Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Агенттік ашық диалогқа дайын

Агенттік ашық диалогқа дайын

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің дамуына орасан зор зиян әкелетіні баршаға белгілі. Қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану, парақорлыққа жол беру, сыбайластықпен мәселе шешу кең етек алған жерде қарапайым халықтың билікке деген сенімі де түгесілетіні бар. Өйткені, өзгеге артықшылық беріліп жатқанын, қатарындағы адамның қамқорлықта болғанын көру азаматтардың құқығын шектеп қана қоймай, әділетті, теңқұқылы қоғамға деген үмітін азайтады. Міне, содан барып азаматтар арасында елдің болашағына, мемлекеттің дамуына деген күмән пайда болады.
Әрине, мемлекет тарапынан осындай кертартпа ойларға тұсау салып, жемқорлықты жоюға қатысты шаралар жасалмай жатқан жоқ. Біз ТМД мемлекеттерінің ішінде жемқорлықпен күресті заңды тұрғыда тұңғыш рет ресімдеген елміз. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы 1998 жылдан бері кеселді ауыздықтауға қарсы тұрып келеді. Алайда, уақыт өтіп, заман жаңғырған сайын ереже-заңдарды да жандандырып, толықтыра түсу қалыпты үрдіс.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының бас­тамасымен сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын алу шараларын тиімді іске асыру мақсатында Республика бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткізген кеңесте жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтып, оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет деген нақты ұстанымын білдірді. Дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырған Президент бұл мәселе үнемі мемлекеттің назарында тұратынын баса айтқан болатын.
Бүгінгі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұл бағытта нәти­желі іс-шараларды жүзеге асырып келеді. Агенттік қызметінің аясында қоғам белсенділерінен құралған ақпараттық-насихаттау тобы халықпен жүздесіп, парасаттылық қағидаларын дамытумен айналысуда. Бұл топтың мақсаты – адамдардың моральдық-этикалық түсінігіне ықпал етіп, адал әрі ашық қоғам қалыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері ауданға арнайы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алдымен аудан әкімдігінің мә­жіліс залында өткен жиында штаб басшы­сы Ырза Тұрсынзада мен агенттіктің департамент басшысы Арман Бердалин мемлекеттік қызметшілердің бойындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бо­йынша үгіт-насихат жүргізіп, мақсатты жос­парларымен, ой-тұжырымдарымен бөлісті.
Сондай-ақ штаб мүшелері мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала мамандарын адалдық, адамгершілік, шыншылдық, тазалық принциптерін ұстануға шақырып, бүгінгі қоғамда көрініс тауып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында қандай қағидаларға сүйену керектігін айтып, өз ойларын ортаға салды.
Сөз соңында Ырза Тұрсынзада агенттіктің халықпен ашық диалог құруға дайын екенін айтты. «Азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер агенттік төрағасымен оның фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы тікелей байланыс орната алады. Кез келген уақытта жазсаңыздар біз жауап беріп, көмек көрсетуге дайынбыз», – деді.
Дәл осындай жиын аудандық емханада да жалғасын тапты.

Гүлхан ЯХИЯ

25 ақпан 2020 ж. 340 0