рамазан – рақым айы
Оразаға ата-бабаларымыз ешқашан бей-жай қарамаған. Ауыз бекіткен жанның сауабын жомарттығы мол Жасаған иенің өзі өлшейтіндігін, бес күндік тіршіліктің мәні құлшылықта екендігін, бұ дүниенің – бейнет, ақыреттің – зейнет екенін жақсы түсінген. Сол себепті ғапылдыққа ұрынбай, мұсылмандық парызды өтеуді міндет деп қараған. Жылына бір келер отыз күн оразаны барынша құрметпен қарсы алған. Ел бірлігінің ұйытқысы дінде екенін жақсы білген бабаларымыз тіршілігінде мұсылмандық міндеттерді халыққа насихаттап отырудан жалықпаған. Қол жайып, құбылаға бет түзеу, ораза ұстап, бес уақыт намазды қаза қылмау – көкейіне жиғаны, көкірегінде иманы бардың белгісі деп білген.
Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар мұны «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кішігірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді»деп түсіндіреді. Сондықтан рамазанды күнәлар кешірілетін ай деуге болады. Себебі ораза айы – бұған дейін істеген істерді таразылап, адам баласын жұмсақтық пен мейірімділікке, бауырмалдылық пен сабырлылыққа тәрбиелейтін, барлық жаман әдеттен айықтыратын ғибадат.
Ораза – Алла тағала пенделерге міндет еткен бес парыздың бірі. Құран Кәрiмде: «Ей, иман келтiргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етiлгендей, тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етiлдi» («Бақара» сүресi, 183-аят) деп жазылған. Мұсылман ай күнтізбесі бойынша әр жылғы ораза оның алдыңғы жылғы ораза уақытынан он, он бір күн бұрын ұсталады. Яғни биыл, рамазан айының бірінші күні сәуірдің 24-не басталып, мамыр айының 24-не дейін созылады.
Пандемия кезінде ораза ұстауға бола ма?
Елдегі карантин режимі сәуір айының соңына дейін жалғасатын болды. Шетелдік тәжірибені ескерсек, бұл әлбетте дұрыс шешім. Алайда, күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті рамазан айының жайы не болмақ?
Исламның бес парызының бірі небәрі бір аптадан кейін басталады. Дін өкілдері бір ауыздан халықтың ауыз бекітуі я бекітпеуі өз еркінде десе, дәрігерлер асығыстық танытпауға шықыруда. Өйткені, иммунитет түсіп кетсе, қауіпті вирус ешкімді аямайды дейді. Сондықтан әр адам шамасы келсе пандемияға қарамай ораза ұстауға болады. Дегенмен төтенше жағдай кезінде мешіттерде, қоғамдық орындарда ауызашар беру уақытша тоқтатылады.
Ішіп-жемнен тыйылу – дертке де дауа
Медициналық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден тыйылудың көптеген дертке шипа екендігі бұған дейін ғылыми түрде зерттеліп, дәлелденген. Біріншіден, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтіп, көптеген сырқаттарға қарсы тұру қабілетін арттырады. Екіншіден, семіздік пен оның салдарынан сақтайды. Әдетте семіздікке ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы алып келеді. Ал ас қорыту мүшелерінің бұзылуына әкеп соқтыратын бірден-бір факторлар – қоршаған орта, жан күйзелісі мен қоғамдық қысым. Ораза уақытында құлшылық ете отырып, Аллаға бағыштап зікір жасау, құран оқу – ашу-ыза мен шиеленістен өзін алыс ұстатады, денесі мен рухының барлық күш-жігерін пайдалы және оңды бағытқа салады. Үшіншіден, бауырда тастардың жиналуынан, қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Төртіншіден, жыл бойы үздіксіз тамақтану, әсіресе консервіленген және жартылай фабрикатты, фаст-фуд тағамдарын қолдану, дәрі-дәрмектер ішу мен ластанған ауа салдарынан денедегі жасушаларға тұрып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғайды.
Ораза қай кезде бұзылмайды?
Ораза ұстаушы ұмытып су ішіп немесе тамақ жеп қойса, ораза бұзылмаған болып есептеледі. Мұндай кісі аузы берік екендігі есіне түскен сәтте лезде ішіп-жеуді доғаруы шарт. Ал егер «тамақ жеп қойдым, енді оразам ашылып кетті» деген оймен аузын ашып жіберсе, оразаның қазасын өтеуі парыз болады. Сондай-ақ түкірікті жұтқанда да ораза бұзылмаған болып есептеледі. Сонымен бірге дәрі-дәрмек ішу, қантамырға дәрі егу оразаны бұзады. Ал дененің сыртына, жара үстіне йод, май секілді дәрі-дермектерді қолдана беруге рұқсат.
Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі. Сондықтан рамазан айына аман-есен жеткен, өзін мұсылман санаған балиғат жасындағы адамға ораза ұстамау күнә саналады. Дегенмен бұл айда науқастанған кісіге оразасын ауруынан айыққан соң, жолға шыққан кісі болса, сапарынан оралған соң өтеуге болады. Жолаушы кісі ағзасына ауыр көрмесе, оразаны сапарда жүріп те ұстауына ешқандай қарсылық жоқ.
Пітір садақа
Рамазан айында мол сауапқа кенелудің бір жолы – пітір садақа беру. Пітір садақасын рамазан айы басталған күннен бастап, айт намазына дейін беріп үлгерген дұрыс. Пітір берілетін азық-түлік жергілікті базар нарқымен өлшенеді. Елімізде биылғы пітір садақасы кісі басына 370 теңге болып бекітілді. Пітір садақасын берерде ниет ету керек. Бірақ оның садақа екенін берген кісіге айту қажет емес. Бұл садақаны мұқтаж жандар мен ілім жолындағы студенттерге беру де үлкен сауап. Сондай-ақ жергілікті мешіттерде де садақа беретін арнайы жәшік қарастырылған. Рамазан – жомарттық ай. Бұл берекелі айда жанашырлық көп жасалатындықтан, ораза айында зекет те беру маңызды.
Ауызашар берудің маңызы
Ораза тұтқандарға арнап ауызашар берудің сауабына тоқталатын болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді» деген. Аузы берік адамға бір құрма беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді. Хадистерде ауызашарға келген кісі дастарқан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған. Соңғы жылдары кәсіпкерлер мен жергілікті биліктің қолдауымен рамазан айының әр күні орталық мешіттерде тұрғындарға ауызашар беру дәстүрге айналып келеді.
Гүлхан ЯХИЯ