінде тест тапсырады. Өтініштерді 508 оқушы сандық форматта, онлайн режимінде берсе, 24 оқушы дәстүрлі түрде өтініш беріп, тіркелді.
Қазіргі таңда талапкерлердің қауіпсіздігі, тасымалдау жағы ұйымдастырылып жатыр. Атап айтсақ, ҰБТ-ға қатысатын 270 оқушы тасымалмен қамтылып, 233 оқушы екі мезгіл тамақтандырылатын болады. Ал 37 оқушы төрт мезгіл тамақпен және жатын орынмен қамтылады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен тасымал қызметіне 1 млн 424 мың теңге, тамақпен қамтуға 560 мың теңге және жатын орынға 160 мың теңге, барлығы 2 млн 144 мың теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар тестілеу кезінде ұялы байланыс қызметін пайдаланбау үшін, сигнал жиіліктерін тұншықтырғыш сатып алуға 2 284,0 мың теңге бөлініп, 1 284,0 мың теңгеге «ТЕХСВЯЗЬ» ЖК ұтып алып, тауарларды жеткізіп берді.
Өздеріңізге белгілі, биыл ең басты мәселе – вирустың таралуын болдырмау, санитарлық талаптарды қатаң сақтау болып отыр. Бұл тұрғыда да бізде жұмыстар істеліп жатқанын айтқым келеді. Мәселен, білім бөлімінің үнемделген қаржысы есебінен 1 дана дезинфекциялық тоннель құрылғысы, 4 дана байланыссыз электронды термометр, 40 литр тері антисептигі, дезенфекциялық сұйықтық концентарцияланған қоры, медициналық бір реттік қолғаптар мен бетперде алуға 955 мың теңге қосымша қаражат бөлініп отыр.
– Оқушылардың жазғы демалысы қалай жоспарланып жатыр? Биыл лагерлер жұмыс істей ме?
– Өкінішке қарай, биыл мектеп жанындағы күндізгі лагерлер жұмыс жасамайды. Ал «Сыр ұланы» тынығу жайы ауданның санитарлық қызметінің рұқсатымен, карантин жағдайына байланысты құрылған штабтың шешімімен сол уақытта ауданда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ашылатын болады.
– Жыл басында аудан әкімі өңірдегі бірнеше мектеп күрделі жөндеуден өтетінін айтқан еді. Елдегі жағдайға байланысты аяқсыз қалмай ма?
– Аяқсыз қалмайды. Биыл жоспар бойынша аудандағы 3 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Олар «Ауыл – ел бесігі 2020» бағдарламасы бойынша №49 мектеп және «Жұмыссыздықтың алдын алу Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша №158, №48 мектептердің ғимараттары. Жөндеу жұмыстары барысында ешқандай мәселелер туындамайды деп ойлаймын.
– Келер оқу жылынан қандай үміт күтеміз? Оқушылар тағы да қашықтан оқуы мүмкін бе?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Президенттің Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды отырысында « Бүгін бүкіл ел аумағында төтенше жағдай аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады» деді. Осыған орай біз карантиннің сақтық шаралары қатаң сақталып, індеттен толық айыққан жағдайда білім беру дәстүрлі формада жалғасады деп үміттенеміз. Қандай жағдайда болмасын білім беру тоқтатылмайды. Қашықтан оқыту жалғасқан күнде оған байланысты мәселелер шешімін тапты деп айта аламыз.

Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯ
23 мамыр 2020 ж. 561 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (9265)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (9264).

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (9263)

13 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031