Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарқанат. Ухань. Кие мен кесапат

Жарқанат. Ухань. Кие мен кесапат

Кәдімгі жарқанат жайлы әлем халықтары арасында неше түрлі аңыз бар. Ежелгі грек мифологиясы бойынша өлген адамдардың жаны мекендейтін жер асты патшалығының әміршісі Аидтің жұбайы Персефона осынау құс кейпінде жер бетіне шығады-мыс.

Енді бір халықтардың ежелгі таным-түсінігі бойынша ұйқыдағы адамдардың жаны жарқанат кейпінде көкті кезіп жүреді. Құстар туралы аңыз айтқанда 18 мың ғаламдағы тіршілік атаулының тілін білген Сүлеймен Пайғамбардың (с.ғ.с) оқиғасы әңгіменің тұздығы десек қателеспеспіз. Оқиға желісі бойынша жер жаһандағы тіршілік атаулыға әмірін жүргізген патша бір күндері құс атаулының жұмсақ жүнінен жастық жасауды қалап, әміршінің осынау қалауына сәйкес, аспан астындағы барлық құс өздеріндегі өсіп тұрған мамығынан бір талдап бермек болғанда, жомарттығына салған жарғанат жарықтық Сүлейменге бүкіл жүнін жұлып беріпті. Құстың бұл мәрттігіне риза болған Пайғамбар ақ адал пейілімен батасын берген екен. Міне, жарқанат жайлы осындай аңыздар легі оның киелілігін меңзеп ұзын-сонар жалғасып кете береді. Қазақ киесі бар тіршілік иесіне жапа шеккізбеген. Тиіспеген. Иә, кейінгі ғылым жарқанатты құстар санатынан ысырып, сүтқоректілер санатына жатқызғанымен бір кездері шыққан осынау аңыз әңгіме оның құстар сапында тұрып, Сүлейменнің жиынында бірге болғандығын баяндайды. Әлқиссаны осы жерден үзіп, әңгіменің негізгі ауанына тоқталсақ. Қайбір жылдары жарқанаттың ұясын іздеп, тау-тасты кезіп кеткен тентектердің ісі қоғамда біраз қызу тақырып, пікір-таласқа арқау болған еді. Табиғатында қарлығашқа ұқсап саздан ұя салмаса да немесе құрқылтайға ұқсап жүннен үйшік тоқымаса да осынау тіршілік иесінің ұясын іздегендер жұрттың жағасын ұстатқан-ды. Күн суыта ұйқыға кеткен бұл құстарды түртпектей оятып, қырып ала жаздағанымыз жайлы да жазылып, айтылып жатты. Сондағысы жарқанат ұясын ҚЫТАЙҒА сату. Пайдаға кенелу. Обал сауапты, кие, қасиетті ысырып қойып, оңайдан олжа табу. Жалғыз жарқанат емес, есектің терісін, киіктің мүйізін, құрқылтайдың ұясын, мия, сұңғыланың тамырын қопарып, шешек атқан көкті көктетпей құртып, жұлып, табиғат-анаға зиян келтіргендердің ісін қоғам әлі ұмыта қойған жоқ. Көпшіліктің көкейінде «Ойпырмай! Шекара асырып, аждаһа елге енді тағы нені сатамыз, нені құртамыз» – деген қоршаған ортаға, табиғат анаға, жан-жануарға, өсімдік-гүлге деген күпті көңіл, жауабы жоқ сұрау тұрды.
Сондағысы біздің жерге келіп, осынау келеңсіз істі бастап, жеті атамызда жоқ сойқанды жасап, есек сойып, ұя бұзып, тау-тас кезіп, тамыр жұлып жүрген бір қытайды көрмедік. Айтпаса сөздің атасы өледі. Кімнен жасырамыз? Сол ақшаға, байлыққа құнығып, обал мен сауапқа қолын бір-ақ сілтеп, көргенсіздік танытып жүргендер өзіміздің қаракөз бауырларымыз болғандығы қынжылтты. Елде жоқ жаман істі бастап, басына зауал төндіргендер жайлы аңыз-әіңгіме, қисса дастандар көп. Тіршілік атаулыға қиянат жасағанға бір зобалаңның келетіні шындық. Бүгін әлемді қытайдың Ухань қаласында пайда болған «ТӘЖІ ВИРУСЫ» атты індет алаңдатып отыр. Аждаһа елі халқының қалың ортасында орналасқан 11 миллионнан астам тұрғыны бар қаладан шыққан аурудың түп төркінін ғалымдар ЖАРҚАНАТ етін жегеннен пайда болған деп тұжырымдауда. «Киенің