Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ежелден ер тілегі – ел тілегі

Ежелден ер тілегі – ел тілегі

Сейсенбі күні «Салтанат сарайы» ғимаратында аудан әкімі Әшім Оразбекұлының тұрғындарға есеп беру жиыны өтті. Оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов,­ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, департамент және басқарма басшылары, республикалық, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында әдеттегідей алдымен аудан әкімінің жыл бойы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы жоспарлары тыңдалды. Сексен бес мыңға жуық халқы бар Шиелі ауданының өткен жылдық бюджеті 21 млрд 044,8 млн теңгені құраған. Ал тиісті кезең ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің саны 4758 субъектіге жетіп, бүгінде оның 4287-і жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы 589 жеке кәсіпкер, 34 шаруа қожалық, 29 заңды тұлға тіркеліп, жалпы 652 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі ашылды. Ауданда өткен жылы өндірілген өнеркәсіп өнімі 26 млрд теңгеге жуықтаса, ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша 25 млрд теңгедей қаржы түскен. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы арқылы 301 жобаға бас-аяғы 126 млн теңге болатын қайтарымсыз грант, 149 жобаға құны 548,2 млн теңгені құрайтын несие берілген. Биылғы жылы аудандағы ірі өндіріс орындарының саны тағы бірге артпақ. Атап айтсақ, «Таң ЛТД» ЖШС-ның жүгеріні терең өңдейтін шағын зауыты іске қосылады деп күтілуде. Бұл үшін қазіргі таңда 1000 га жер дайындалып, тегістеу жұмыстары жүргізілген. Биыл оның жартысына жүгері дақылын егу ­жоспарлануда. Ал, цехты іске қосу үшін Қытайдан 40 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықтар алуға тапсырыс берілген.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы екі жылда Шұғыла-2, Шұғыла-3, Шығыс-4 мөлтек аудандарына жалпы көлемі 217 га аумаққа және де Бидайкөл елді мекеніндегі жаңадан тұрғын үй салынатын 14, 15 және 30 кварталдарға электрмен жабдықтау, ауыз-су желілерінің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Ал өткен жылы аталған мөлтек аудандарға жалпы ұзындығы 34 км болатын ішкі тас жолдарының құрылыс жұмысына облыстық бюджеттен 291 762,0 мың теңге қаржы қаралып, 55 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 Май және Тұрсынбай датқа ауылдары ауыз сумен қамтылып үлгерді. Ал Сұлутөбе мен Тартоғай елді мекендеріне ауыз су тарту биылғы жылдың еншісінде.
Қазіргі уақытта аудан тұрғындарын мазалайтын өзекті мәселенің бірі мал қорымының жоқтығы болып отыр. Аталған шаруаны шешу мақсатында істелген жұмыстар да аз емес. Мәселен, былтыр Тартоғай мен Ә.Тәжібаев ауылдарына мал өлекселерін тастауға арналған биотермиялық шұңқыр құрылысы салынса, қорымды қажет етіп отырған өзге 14 елді мекенге жоба сметалық жұмыстары жасалып қойған. Сондай-ақ биыл Ақмая ауылындағы №49 мектеп пен кент ішіндегі №48 мектепке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жүргізілмек.
Аудандағы білім саласында да серпін бар. Бұған дейін өңірде инклюзивтік білім алуға жағдай жасалған 2 балабақша мен 10 мектеп бар болатын.Өткен жылдың желтоқсан айында тағы да 11 мектепке дефектолог штаты беріліп, инклюзивтік білім берумен жұмыс істейтін білім ордаларының саны артуда.
Доңыз жылында аудан спортшыларының да бағындырған белесі аз болмады. Жыл қорытындысы бойынша аудан қанжығасына облыстық жарыстардан 87 алтын, 71 күміс, 92 қола бұйырса, республикалық жарыстар мен Қазақстан Республикасының чемпионатынан 23 алтын, 21 күміс, 23 қола медаль иеленді. Сонымен қатар ұлттық құрама мүшелігіне 3 спортшы енгізілген. Қазан айының 2-6 күндері Қармақшы ауданында өткен облыстық ауыл спортшыларының «Алтын күз – 2019» спартакиадасында Шиелі ауданы құрама командасы спорттың 16 түрінен қатысып, жүлделі екінші орыннан көрінді. Аудан бойынша 5 жас әлем және Азия біріншілігінің жүлдегерлері, 50-ден астам жас республикалық турнирлердің чемпиондары атанды.
