77 отбасыға жаңа пәтер
Осыдан бірнеше жыл бұрын Шиелідегі өзекті тақырыптардың бірі – жер мәселесі еді. Тұрғындар ондаған жылдар бойы тұрғын үй салуға арналған жер үшін кезекте тұрып, телміріп күтетін. Соңғы уақытта бұл мәселенің де күрмеуі шешілді. Бүгінде жұртшылық жолы жөнделген, жарығы мен суы жүргізілген инфроқұрылымды аймақтан өз ретімен жер телімін алып, қалауынша үй соғып жатыр.
Үй демекші, шиеліліктерге енді су жаңа баспананың да кілті табысталмақ. Жуырда аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов ауданға келген сапарында «Шиелі ауданы бойынша 77 пәтердің жоба сметалық жұмыстары дайындалды. Яғни жақын жылдары аудандағы 77 отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстаймыз. Ал 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй биылғы жылы пайдалануға берілетін болады», – деп қуанышты жаңалықты жеткізген болатын.
Бұған дейін аудан әкімі Әшім Оразбекұлының да халық алдындағы есебінен оқып, естігеніміздей, Шиеліге кіре берістегі, яғни Көкшоқы мөлтек ауданындағы үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысы биыл аяқталмақ. Іргетасы өткен жылы қаланған көппәтерлі үйге облыстық бюджеттен 122 млн 750 мың теңге қаржы бөлінген. Бұйырса, жаздыгүні құрылысы толық аяқталып, арнайы комиссияның шешімімен пәтер кілттері иелеріне табысталмақ. Аталған аймақтан тура осындай 18 пәтерлі тағы да 4 үйдің құрылысы жүргізіледі деп күтілуде.
Иә, өндірісі мен кәсіпкерлігі қарыштаған Шиелі ауданы енді тұрғын үй құрылысымен де көш бастамақ. Бұлай дейтініміз, көпқабатты үйлерден бөлек, «Береке» мөлтек ауданынан 25 жер үйдің де жоба сметалық құжаттары дайын тұр. Аудандық құрылыс бөлімінің мамандары бүгінде шығыны есептеліп, бюджетке ұсыныс беріліп қойғанын, қаржы қаралған сәтте құрылысы басталатынын айтады.
Тұрғын үй кімдерге беріледі?
Ең алдымен, құрылыстың сапалы соғылуы маңызды. Көптен күткен қуанышты күн жетіп, үйдің кілтін қолына алғанда төбеден су тамшылап, қабырғалар сарғайып тұрса кімге абырой? Жә, жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін сезінетін жауапты мамандар олқылыққа жол бермейді деп сенеміз.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Аманнан жаңа баспана кімдерге бұйыратынын сұрағанымызда:
– Аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 1030 адам бар. Пәтердің құрылысы аяқталып, пайдалануға дайын болған сәтте аудан әкімінің орынбасары бастаған арнайы комиссия құрылады. Сол комиссияның шешімі бойынша кезекте тұрған азаматтарға үйдің кілті табысталады. Айта кетейін, тұрғын үй Ұлы Отан соғысының ардагері, үйі апатты жағдайда тұрған, көпбалалы секілді 12 санаттағы азаматтарға бірінші кезекте беріледі, – деп жауап берді.
Гүлхан ЯХИЯ