кепиеті ұрмасын» дейді қазақ. Бұл табалағандық емес. Алла індеттің бетін әрі қылсын. Дегенмен ойлы адамға бұның өзі біраз дүниенің бетін ашса керек. Ойлы оқырманның есінде болар, бала кезімізде үлкендер жарқанатқа жоламауды айтып қорқытып отырушы еді ғой. «Жарқанат басыңа сисе, бетің сепкіл болады, қаны тамса, құрисың, көрсең қаш!» деп зәре-құтымызды ұшыратын. Бұндай тыйым, шектеудің барлығының түбінде бір шындықтың, себептің жататынын халқымыз біліп өткен. Ал біз не істедік? Жарқанаттың ізіне түстік. Жалпы не болса соны жеп, ішіп, арам мен адалды айыра білмеудің соңы апат болса керек. Әрине, әлем желідегі жұрт аузында желдей ескен пікірлердің, тұжырымдардың қарасы қалың. Біреулер бұл індетті қолдан жасаған вирус-бизнес десе, енді бірі құпия қару деп топшылайды. Кім не десе о десін. Жұрт аузына қақпақ болмақ мақсат емес. Дегенмен Қытай үкіметі өткізген қауіпсіздік кеңесінде аждаһа елінің төрағасы Си Цзиньпин бұл індеттен елдің қиын жағдайда қалғанын айтты. 56 миллион халқы бар Хубэи провинциясының орталығы Ухань қаласында 11 миллионнан астам халық тұрады. Айтылған қала мен қатар тағы да бірнеше қала карантинде. Әлеуеті жоғары, экономикасы мықты, технологиясы жетілген, медицинасы дамыған елдің өзі бұл індеттен айтарлықтай алаңдап, тығырыққа тіреліп отырғанын ескермеске болмайды. Сондықтан тектік, гендік құрылымның жадысына жат әрекеттер жасап, тағам мен сусындарды тұтыну ұлт денсаулығына, психологиясына кері әсерін тигізетіндігін, содан иммунитет әлсіреп, халықтың қоршаған ортаға бейімделуі мен ауру-сырқауға төзімділігінің төмендейтіндігін, әлсірейтіндігін естен шығармауымыз қажет. Лажы болса дәстүр мен салтқа, сенім мен нанымға, қалыптасқан мыңдаған жылдық өмір сүру дағдысы арқылы дараланған таным мен түсінікке жат әрекеттерден аулақ жүрген абзал. Есек сойып, ұя бұзып, көкті жұлу жақсылыққа апармайтынын білген дұрыс. Үйде ата-ана, мектепте мұғалім, мешітте имам, той-томалақ, өлім-жітімде үлкендер жағы обал мен сауаптың, жақсы мен жаманның ара-жігі жайлы жиі уағыз-насихат айтса дейміз.
Өткен заман адамдары табиғаттағы әр жаратылыстың жаратушы жазған өзіндік миссиясы бар екенін біліп өткен. Соған сай әрекет еткен. Обал мен сауапты айыра білген. Тіршілік иесіне негізсіз жапа шектірмеген. Ал бүгінгі сіз бен біз ше?
Сөз соңында тұздық ретінде осынау бір адам денесін түршіктірер мәліметті көпшіліктің назарына ұсынбасқа болмады. Оңтүстік Америка құрлығында Боливия дейтін ел бар. Ресми атауы Көпұлтты Боливия Республикасы. Бір кездері испандық конкистадорлардың отары болған. Ұлт негізгі ұйытқысынан ажыраған. Салты мен дәстүрі, ырымы мен тыйымы жұрт жадынан жоғалған. Халқының 93 пайызы сауатты болса да кейбір тайпалары өлген адамдарының мәйітін көмбей орман арасындағы ашық алаңқайға әдейі тастап қояды екен. Сондағысы шет елден келген туристтерге мәйіттерді көрсетіп, ақша табу. Рухани құндылықты ысырып қойып, материалдық құндылықты алдыға шығарып, осыншалықты адами қасиетке жат әрекеттерге барып отырған жұрттың жады неден жойылды? Бұл қасірет ырым мен тыйым, обал мен сауапты ұмытқан халықтың «әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқтығынан» болса керек. «Қожасыз елдің әдеті құзға құлар» дегенді естен шығармайық.

Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ
28 қаңтар 2020 ж. 1 867 0