Өткен жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына 3500-ден аса азамат жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның жартысына жуығы яғни, 1640-ы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал қалғандары түрлі оқыту курстарына, кәсіп ашу мақсатында мемлекеттік грант пен несие алуға, жастар тәжірибесі және ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Осы және өзге де сан салада атқарылып жатқан ілгері істер, толағай табыстар, жемісті жобалар, құрылысын күтіп тұрған кәсіпорындар мен нәтижелі жұмыстарға көңілі толған аудан халқы әкім есебіне оң бағасын беріп, құрмет-қошеметін көрсетті.
Одан соң аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов мінбеге шығып, жалпы облыстағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, ауданның даму деңгейі жайлы баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақ экономикасына тартылған инвестиция, құрылыс, үй беру, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі, ауыл шаруашылығы секілді жеті бағыттағы даму көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы 8 – орында тұр. Осылай деп мәлімдеген облыс әкімі сөз басында:
– Бүгінге дейін бес аудан мен оларға қарасты ауылдарды аралап келдік. Әрбір тұрғынның пікірі біз үшін маңызды. Сіздермен де жүзбе-жүз кездесіп, мұң-мұқтаждарыңыз, айтар уәждеріңіз болса тыңдауға дайынбыз. Қазір елімізде тұрғындардың әлеуметтік деңгейін арттыру, жұмыссыздықты азайту мәселелері алдыңғы орынға қойылған. Шиелі ауданы халқының ең басты мәселелерінің бірі теміржол өткелінің үстінен өтетін көпір салу екенін жақсы түсінемін. Бұл бағытта жұмыстар істелуде. Бұйырса жақын арада көпір құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, – деген аймақ басшысы аудандағы бірқатар кемшіліктерді де атап өтті.
– Өздеріңіз білесіздер, биылдан ­бастап елімізде жаңадан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Дамыған елдердің үздік тәжірибесінен алынған бұл жүйе бірінші кезекте халық пен мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген. Жүйенің енгізілуіне орай облыста алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарды емханаға тіркеуге қою және өзектендіру басталды. Алайда, өзектендіру жұмыстары Шиелі ауданында әлі толық аяқталмай отыр. Бар болғаны қазір ­– ­80,1 пайыз. Осы бағытта жұмысты күшейту қажет, – деп тапсырма берді.Сонымен қатар жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық базасын кеңейту әкімдердің тікелей міндеті екенін атап айтты. Одан бөлек Қ.Ысқақов аудан көлемінде мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы аяқталса, биыл 77 отбасы баспаналы болатынын жеткізді.
Аймақ басшысы аудандағы ана мен бала өлімінің жоғары екені де алаңдататынын жасырмады. 2018 жылмен салыстырғанда бұл өткен жылы 20,7 пайызға артқан. Мұны медицина мамандарының біліксіздігінен болуы мүмкін деген Қ.Ысқақов:
– Біз адам өліміне, ана мен бала өліміне бей-жай қарай алмаймыз. Бүгінде мемлекет тарапынан медицина саласына көп көңіл бөлініп отыр. Дәрігерлердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. ҚР Конституциясында да «Біздің ең басты құндылық – адам өмірі мен оның денсаулығы» деп айтылған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қызылорда қалаларындағы медицина саласында қандай мүмкіндік жасалса, басқа елді мекендер мен аудандарда да дәл сондай мүмкіндік жасалған. Шиеліде 2019 жылы ана мен бала өлімінің ұлғаюына қарап, мүмкін медицина мамандарының біліктілігі төмен шығар деген ой туындап отыр, – деп аудан әкіміне олқылықты болдырмас үшін жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ мектеп оқушыларының қауіпсіздігі жайлы баяндаған облыс әкімі:
– Мемлекет басшысы балалар мен жасөспірімдер арасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өз-өзіне қол жұмсаудың және зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы шараларды күшейту жөнінде тапсырма берді. Біздің міндетіміз – балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Бүгінгі күні облыста 100-ден аса мектептің әжетханасы ғимарат сыртында орналасқан. Осыған орай Әшім Оразбекұлы, 2020 жылдың 1 тамызына дейін аудандағы 17 мектептің сыртындағы әжетхананы ғимарат ішіне көшіруіңіз қажет,­ ­­­­­­­­– ­­­­ ­деді­. Бұдан өзге келер оқу жылына дейін барлық балабақша мен мектепке бейнебақылау орнатуды тапсырды. Бұл бағытта бюджеттен 250 млн теңге қаржы да қаралған.
Сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша Шиелі ауданы облыста алдыңғы қатарда екенін атап өткен аймақ басшысы енді ауыл шаруашылығы саласындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, өңдеу саласын дамытып, экспорттық әлеуетті арттыру қажеттігін атап айтты. Жиын соңында аудан ақсақалдары қос әкімнің есебіне «бәрекелді» десіп, ақ батасын берді.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
01 ақпан 2020 ж. 469 0