ҰҚК: "Жусан" операциясының барлық кезеңі аяқталды
Қазақстандықтарды террорлық белсенді аймақтардан шығару бойынша "Жусан" операциясының барлық кезеңі аяқталды. Бұл туралы ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз "Жусанның" барлық кезеңдерін аяқтадық. Ирактан 14 баланы жеткізгенімізді білесіздер. Енді шығару жұмыстары жоспарда жоқ, өйткені біз қақтығыс жүріп жатқан аймақтарында жүрген азаматтарымыз бойынша тиісті жұмыстар жүргіземіз, олар бойынша толық ақпарат жоқ. Алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Билісбеков Сенатта.
Оның айтуынша, тағы 100-ден аса қазақстандық террорлық ұрыс жүріп жатқан аймақтарда жүр екен.
"Негізінен бұл Сирия, 36 ер адам, 80-ге жуық әйел, ал балалар бойынша айта алмаймын. Бұл Сирия, Ирак, Ауғанстан", - деді ол.
"Жусан" операциясы аясында Сириядан 595 қазақстандық жеткізілді, оның 406-сы балалар.
11 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда сот Сириядан қайтарылған 14 қазақстандыққа үкім шығарды.