Аудандағы арақсыз ауыл
Бір жұтым су. Осы бір жұтым су сіздің өміріңізді өзгертуі мүмкін бе? Әрине, егер ол күнделікті тұтынып жүрген тіршілік көзі болса, ғұмырыңызға әлдеқандай өзгеріс әкелмейді. Ал сол бір жұтым су арақ болса ше? Онда өміріңіз басқа бағытқа ауысуы бек мүмкін. Өкініштісі, жақсы жағынан емес. Өйткені, арақты ұрттағанда-ақ айрандай ұйыған отбасы ойрандалады, денсаулыққа дерт жабысады, ұрпақ азғындалады. Содан болса керек қазақ даналығы «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» деп тәмсілдеген. Сондай-ақ Мөңке бидің «Ішкенің сары су болады, берсең итің ішпейді. Бірақ адам соған құмар болады» деп күңірене айтуы да бекер емес-ті. Жә. Бертінге дейін баспасөз бетіне арақтан келетін ауруды, ішімдіктің адамдар арасына салатын іріткісін жазып жүрміз. Аңдағанға айтар ойы тік бірнеше мақала жазып, орайы келгенде ұтымды ұсынысты да ортаға тастадық. Соның бірі «Ауылдың ажары арақ емес» мақаласы еді.
Аталған мақалада «Арақсыз ауыл» эстафетасы жөнінде қаузап, оның Түркістан облысында кең етек жайғанын айтқан едік. Өзге облыстар жүзеге асырып жатқанда, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауданды да неге арақсыз етпеске деген болатынбыз. Сәйкесінше, ауыл ақсақалдары мен ауданның бас имамының ойын да білдік. Сол сәтте ауданның бас имамы Бақыт Улжаев: «Қазіргі таңда Түркістан облысы той-томалақты арақсыз өткізуден көш бастап тұр. Бұл акцияның негізгі мақсаты – жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету. Көпшілігі барлық күнәнің бастауы арақ екенін біледі. Оны ішкен адам әртүрлі қылмысқа барып, қиындыққа ұшырауы мүмкін. Ащы су толған құтының кесірінен шаңырағы шайқалып, ортасына түскен қаншама отбасы бар?! Міне, арақтың адамға беретін пайдасынан зияны көп. Сол себепті бұл акцияны Шиелі ауданында да өткізіп, тұрғындарды имандылыққа шақырсақ, нұр үстіне нұр болар еді» деп бұл ұсынысты іске асыруға ниетті екенін білдірген.
«Баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегендей бүгінде бұқаралық ақпарат өкілдерінің ұсынысын жерге тастамаған ауыл да бар. Ол – Алмалы ауылына қарасты 21 бекет. Қуаныштысы, 21 бекетті арақсыз ету идеясын ауыл жастары көтеріпті. Жұма күні №243 мектепте бас қосқан ауыл әкімі Ә.Мәмбетов, ауыл ақсақалдары Ә.Сейітов, Ә.Мырзахметов, мектеп директоры Ж.Қуандықова, жастардың атынан Д.Хақожаев, ауданның бас имамы Б.Улжаев 21 бекетті арақсыз қылудың амалын қарастырды. Жиын барысында бас имам көпшілікке арақтан келетін кесір мен кесапат туралы насихат айтты. Ал Ә.Сейітов «Бұл бастаманы жастардың бастағаны бізге мотивация болды» дейді. Міне, осы бастаманың арқасында 21 бекет тұрғындары жұма күні арақтан бас тартты. Сонымен қатар «Арақсыз ауыл» эстафетасын ауданның өзге ауылдарына да жолдады.
P\S: Шыны керек, халық арасында журналист мәселені шешеді деген түсінік қалыптасқан. Алайда, түйткілді мәселенің түйінін тарқату тікелей оқырманға да байланысты. Осы тұста біз ауылдарды арақсыз ету ұсынысын тастадық, әрмен қарай оны ұйымдастырып, ащы судан арылу әр тұрғынның қалауында.
Маржан БОЛАТ