Министр: Мамырда карантин ұзартылуы мүмкін, себебі бұл ай қауіпті кезең
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантинді мамырға дейін созуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, мамырдың соңына дейін 3 500 адамнан инфекция анықталады деп болжанып отыр. Алайда бұл мамырдан кейін инфекция жұқтырғандар тіркелмейді дегенді білдірмейді.
«Бұл мамырдан кейін ештеңе болмайды дегенді білдірмейді. Қоғамда инфекцияны жұқтырғандар болады. Инфекция байланыс кезінде жұғады. Кей адамдар тобы үшін соңы ауыр болуы да мүмкін. Сондықтан эпидемияның таралуы төмендеген кезде үнемі карантинде отырмау үшін вируспен өмір сүріп үйрену маңызды», – деді министр.
Біртановтың айтуынша, адамдар қауіпсіз қарым-қатынас жасауды үйренбейінше, үкімет қатаң шаралар қолдануды жалғастыра береді.
«Мамырда карантин ұзартылуы мүмкін. Біз үшін мамыр қауіпті кезең болып саналады», – деді министр.