Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілшілер Шиелінің тынысымен танысты

Тілшілер Шиелінің тынысымен танысты

Сенбінің таңы. Күн ұясынан көтерілген сәтте облыстық БАҚ өкілдері Шиелі ауданына табан тіреді. Ақпан айының 10-15 аралығында ұйымдастырылған пресс-тур Арал ауданынан бастау алып, Шиелі ауданымен аяқталды. Арнайы жұмыс сапарымен шыққан тілшілерді «Сыр бойы» газетінің тілшісі Әділжан Үмбет пен «Qyzylorda» телеарнасының журналисі Асқар Тәжиев ­бастап келді. Олар өңірдің әлеуметтік хал-ахуалымен, жасалған барлық жұмыстардың және бөлінген қаржылардың цифрлық-дәйегімен, сондай-ақ халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене танысты.

Шиеліге кіре берістегі, яғни Көкшоқы мөлтек ауданындағы 3 қабатты, 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы биыл аяқталмақ. Іргетасы өткен жылы қаланған көп пәтерлі үйге облыстық бюджеттен 122 млн 750 мың теңге қаржы бөлінген. Бұйырса, жаздыгүні құрылысы толық аяқталып, арнайы комиссияның шешімімен пәтер кілттері иелеріне табысталады деп күтілуде. Сондай-ақ аталған аймақтан тура осындай 18 пәтерлі тағы да 4 үйдің құрылысы жүргізілетін болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынған баспана ең әуелі әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға беріледі. Иә, өндірісі мен кәсіпкерлігі қарыштаған Шиелі ауданы енді тұрғын үй құрылысымен де көш бастамақ. Бұлай дейтініміз, көпқабатты үйлерден бөлек, «Береке» мөлтек ауданынан 25 жер үйдің де жоба сметалық құжаттары дайын тұр. Аудандық құрылыс және сәулет бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Байаділовтың айтуынша, «Бүгінде құрылысқа қажет шығын есептеліп, бюджетке ұсыныс беріп қойған. Бұйырса, қаржы қаралған сәтте құрылысы басталады».
Шиеліліктер үшін биылғы жылдың ­басты жаңалығы жаңа аурухананың ашылуы болды. Дертіне дауа, жанына шипа іздеген тұрғындар ескі құрылғының әлегімен қала асып кетуші еді. Құрылысы 2017 жылдың желтоқсан айында басталған 150 орындық аурухана барлық талапқа сай бой көтерді. Емдеу мекемелерінің материалдық техникалық базасын жақсарту мақсатында ауданаралық аурухананың жаңа ғимаратына қаржысы 2 млрд 226 млн теңге құрайтын құрал-жабдықтар берілген. Ауданаралық аурухана меңгерушісі Гүлзира Даулетова «Ауруханада қолданыста бұрын да болған, бірақ қызметі бірнеше есе жетілдірілген лапроскопиялық ота жасайтын видеостойка, жаңа туған нәрестеден бастап ересектерге дейін қолдануға болатын жасанды желдендіру аппараттары, шала туған нәрестелерді бірқалыпты жылуда ұстап тұратын кювездер, ауыр жағдайдағы науқастардың жатуына ыңғайлы автоматты түрде көтеріліп-түсетін функционалды кереуеттерден бөлек, бұрын-соңды аудан көлемінде пайдалануда болмаған техникалық жабдықтар да бар» деп тілшілерді жаңа ғимараттың мүмкіншіліктерімен ­таныстырды.
Ауданда соңғы жылдары өндіріс орындарының саны артып, жұмыссыздардың қатары азайып келеді. Тірлігі төрлеген өлкеде кәсіпкерлік қанатын кеңге жаюда. Соның бір айғағы – бидайкөлдік жеке кәсіпкер Ғалымжан Ерекеевтың демеушілігімен ашылған «Бастау» сауықтыру бассейні. Жалпы құны 180 млн теңгені құраған кешеннің ішінде үлкен және кіші бассейн бар. Ауыл ғана емес, аудан тұрғындары ағылып баратын сауықтыру кешенінің жылу температурасы да қалыпты. Бүгінгі таңда 6 адамды жұмыспен қамтып, моншасы, тамақтанатын орны үздіксіз жұмыс істеп тұр.
Облыстан келген журналистердің келесі бағыты Бидайкөл ауылындағы ашық спорт алаңы болды. «Samruk-Kazyna Trust» корпотативтік қорының демеушілігімен 56 млн теңгеге балалар ойын-сауық, жаттығу, футбол алаңының құрылысы жүргізілген. Мұнарбай ­Мырзалиев көшесінің бойында орналасқан ашық спорт алаңы кішкентай бүлдіршіндердің көңіліне қуаныш ұялатса, жасөспірімдерді салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндейді. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем берер» деген қазекем қай кезде де жолынан жаңылмаған. Бидайкөл ауылына кірген сәтте алдымыздан шығып, аман-саулық сұрасқан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ... елді мекеннің тыныс-тіршілігін баяндап берді. Одан әрі №148 мектеп жанынан ашылған ашық спорт алаңында мектеп директоры Орынкүл Шорабаева қарсы алды. Сенбі күні қосымша оқу-жаттығу өткізуді дәстүрге айналдырған дене шынықтыру пән мұғалімдері өз ісіне кірісіп кеткен. «Бала – болашағымыз. Олардың білімді, дені сау ұрпақ болып қалыптасуы үшін барлық мүмкіндікті жасағанымыз абзал. Бұл алаң балалардың дамуына, бір сәт серпіліс алуына таптырмайтын орын» – деді мектеп басшысы.
Күн дөңгелеп, жыл жылжып өтуде. Әр сәт ­сайын Шиелі топырағы тынысын терең алып, дамуға бағыт алды. Ауданның тың серпілісін, құрылысы мен кәсібін, әлеуеті мен әлеуметін, экономикасы мен экологиясын мақаласына тұздық ететін журналистердің сапары осылай өтті. Аудандағы айшықты істерді қойын дәптеріне түртіп, таспаға басқан журналистер Қызылордаға қарай бағыт алды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

18 ақпан 2020 ж. 693 0